Мектеп кітапханасы: Ақпараттық мәдениеттің жетілуі

«Ақпараттық мәдениет» – білім, дағдылар мен ережелер, ақпараттық қызмет саласында жасалған және ақпарат пайдаланушыға ақпарат әлемін еркін меңгеріп, өзіне қажетті деректерді тұрған жеріне қарамай тауып, пайдалануға мүкіндік беретін жалпы мәдениеттің бір бөлігі». Мектеп кітапханасы бүгінгі жаңартылған білім мазмұнының ресурстық орталығы. Оның өскелең ұрпақтың талаптарын қанағаттандыру, рухани байлығы мен жалпы қабілетін дамыту тұрғысында алатын орны ерекше.

Мектеп кітапханасының қызмет аясын кеңейту, қорын пайдалану, соның ішінде – оқушыға әдебиет таңдау, оқырмандық қызығушылығын кеңейту, мұғалімге кәсіби өсуге көмектесуші, оқуға, дүниені тануға қозғау салушы болып табылады. Оқушылардың оқу дағдысын қалыптастыруға, ақпаратқа қол жеткізуге, өзіне қажетті білімді іріктеп, таңдап алуға үйретеді. Ол мектеп мұғалімдері мен оқушыларына білімдік орта құру арқылы ақпараттар көзінің мүмкіндіктерін аша отырып, ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Қазіргі ақпараттандыру технологиясы дамыған заманда мемлекетіміздің болашағы – жас ұрпаққа заман талабына сай білім беруде оқытудың озық технологияларын меңгеру қажеттілігі үлкен орын алып отыр. Ақпараттық кеңістікті кеңейту және әлемдік қоғамдастыққа ену, адами ресурстарды қалыптастырудағы білім берудің рөлін арттыру жағдайында мектеп кітапханасының жүйесін жаңа тәсілдерге бағдарлау мен заманауи жетілдіру маңызды. Адамның  өмір  бойы  ақпараттық  мәдениетін   қалыптастыруы,  ол  болашақ  маман  үшін  олардың  кәсіби  білім алу  аралығында  қаланады.

Оқу мәдениеттілігі кітапханалық этиканың қарапайым элементтерін қамтиды, яғни кітап бетін бүктемеу, белгілер жасамау, сызбау, кітапты тиісті орынға уақытылы өткізу. Оқу мәдениеттілігі алдымен оқуға деген дұрыс көзқарас қалыптастырудан, оқырманның кітап арқылы әлемді танып және оқудан өзіне қажет нәрсе алуға беталысынан басталады. Басқаша айтқанда, оқырман кітапты жәй ғана уақыт өткізу үшін емес, өздігінен білім алып, өз еңбегін ұйымдастыруға және жетілдіруге пайдаланғаны өте орынды болады.

Оқудың зор мәнін түсіне отырып, ол көркем әдебиетпен ғана шектеліп қоймайды, өзінің мәдени ой өрісін кеңейту мақсатында ғылыми кітаптар оқып, өндірістік біліктілігін көтеру үшін арнайы әдебиеттерді қадағалап отырады. А.П.Примаковский оқырмандарға кітаппен жұмыс істеудің көп шығын шығармайтынын айта келе, оқу мәдениеттілігіне мынадай түсініктеме береді: «бұл техника жетістіктерін және ой еңбегі гигиенасын есепке ала отырып, оқу және кітап мазмұнына, оқу  мақсатына, уақытына байланысты кітаппен жұмыс істеудің әртүрлі әдістерімен дұрыс ұйымдастырылған оқу.

Одан әрі ол «оқу мәдениеттілігі мәтінді дұрыс түсінуге жоғары талап қойылуымен, оған қажетті анықтамалық әдебиеттерді (сөздіктер, энциклопедиялар, көрсеткіштер және тағы басқалар) пайдалана білумен түсіндірілетіндігін» ескертеді. Оқылғанды түсінуде оқырманның үнемі ана тілін, сондай-ақ шет тілдерін тереңдетуге тырысуы, өзінің сөздік қорын, ойын терминдермен байыту, есімдер мен атаулардың тарихына, шығу тегіне үңілу (ономастика), ұғымдар мен белгілердің және тағы да басқалардың шығу эволюциясы тәрізді тіл мәдениеті үлкен рөл атқарады».

Оқу мәдениеттілігінің ерекшелігі ретінде оқылған мәліттерді түсіну, ең негізгісін, маңыздысын және бағалысын анықтап алуды ескерген жөн. Бұл ретте логиканы, заңдарды және дұрыс ойлау формаларын білу, оларды практикада пайдаланып, ойлау қабілетін тәрбиелеуде елеулі көмек көрсетеді. Сонымен бірге, оқырманның неғұрлым тиімді және үнемді оқу үшін оқырманға кітаппен жұмыс істеудің техникалық дағдыларын білуі қажет. Мұндай дағдыларға: іштей оқу, өте баяу оқымау, оқылғанды жоспарлай білу, үзінділер мен ең қажетті мәліметтерді жазып алу, мәтінді конспектілеу (аңдату және рефераттау тәсілдерін), анықтамалықтар, энциклопедиялар, сөздіктер пайдалану жатады.    

Техникалық дағдылар оқырманға кітапты терең пысықтауға және есінде жақсы сақтауға көмектеседі. Сондықтан осындай дағдылар қаншалықты көп меңгерілсе, адам соншалықты жылдам оқиды және оқығанын жақсы түсініп алады. Ал, ақпараттық  мәдениет  кітап оқудан басалады десек артық айтпаған болар едік. Кітап, бізді көбірек алғыр ойлауға баулып, ішкі ойлау күші арқылы біздің барлық ойлау және сезіну қабілетімізді қалыптастыратын құрал екеніне ешқандай дауымыз жоқ. Әдебиет туралы мыңдаған кітаптар мен мақалалар жазылған, ал оны оқу туралы – кем де кем.

Оқу дегеніміз – бұл кітап мазмұнымен танысу, автордың кітаптағы ойын ұғыну, меңгеру. Кез келген адам, ақыл иесі ретінде, өмір сүруге және оған қоса өзінің білімін жетілдіріп отыруға міндетті. Сондықтан оқу әр адам үшін өте қажет. Конфуций: “Ойланбай оқу – бекер еңбек, оқымай ойлау – қауіпті”, – деген керемет сөзінің астарында үлкен ұғым жатыр. Яғни, әрбір Қазақстандық азамат пен азамаша оқу мәдениетін өзінен бастап өз бойында терең қалыптастыруы керек.

Кітапхана саласы мамандарының кәсіби әрбір күні, барлық азаматтардың мемлекет өміріне саналылықпен және шығармашылықпен қатысуының маңыздылығын дәлелдейді. Ал ол қоғамымыздың әр мүшесінің мәдениеттілік деңгейін көтеру мен өздігінен білім алуда және көзқарасын қалыптастыруда көбірек өзіндік шығармашылық танытуын талап етеді. Өздігінен білім алу, ой-өрісін жетілдіру – ол тек қана ғылым, әдебиет, мәдениет құндылықтарын өздігінен оқып білу ғана емес, сондай-ақ өзін тәрбиелеу әдістемесі бойынша қажетті білім алу, теорияны практикамен байланыстыра білу, жаңалықтарды күнделікті өмірде белсенді түрде енгізу.

Кітап адамды бүкіл өмірлік жолында қолдап жүруі керек: ең алдымен отбасында, қазіргі кезде, өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатындағы жалпы өскелең ұрпақтың оқу сауаттылығын арттыру, қоғамдағы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру соның ішінде отбасылық оқудың да дәстүрін қайта жаңғырту тектен тек емес, яғни отбасында баланы балалар әдебиетімен таныстыру, оның қызығушылығын ояту маңызды болып табылады. Ата-ананың баласымен бірге кітап оқуы қоғамға оң ықпалын тигізері хақ.

Дегенмен кез келген адам, әсіресе жастар арасында дұрыс кітап оқуды біле бермейді, оқу мәдениеттілігінің элементтерімен таныс емес. Оқудың қарапайым дағдылары, әрине, кез келген сауатты адамға тән, бірақ бұл дағдылар біз оқу ретінде түсінетін өте күрделі шығармашылық процестер үшін тек негіз бола алады. Кейбіреулер оқуды көңіл аулау деп түсінеді, ол дұрыс емес.Сіз кітап оқу арқылы біріншіден өзіңіздің сауатылығыңызды арттырасыз, екіншіден қоғамда жоғары мәдениеттілігіңізді таныта аласыз. Міне, саналы азамат!

Оқу мәдениеттілігін жақсы игеру үшін басылған шығарманы дұрыс пайдаланып, одан неғұрлым көбірек пайда, сабақ алғанда ғана дұрыс дағды қалыптасатыны сөзсіз. Бүгінгі таңдағы «Оқуға құштар мектеп» жобасы орын алып отырған олқылықтарды жоюға көмегі өте үлкен. Жоба аясында республика көлемінде өткізіліп жатқан әр түрлі игі іс-шаралар, атап айтар болсақ акциялар, атақты тұлғалармен кездесу кештер, марафондар, челендждер, дөңгелек үстөлдер, оқулар мен оқу сайыстары сынды басқа да көптеген шығармашылық жұмыстар адамзаттың оқу мәдениетін нығайта алары сөзсіз деп қорытындылаймын.

Ақмарал Мейірбекқызы ТЕМІРБАЕВА,
Әдістемелік орталықтың кітапхана ісі
әдіскері, Түркістан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий