Ақтау – НЗМ: Жеті жүз елуге жуық адам бір-біріне кітап сыйлады
Дүниежүзілік авторлық құқық және кітап күніне орай Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің дәстүрлі «Кітап әлемді бағындырады» акциясы биыл да жалғасын тапты. Білім ордасының 647 оқушысы мен 100-ге тарта мектеп педагогтары карантин талаптарын сақтай отырып, құпия достарына кітап сыйлады, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.
Жыл сайын 23-сәуірде ұйымдастырылатын акция шұғыл қашықтан оқуға көшірілуіне байланысты сәуірдің 15-16 күндері өткізілді. Адмдарды жаппай жинамау мақсатына кезең-кезеңге бөлініп, арақашықтық пен тазалық талаптары сақтала отырып, ұйымдастырылды. Акция қатысушылары өздеріне жеребе арқылы түскен құпия досының қалаулы жанры бойынша кітап сатып алып, оған ізгі тілектер жаудырды.
– Сыныптастарының талғамын жақынырақ таныту және сақтық шараларын сақтау мақсатында биыл қатысушы оқушылар өз сыныптастарына кітап сыйлады. Ал ұстаздар әріптестерінен құпия досты іздеді, – дейді акцияны ұйымдастырушы, мектеп аға-кітапханашысы Жанар Бахитова. Кітап оқуды насихаттау шарасына төртінші рет қатысып тұрған 11-сынып оқушысы Жансұлтан Бүркітбай акцияны асыға күткенін айтады.
Бұл шараға акция басталғалы бері қатысып келемін. Өте қызықты шара. Әр жылы кімге түстім екен, қандай кітап сыйлар екен деп жүресің. Осы жолы маған Абайдың «45 қара сөзін» қойын кітапша түрінде сыйлады. Ал мен Юлия Лимнің «Список» кітабын сыйладым. Сақтық шараларын сақтауға тура келді, сол үшін де мектеп ауласында жинала алмадық. Шыны керек, сол бір атмосфера өзіме де қатты ұнайтын. Акциядан кейін де кітап сыйлау – менің сүйікті әдетіме айналды, – дейді өзін-өзі басқару ұйымының президенті.
Загрузка...Айта кетейік, «Кітап әлемді бағындырады» акциясы – Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жалпы есеп бойынша акцияға 2017 жылдан бері 3 мыңға жуық адам қатысты.