Цифрлы кеңістік: Білімнің еңбек нарығымен сабақтастығы

Әлемдік экономикадағы соңғы өзгерістер біршама жаңа факторларды, оның ішінде макроэкономикалық, интеграциялық үрдістерді оңтайландыратын тың тетіктерді қалыптастыруда. Оларды қамтитын қазіргі жаңа нарық түрі –  цифрлық нарықтың бекем түрде қалыптасуы фиаттық ақшасыз ғаламдық сату кеңістігін, цифрлық меншікті, цифрлық қаражатты қалыптастырды. Қолданыстағы электрондық бизнестің G2В, B2С, G2C және тағы да басқа модельдерінің арасынан P2P сипатындағы модель ерекше орын алды.

Цифрлық нарықтағы осындай құбылыстар еңбек нарығындағы сұранысқа да  жаңаша талаптар қоя бастады.  Нақтырақ айтқанда, табыстың жаңа көздерін әкелу мақсатында экономика салаларына Smart технологияларды мен цифрлық сервистерді енгізу,  IoT технологиясын қолдану, электрондық бизнесті дамыту, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді шараларды  ендіру өзектілікке айналды. Жұмыс берушілер тарапынан цифрлық жабдықтарды, бағдарламалық жасақтаманы, желілерді басқаруға және басқа да мәселелерді шешуге көмектесетін және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін IT мамандарға сұраныс та артуда.

Олардың қатарына: виртуалды дизайнер, лингвоэксперт, виртуалды сәулетші, желілік заңгер, нейрондық интерфейс дизайнері, АТ  аудитор, цифрлық лингвист, big data моделін жасаушы, Котлин бағдарламашысы, биоинформатик, нейрондық интерфейс жасаушы, 3D-Дженералист, QA инженері сынды жаңа мамандықтар ене бастады. Цифрландыру үрдісінің ықпалымен еңбек нарығында әмбебап IT мамандарға сұраныс артып, оларды даярлау қажеттілігі артты.

Болашақ мамандарға арналған білім беру бағдарламаларының мазмұны да түлектердің дағдыларын Цифрлық Қазақстан бағдарламасында көрсетілгенде, «ең алдымен ақпаратты талдау дағдылары мен креативті ойлаудың дамуына екпін қойып, цифрлық экономиканың қажеттіліктеріне жауап беретін болады», – деген тапсырмаға сай жасалуы тиіс. Отандық білім беру кеңістігіне де цифрлық сипаттағы контекстті қамтудың қажеттілігін көрсетеді.

Қазіргі цифрлық нарыққа бағытталған IT мамандарға қойылатын талаптарға олардың: талдамалық, тәуекелділік, тосын шешім қабылдау дағдылары, жобаларды басқару, веб-платформаларды әзірлеу бағдарламалық жасақтамасын өңдеу мен серверлер мен желілік талдау қабілеттіліктері жататындықтан, ол да осы саладағы білім беру бағдарламаларында көрініс табуы қажеттілікке айналды. Нарық талаптарына сәйкес құзіреттіліктерді қалыптастыратын қажетті құжат – жұмыс берушілермен бірлесіп жасалатын білім беру бағдарламалары.

Бағдарламаның жаңашылдығы, құндылығы, қолданбалы сипаты әрбір жоғары оқу орыны үшін маңызды. Игілікті шараларды қазіргі кезде белсенділікпен жүзеге  асыруға мүмкіндік беріп жүрген білім беру бағдарламаларының қатарында біздің жоғары оқу орнындағы ақпараттық жүйелер кафедрасында оқылатын білім беру бағдарламаларын атап айтуға болады. Бұл бағдарламалардың санатында – ақпараттық жүйелер, өндірістік ақпарат жүйелері, Research and development, жасанды интелектісі бар жоғарғы жүктелген ақпараттық жүйелер, бағдарламалық жобаларды басқару, есептеуіш лингвистика, ақпараттық қауіпсіздік жүйелері бар.

Студенттер деректерді басқару, терең оқыту, машиналық оқыту, ақпараттық технологиялар аудиті, жасанды интеллект, бұлттық технологиялар, желілерді және серверді басқару, нейрондық желілер модельдері мен әдістері, бизнес-талдау, компьютерлік графика, машиналық аударма технологиясы, желілік қауіпсіздік, криптоталдау және тағы да басқа салалар туралы білімдерді меңгереді. Университет деңгейіндегі бұл білім беру бағдарламаларының мазмұны еліміздің салалық бағыттағы тапсырмаларды жүзеге асыруды және цифрлық нарықтағы тапшылықты реттеуді көздейді.

Білім нарығы (жоғары оқу орны мен білім алушы қатынасындағы тауар – білім), еңбек нарығымен (жұмыс берушімен бітіруші түлек қатынасындағы тауар – біліктілік)  байланыса отырып, цифрлық нарықтың (цифрлық объект өкілдері мен цифрлық тұтынушы қатынасындағы тауар – цифрлық тауарлар мен қызмет көрсетулер) сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.

Қарлығаш Советовна БАЙШОЛАНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің  ақпараттық
технологиялар факультетіндегі ақпараттық
жүйелер кафедрасының э.ғ.д, профессор м.а,
Қазила Ерикенович КУБАЕВ, э.ғ.д., профессор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий