Талғамсыз тұлға болмас

Әр адам: болмыс бен бітімнен тұратыны аян. Шартты түрде болмысты – оның жан-дүниесі десек, ал бітім, әлбетте – дене мүшелері. Біздің назарға алмақ болғанымыз, бір-бірінен кем түспейтін қос жаралыстың ішіндегі ең бір күрделісі, ну жынысты орман тәрізді әлі күнге құпиясы ашыла қоймаған сала – адам жан-дүниесі. Қазіргі кезде адам интеллектісін сатыға бөлу қалыптасқаны мәлім: ең төменгісі – жан-жануарға тән инстинктік дәреже, бұнда: қарынтоқтығы, ұйқы және тұқым тарату ғана; келесісі өмір сүру үшін азда болса жағдай жасағанды қалайды: үй-жай, мал-жан асырау деген сияқты, одан ары: өмір кешкен ортасында танылу, ал соңғысы – осы пендешілік құндылықтардан бас тартып, әлемдік деңгейде ой тербеп, іс-әрекет қыла алатын тұлғаға айналу.

Бұның бәрін неге тізбектеп отыр деген сауал тууы мүмкін. Адам баласы – Табиғаттың аса бір шытырманды жаралысы! Атеистік ұғымнан шеттегелі бір Ұлы Жаратушы барына кәміл сеніп, әр пенденің Ақырет күні алдынан шығатын жауапкершіліктің боларын мойындай бастадық. Осы орайда «Өзін өзі тану» дегенді күллі адамзат тарихына орта жолдан қосылған әр пенденің бүгінгі болмысын ашу деп қарамаған жөн секілді. Тарих атты үлкен ғылым бар, сол сияқты әр индивидтің түп-тамыры, ата-бабасы, бастапқы таралу көзі бар.

Ол миллиондаған жылдарды артқа тастап, бүгінгі сипатқа ие болған сол – кешегіміз. Біз өзімізді сол өткен кешегіні толық білмей дәл таныдық айту қателік болар. Психология ғылымында да адам психикасын шартты түрде бірнеше тармаққа бөледі. Ал іс жүзінде біреу – холерик немесе сангвиник, меланхолик болып сіресіп қалмайды. Бұл қасиеттердің барлығы араласып, табиғи түрде жарасым тауып, бармақ ізі секілді қайталанбас – мінез-құлыққа айналып жатады. Әрине, соның ішінде қайсысы доминант болса, оның түр-сипаты мен іс-қимылы сырт көзге «ол анадай» дегендей ұрып та тұруы мүмкін.

Осыдан барып ол туралы жұрт арасында жағымды яки жағымсыз көзқарас қалыптасады. Ал соның Иесі немесе Егесі оны білмейтін де, аңғармайтын да шығар… Адам өзін өзі тануға талпынарда алдымен төңірегін тануға ұмтылыс жасауы тиіс сияқты. Өзінің ортасын, демек: ата-анасы, туысы, дос-жаранын тіпті жанды-жансыз төңірекке зер салып, оның жаралу себебін білуге ынтыққан жөн бе екен. Неге десеңіз, осы дүниеге келген әр адам баласы мына барды тұңғыш рет көріп тұр ғой. Оның әр келесі сәті де беймәлім, кешегісі мен қазірі ғана бар, ал ертең деген бұлдыр бірдеңе сияқты. Сол ертеңді бүгінге айналдыратын әрекет қылу екінің-бірінің қолынан келе бермейді.

Лидер немесе Көшбасшы болу да баршаға тән емес, көбісі ағыспен жылжып, ақтық сәті жеткенде «арманда» кетіп жатады. Өкінішке қарай қайталанбас өмірдің әр мүмкіндігін пайдалануға құлқымыз да болмайды. Ал лидерлік қасиет осындайға жетелейтін бір де бір ықпалды күш. Оны сонымен қатар өзін өзі тануға бет алыс деп санауға да болады. Мысалы, ит өзінің ит екенін мақұлық болғандығынан білмеуі мүмкін, сол сияқты кей пенде де өзінің кім екенін біле бермейді. Жоғарыда айтқандай әркімнің сырт көз арқылы қалыптасқан сипаты бар.

Итті көрсең: ол қабады, үреді, қориды, қожасына адал, ақыр аяғында Жеті қазынаның бірі деген топшыға тоқтаймыз. Ал «иттігі» басым адамды жағымды суреттей алмассың. Сосынғы бір қызығы, ол өзін «итпін» деп ешқашан да мойындамайды. Бұл – күн мен түн, жақсы мен жаман, ақ пен қара тәрізді антогонистікті аңғартады. Сана биігі тек адамзатқа ғана тән деп бекіттік. Құрт-құмырсқа да өз «санасымен» ғұмыр кешеді. Бір ғажабы олар – сонау жаратылғалы бойына сіңген қасиеттен бір сәт ажырап көрмегені. Олармен салыстырғанда адамзат санасы талай төңкеріске ұшырады.

Өзін өзі тану процессі шыңдалып, неше мың жылдық тәжірибемен толыға келіп, өзінің шырқау биігіне жақын қалды ма деп қауіптенесің! Себебі, жүйке мен сезім аса бір жылдамдықпен жіңішкеріп бара жатқандай… Мысал ретінде – сүйіспеншілік деген бір ғана қасиет немесе құндылықты алып көрелік. Осы бір атауға қаншалықты сезім түйдегі сиып жатқанын көзге елестету де қиын! Бұндағы ең басты саналатын Өмірге деген ынтызарлықты талдау орынды сияқты. Өмірге құштарлық – тек тірі жүруге ғана бағышталған тырбаныс емес, осы әлемді барша барымен тұтастай қабылдау және соның бөзіндік ерекшелігі бар бір дара түйіріне айнала алу ма деп ойлаймын.

Сүйіспеншіліктен тек мейірім мен береке ғана төлдемейді, одан өзімшілдік деген кереғарлық та тууы ғажап емес. Өзін өзі тану – өзін өзі сүюге келмейді. Бірақ өзін қадірлемегеннен тәуір нәрсе күту де жаңсақтық. Өзін сүйе тұра, өзгені де өзіндей көре алу – алдырмас мұраттың биігі сынды! Бір сөзбен айтқанда бұны Болмыс тану деп айдарласа да болғандай. Адам мінезімен көркем екенін баршамыз білеміз. Әр адамды жанған шыраққа теңеуге болады. Шырақ түбіне жарық түспейді деп жатады. Ал тәрбие мен ұлағат орынды, уақытылы дарыса, өскелең ұрпақтың ой-санасы да тиісті дәрежеде дамып, өзгені тану арқылы, өзінің ішкі жан дүниесіне де үңілу білу қабілетіне ие болмақ.

Соңғы кезде: «Менің Құдайым ішімде», –  деген қанаттылау теңеу пайда болды. Бұл да бір жақсылықтың нышаны болар! Болмыс қалану үшін негіз қажет. Ол тәрбие мен өнеге. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» деп бекер айтпаған. Бүгінгі қоғамда, қасиет пен құндылық адам болмысынан шығып кетіп, материалдық сипатқа ие болған сынды. Адамды бағалау мен сынау оның тұрмыстық, әлеуметтік деңгейіне қарап жасалынатын болды. Ал ішкі жан-дүниенің ізгілігі есепке алынбайды. Ақыл мен сана билік құратын дүниені «Асақазан миы» жаулап алды.

Бүгінгі таңда өзін өзі танимын деп жүргеннің көбісі – бейшара, бейбақ екенін білсе, қандай кепке жолығамыз?! Сондықтан әр адамның толық болып қалыптасуына жан-жақты жағдай жасалуы тиіс. Оның бойындағы қабілетін ашып, жасампаздық жігерін ояту үшін, ешкімнен кем түспейтін теңдікті бере алуымыз керек. Адамзаттың өзін – адам және пенде деп бөлу бар. Демек, саналы түрде, топ ішін жарып шығып, түбіне көлеңке түспейтін шыраққа айналатындар тобы мен «боққап» болып өтетін пенде атты тағы бір тобыр бар. Осылардың арасында халқын «жалпылай сүйетін» алаяқтар да жосып жүр.

Қорыта келгенде танымдық қасиет – жіліктеп, мүшелеп, ақыры боршалауға келмейтін бір ғанибет ілімнің бастауы. Болмыстың болаттай тұтасуы ғана Тұлға әкеледі. Өзін өзі таныған адам – Жаратушыны таныған, Ақиқат жолына түскен дарабоз сынды болар. Бір өкініштісі, Ақиқатты орынды-орынсыз тықпалай береміз. Ол түгілі, Шындықтың өзі дүдамал нәрсе. Жеме-жемге келгенде әркімнің өз шындығы жетектей жөнеледі. Адамның егесі де сол, орыстар айтпақшы: «Своя рубашка ближе к телу» деп, жағымды мінезге ие адам, сол жейдесін шешіп, мұқтажға бере ала ма, жоқ па деген сауалға жауап беруіміз тиіс.

Дайын рецепт жоқ. Осы жалғанның өзі адам ойының продуктісі. Қарапайым көрінген бір заттың өзін әр қырынан қарасаң әрқилы ассоциация тудырады. Осыдан барып, ұзын сөздің қысқасы: ойлай, қорыта, сараптай, талдай, таңдай білетін тұлғалық қасиетті тәрбиелеуіміз қажет. Ал не танып, нені танығысы келмейтінін ол өзі шешеді. Себебі, ол еркін, бостан. Демек, талғам еркі өзінде.

Гүлжан Жұмаханқызы АЖИХАНОВА,
Астана халықаралық университетінің
педагогикалық колледж оқытушысы,
Нұр-Сұлтан қаласы.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Талғамсыз тұлға болмас

Добавить комментарий