Жастардың мінез – құлықтары бойынша психологиялық қызметтің мәні

«Суицид – тығырықтан шығар жол емес», – деген тұрақты тіркесті қаншалықты жиі  естісек те, оның  эффективтілігі практикада жылдан жылға азайғаны айдан анық. Психологиялық қызметтің ең өзекті де маңыздылығы – суицидке бейім балаларды дер кезінде анықтап, алғашқы психологиялық көмекті көрсету.  Алайда, осы түйткілді мәселені шешуге жаңа ғасырдағы педагог-психолог құзіретті ме, қауқарлы ма деген сұрақ бірінші туындайды.

Әрине, әрбір ата-ананың жаны –  оның баласы. «Бала үшін жан пида» деген ата-ана үшін баласының тек физиологиялық денсаулығы емес, психологиялық денсаулығы да маңызды рөл атқарады. Осы ретте, физиологиялық денсаулық пен психологиялық саулықтың бір-бірінсіз толыққанды функционалдығы мүмкін еместігі ақиқат. Физиологиялық денсаулықты бала өмірге келген күннен бастап, ол үшін алғашқы уақытта анасы атқаратыны белгілі: Аабрахам Маслоудың «Қажеттіліктер пирамидасы» бойынша базалық қажеттіліктерін қанағаттандырумен байланысты, ұйқының қанық болуы, организмнің қажетті азықпен қамтамасыз етілуі, өмір сүруіне қолайлы ортаның болуы, қауіпсіздігі.

Ал психологиялық денсаулықтың деңгейін анықтаушы қажетті құрал-жабдықтармен ата-ана қамтамасыз етілген бе? Себебі, психологияның дамуына, оның ішінде психоанализдің пайда болып, дамуына себепші болған Зигмунд Фрейд бойынша, өмірге келген сәбидің алғашқы даму сатысы – оральдық деп аталады. Бұл сатыда ана мен бала арасында көзге көрінбейтін, ерекше психологиялық байланысы, яғни эмоционалдық деңгейдегі байланыс пайда болады. Келесі даму сатысы, анальдық және фалликалық, 6-7 жас шамасына дейін созылады.

Яғни бала, өзінің физиологиялық ерекшеліктеріне мән беріп, өзінің жеке адам екенін зерттей бастайды. Мектеп табалдырығын аттаған соң, жасырын іс-әрекеттер, жасырын мінез-құлық танытуға бейім болады екен – бұл латентті (жасырын) кезең. Мектепте алған әсерімен, қарым-қатынасымен, мұғалімдері мен достары туралы жасырмай айтуға оның мектепке дейінгі кезеңдегі психологиялық денсаулығы әсер ететіні анық. Сонымен, бала үшін ең алғашқы психологиялық денсаулықты қалыптастыратын – ата-анасы. Статистикаға сүйенсек, қазіргі ата-аналардың орташа жас шамасы 30-40 жас аралығын қамтиды.

Ендеше, бұл ата-аналар психологиялық қажетті функционалды сауаттылықтарын қаншалықты жеткілікті дәрежеде қамтамасыз еткен? Мектепте психологиялық қызметтің дамуы мен іске асырылуы соңғы жиырма жыл уақыттан артық емес екенін есепке алсақ, қазіргі ата-аналарға өз кезегінде «психологиялық сүйемелдеу» жетіспегенін байқауға болады. Ендеше, мектеп оқушылары үшін психологиялық денсаулықтарын сақтау мен қалыптастыру, дамыту үшін мектеп педагог-психологтары таптырмас «жедел жәрдем» екенін анықтаймыз.

Осы орайда, біздің аудан педагог-психологтарының үздіксіз кәсіби шеберлігін дамыту мен кәсіби құзіреттілігін арттыруда озық технологияларды шебер пайдалануда. Жалпы педагогикалық өзекті мәселелер бойынша аудандық іс-шаралар жоспарына сай, аудан психологтарының өзара іс-тәжірбие алмасу мақсатында семинарлар ұйымдастырылып, өткізіліп отырды. Атап айтар болсақ «Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарымен жүргізілетін түзету-дамыту жұмыстары» /аудандық семинар/, «ҰБТ-ға психологиялық дайындық»  /шеберлік сынып.

«11 сынып оқушыларымен кәсіби өз-өзін анықтауға бағытталған дамыту жұмыстары» /семинар практикум/, «Ерекше қажеттілігі бар оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау» мектеп психологтарымен /Шебер сынып/, «Дарынды балалармен психологиялық-диагностикалық жұмыс», «Жасөспірім тұлғасының дамуындағы педаг – психологтың рөлі». /Семинар тренинг/, «Мектептегі психологиялық қызметте ата-аналармен жұмысты тиімді ұйымдастыру әдістерін жүйелеу мен тарату». – балалар мен ата-ана қарым-қатынастарын оңтайландыру тақырыбында іс-шаралар.  

Қашықтан оқыту жағдайында да, оңтайлы шешім қабылдап, қашықтықтан да психологиялық сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде. Мектеп психологтарына қашықтықтан оқыту барысында интернет желісін тиімді пайдалануға кеңес беру, өзара тәжірибе алмасу мақсатында Т.Бокин атындағы № 41 орта мектебі психологиялық қызметінің 2019-2020 оқу жылы ІV тоқсан бойынша жұмыс жоспарымен таныстырды. Әр-түрлі платформалардың тиімділігі туралы айтылды.

Психологиялық диагностикалық бағытта  telegram, whatsapp,  google форма  арқылы оқушылардың психологиялық жай-күйін қадағалау, психологиялық профилактика бағытында аудан психологтары ата-аналармен «Психологиялық денсаулық», «Жанұяда зорлық-зомбылық болмасын», «Буллинг және киббербуллинг» интернеттегі зорлық-зомбылықтан сақтану жайлы, «Эмоцияны қалай басқаруға болады?» және тағы да басқа актуалды тақырыптар аясында инстаграм желісінде тікелей эфир, ZOOM арқылы вебинарлар өткізді.

Психологиялық түзету-дамыту бағытында «Бала сезімінің қыры мен сыры»,  «Әлемнің  сегізінші кереметі ол-Сен!», «Отбасым-бақыт мекені», «Психогигиена – психологиялық денсаулық кепілі», «Эмоция және ерік», «Менің эмоцияларым», «Күйзелістен арылу жаттығулары»,  «Стресстің алдын алу» және басқа да тақырытарда тренингтер мен ойын-жаттығулар жүргізілді. Психологиялық кеңес беру бағытында   «Өтпелі  кезеңде  бала  не үшін, неге қарсы  күреседі?», «Психологиялық денсаулығымыз жайында әңгімелесейік» тақырыбында ағарту- кеңес беру, «Жетістікке жету жолдары» тақырыбында  асинхронды  психологиялық  кеңестер  берілді.

Әлеуметтік-диспетчерлік бағытта қашықтан оқытуға байланысты «Сенім телефоны» қызметі арқылы оқушылар арасында жәбір көру фактілерін анықтау, оқыс оқиғалар кезінде  оқушыларға сенім телефонының номерлері ретінде психологтар өз визиттік карталарын әзірлеп, оқушылар мен ата-аналар тобына жіберіп,  өз талап-тілектері, жан дүниесін мазалап жүрген сұрақтары болса телефон шалулары туралы насихаттау жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде туындаған қиыншылықтар мен кедергілерді ескере отырып шығармашыл, тәжірбиелі педагог-психологтарынан аудандық «Психологтар ассоциациясы» құрылды.

Ассоциация құрамы: Б. Маканова; О.Темирбекова; Г. Егізбаева; А. Омарова; А.Музафарова. Ассоциацияның мақсаты: аудан мектептеріндегі психологиялық қызметті жандандыру үшін уақытылы әдістемелік көмек көрсету, мамандардың кәсіби шеберлігін, құзырлылығын, мәртебесін арттыру алуан түрлі шаралар ұйымдастырып өткізу. Іле ауданық білім бөлімінің психологтар ассоциациясының 2020 – 2021 оқу жылына арналған жұмыс  жоспары құрылып, бекітілді.  Жоспар бойынша ассоциация мүшелері тағайындалып, төмендегідей жұмыстар атқарылуда.

Жас психологтарға (мамандарға) тәлімгерлер тағайындалып, кәсіби өзара қолдау көрсету жұмыстары жолға қойылды; психологиялық қызметтегі  бағыттарды бір жүйеге келтіру мақсатында zoom платформасы арқылы жоспарлы вебинарлар өткізілді; баспа беттерінде, мақала жариялап отыру, сайтқа материалдар жүктеу жұмыстарын бақылау; психологиялық қызметтегі инновациялық әдіс-тәсілдер; авторлық бағдарлама, ғылыми жоба жұмыстарының мазмұндық құрылымы, тұжырымдамасы және түсіндерме жұмыстары жүргізілді; аудандық педагог-психологтардың You Tube және Telegram каналы ашылып, психологтарға қажетті ресурстармен қамтамасыз етілді.

Телеграм каналы арқылы  психологиялық қызметтің қай бағытында қиындықтар бар екені анықталды: психодиагностикалық бағытта – 13%; психопрофилактикалық бағытта- 13%; психокоррекциялық бағытта – 41%; психоконсультациялық бағытта  – 13%; әлеуметтік-диспетчерлік бағытта – 20% педагог-психологтар қажет ететіндерін жеткізді. Әрбір педагог-психологты кәсіби сүйемелдей отырып, тағайындалған тәлімгерлер жас мамандарға әдістемелік көмектерін көрсетті, өзара тәжірибе алмасу вебинарлары өткізілді және бұл жұмыс жалғасын табуда.

Іле аудандық педагог-психологтарының балалар мен жасөспірімдер арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бағытында дайындаған бағдарламалары тиімді екені өзара тәжірибе барысында көрсетті. Оның ішінде:  «ҰБТ-ға  оқушыларды дайындаудың тиімді  әдістері мен тәсілдері», «Жасөспірімдердің аддиктивті мінезі мен құлқында ауытқушылықтардың алдын алу», «Оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға психологиялық түзету-дамыту жұмыстарының әсері» бар.

«Девиантты мінез-құлықтың алдын алуда жасөспірімдерге арналған психологиялық тренингтер», «Оқушылардың кәсіби құзіреттілігін қалыптастыру», «Кәсіби өзін-өзі анықтауға бағытталған дамыту бағдарламасы» 9-11 сынып оқушыларына арналған әдістемелік құралдары психологиялық қызметте оң нәтиже беруде. Психологиялық қызметтің «қиындықтарын» үнемі сауалнама алу арқылы анықтап, шешімін табу жұмыстары жолға қойылып отыр. Психодиагностикалық және психокоррекциялық бағыттағы қиындықтарды жою мақсатында Іле ауданы педагог-психологтарына арналған «Genesis Verae» психотерапиялық курсы арқылы балалар мен жасөспірімдерге арналған, ата-аналар мен мұғалімдерге де, жалпы  барлық адамдарға (4 жас пен 65 жас арасында) әмбебап психотехнологиялық әдіс-тәсілдері барлық психологиялық проблемаларды шешуге бағытталғандығы қуантты.

Әрбір адамдардың бойындағы психологиялық проблемалардың туындауы отбасында, әсіресе балалық шақта, мектепке дейінгі кезеңде пайда болып, үлкен комплекстардың есейген шағында тууына себепші болады. Алғаш рет комплекстар туралы З.Фрейд бейсаналық туралы зерттеулерінде, оның ішінде  көбінесе «Эдипов» комплексі туралы қарастырған еді. Кейін оның  ізбасары К.Г.Юнг комплекстарды(Complexus – «тоқылған, кешенді», психикалық өзгерістердің жиынтығы) толығырақ зерттеп, жазған еді.

Комплекстардың жиынтығы адамның толыққанды өмір сүруіне, негізгі орта білімді игеру кезінде «үлгерімі төмен» оқушы, «үздік оқушы» комплексі (перфекционист), өз-өзіне қанағаттанбау, көңілі толмаудан туындаған «кемшілік» комплексі (комплекс неполнеценности), өзгелерден өзін асыра бағалау немесе үнемі салыстыру, өзін төмен,жоғары бағалау, мақтаншақтық комплексі, жауластық комплекстарын және сол сияқты үнемі тұлғаішілік конфликтілерді сезінуден тұрады. «Genesis Verae» психотехнологиялық курсы арқылы «Жанұя» қоғамдық қолдау орталығының қолдауымен Іле ауданының 7-11 сынып оқушылары  желтоқсан айында психологиялық диагностикадан өткізілді.

Психологиялық диагностика нәтижесі бойынша анық, нақты (қызыл зона) суицидальді мінез-құлқы көрінген және жасырын (сары зона), латентті суицидальді мінез-құлқы бар балалар анықталды. Индивидуалды психологиялық консультация барысында қызыл және сары зонадағы оқушылардың бойында суицидальді мінез-құлықтың бар екені тағы да нақтыланды. Яғни, қолданылған психодиагностикалық тест өзінің мектеп оқушыларына «валидті» екенін дәлелдеді. «Genesis Verae» психотехнологиясы арқылы әрбір оқушымен психотерапиялық индивидуалды сессиялар ұзақтығы 30 минуттан үш сағатқа дейінгі аралықта мектеп психологтарымен жүргізілді.

Мектеп психологтарының жүйелі, эффективті психологиялық терапиясының нәтижесінде оқушылардың бойындағы психологиялық  комплекстардың алғаш рет «пайда болу ошағы» жойылды және оқушылардың бойында ешқандай сенімсіздік пен мазасыздық енді жоқ, ұйқысы тыныш екені анықталды. Оқушылардың мектеп психологтарына берген кері байланысы негізінде және балалардың көңіл-күйіндегі жағымды өзгерістерді есепке ала отырып, психотоерапиялық сессия өз нәтижесіне сәтті жетті деуге болады.

Бұл технологияның эффективтілігі адам миының оң жақ жартышарына, яғни эмоциясына әсер ете отырып, нейрофизиологиялық доминантасының негативті әсері толық жойылады. Нәтижесінде адам өзін өмірге қайта келгендей, жеңіл, тәуелсіз, өмірге құштарлығы күшейгенін сезінеді. Осы пайда болған психологиялық ахуалды тек жағымды эмоцияларымен толтыру арқылы адамға кез келген қиындықтарды жеңуіне позитивті ресурстармен қамтамасыз етеді.

Төмендегі мектеп оқушылары мен педагог-психологтардың жүргізген жұмыстарының нәтижесі көрсетілген. Бұл алғашқы психотерапиялық сессияның нәтижесі ғана. Егер үнемі оқушылардың психологиялық денсаулықтарын сақтауда сауаттылықтарын арттыратын болса, суицидтік мінез-құлықтың білім алушылар арасында азаяры хақ екеніне сенімдімін. Психологиялық қызмет шаралары балалар мен жасөспірімдердің, жеткіншектердің психикалық және психологиялық тұрғыда толыққанды жеке адам болып қалыптасуына көмектеседі.

Әрі олардың қабілеттік деңгейлерін, бейімділігін, шығармашылығын, таным үрдістерінің даму деңгейін, жас ерекшеліктеріне байланысты даму кезеңдеріндегі кездесетін қиындықтардың алдын алуға, мұғалім қолына жеке тұлғаның мүмкіндігі туралы құнды деректер береді. Адамды байқағыштық пен байсалдылыққа, зейінділік пен зеректікке, тапқырлық пен алғырлыққа, ойлампаздыққа баулып, тәрбиелеп, бағыттайтын да осы психологиялық қызметтің негізгі мақсаты мен міндеті болып табылады.

Бакытгул Турлыбековна МАКАНОВА,
Алматы облысының Іле ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий