Алтын асық қалмасын айдалада …

Қазіргі таңда компьютер, гаджеттердің зиянынан балаңызды алыстатқыңыз келсе, ұлттық ойындар – асық ойынын ойнауға үйретіңіз. Бұл ойынның балаңызға ұнайтыны анық. Асық ойыны баланың жетілуіне, ой-санасының дамуына, ептілігіне мол үлес қосады. Әсіресе баланың биологиялық дамуы үшін аса пайдалы. Ойын арқылы бұлшық еттерін ширатып, дамытып қана қоймай, қырағылыққа, тез шешім қабылдауға, санауға, топтауға үйретеді. Сонымен қатар, көздің көруін жақсартып, жанарын жетілдіреді. Асық иіріп лақтырған уақытта баланың ұсақ моторикасы дамиды.

Саусақтағы ұсақ моториканың дамуы ол – мидың дамуы деген сөз. Ұлттық ойын түрлері қашан да қамқорлықты, оған асқан жауапкершілікпен қарауды қажет етеді. Біздің білім ордасындағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері бірнеше жылдан бері оқушыларға ұлттық ойынды дәріптеп, одан әрі дамытуға атсалысып жүр. Оқушылардың ұлттық ойын түрлерінен білімін тереңдетіп, толықтыру мақсатында «Асық» үйірмесі құрылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шәкірттерді ұлттық ойынға дендеп үйретуде. Үйірмеге қазіргі кезде елуге тарта оқушы жүйелі түрде қатысып жүр.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап 1-сынып оқушыларына «Алтын ұрпақ» жобасы аясында аптасына бір рет «Асық» ойыны дене шынықтыру сабағы ретінде жүргізіліп келеді. Бойында қазақ деген қаны бар әрбір қазақ баласына асық ойыны өте қатты ұнауда. Оны уақыт өткен сайын үйірмеге балалардың көптеп келіп тіркелуінен байқауға болады. Ұлттық ойынның дамуына мектеп басшысы Казиева Марал Кадикеновнаның да қосып жатқан үлесі мол. Басшының қолдауымен мектебімізде «Ұлттық ойын» бұрышы да ашылды. Оқушылар бос уақыттарында емін-еркін асық ойнауға мүмкіндік алып отыр.

Мектеп оқушыларымен қатар ата-аналар да ұлттық ойынға аса қызығушылық танытқандарын айтуда. Аталмыш жобаны жүйелі жүргізу үшін жыл сайын жоспарлы түрде ұлттық ойынды насихаттауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Асық ойынын дамытуда жас маман Ақтілеуов Оралбек Қожахметұлының сіңірген еңбегі зор. Үйірмедегі ер балаларға асық ату ойынының ерекшеліктерін меңгертіп, іскерлігін танытуда. 5-6 сынып оқушылары арасында өткен жарыста балаларымыз қалалық сайыстарда жеңіске жеңіп, республикалық жарыста жүлделі үшінші орынды иеленді.

«Ұлттық ойындар – асыл мұрамыз» турнирі шеңберінде өткен қалалық «Бес тас» жарысында екінші, ашық турнирде үшінші орынды жеңіп алдық. Қала әкімдігінің «Шығыс» балалар мен жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен қалалық мектеп лигасы шеңберінде 7-8 сынып оқушылары арасында «Бес асық» ойынынан өткен ақтық жарыста, сондай-ақ 2006-2008 жылғы жасөспірімдер арасындағы қалалық ашық чемпионатта жүлделі екінші орындарға ие болдық. 5-6 сыныптар арасында «Асық атудан» өткен жарыста алғашқы саптан көрініп, Түркістан қаласына республикалық жарысқа жолдама алдық.

Асық атудан «Спорт күні» мерекесіне орай қала тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлерінің бірі – асық ату ойыны бойынша онлайн форматта өткен жарыста мектеп-лицей командасы жүлделі І, ІІ орынды иеленді. Асық атудан 5-6 сыныптар арасында республикалық ұлттық мектеп лигаларының қашықтан өткен жарысында мектеп-лицей командасы ІІІ орынды, 2011-2013 жылғы жасөспірімдер арасында құрама командасын іріктеуге арналған ашық турнирде мектеп-лицей командасы тұңғыштар сапынан табылдық. Бала тәрбиесіне асқан ыждағаттылықпен көңіл бөлген халқымыз балғындарды бестас ойынына да ерте баулған. 

Бестас ойынында бала саусақтарының қимылдауы арқылы он екі мүшесі қозғалысқа түсіп, қан айналымы мен тыныс алу мүшелерінің жұмысы жақсарады. Бұған қоса аяқ-қолдың қимылы жақсарып, денсаулыққа көп пайдасын тигiзедi. Бала жылдамдыққа, ептілікке, дәл тигізуге, тез ойлауға машықтанады. Жалпы алғанда, ұлттық ойын түрлерін оқыту жайы, оған жастай баулып, тәрбиелеу ісі баршамызға ежелден бері атадан балаға жалғасып келе жатқан асыл мұрамызды келер ұрпаққа аманат ету міндетін жүктейді.

Қанат Спандиярұлы СПАНОВ,
Шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәни атындағы
№85 мектеп-лицейдің дене шынықтыру
пәнінің мұғалімі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий