Сүйіспеншілікке арналған өмір

Алматы қаласының тау баурайында әсем табиғатымен сүйіспеншілік пен мейірімділіктің, жасампаздық пен шексіз шығармашылықтың нұрына бөленген «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы орналасқан. Еліміздің рухани бастауына айналған бұл орталықта болған әрбір жан тек таза да пәк бала жанынан ғана табылатын, кемпірқосақ түсіндей алуан түрлі қуанышты, жан жылулығын сезінеді.

Небір қайырымдылық іс-шаралар, жетім балалар мен аз қамтылған отбасыларына жасалған қамқорлық істердің негізі осы орталықтан бастау алған.  Осынау жиырма төрт жылдық тарихы бар рухани құнды орталықтың негізін қалаған Сара Назарбаева биыл ізгілікпен, даналықпен, адамдарға деген сүйіспеншілікпен өрнектелген өмірінің сексенінші баспалдағына аяқ басты.

Осы мерейтой қарсаңында «Бөбек» орталығының бас директоры Е.Сакенованың жетекшілік етуімен Сара Алпысқызының өмір жолы, адам баласының игілігі үшін атқарған қызметі, «парызым», «міндетім» деп есептеген өмірлік басты істері жайында, елімізде ғана емес алыс-жақын шетелдерде де бұл қызметінің мойындалып, бағалануы туралы баяндалған «Әлем ханымы немесе сүйіспеншілікке арналған өмір» атты құнды кітап жарық көрді.

Ұлы ойшыл-ғұламалар Сократтың «өзіңді таны» деп, әл-Фарабидің бақытты өмір сүруді, Абайдың толық Адам болуды, Шәкәрімнің ар ілімін оқуды насихаттап кеткен жолдарының ізін жалғастырған Сара Алпысқызының өзіндік ізгілікті жолы кітап мазмұнында келесідей мәліметтермен айшықталды.
Күннің нұры сияқты шапағатымды таратсам,
Түгесілмес, түпсіз пәк махаббатымды таратсам.
Балалыққа менің де кеткен еді мол есем,
Балалардың барлығын мейірімге бөлесем, – деп Күләш Ахметова жырлағандай Сара Алпысқызы да бес жасында анасынан айырылып, ең жақын, ең қымбат адамының сүйіспеншілігінсіз, мейірімінсіз, қамқорлығынсыз өмір сүрудің қаншалықты қиын екенін бастан өткеріп өседі.

«Барлық балалар бақытты болса екен, барлығы отбасында аналары, әкелері, ағалары, әпке-қарындастарымен бірге тұрса екен» деген сезімтал кішкентай қыздың арманы, жан жарасы мен жалғыздығы көптеген жылдар өткен соң ұлы, игі істерді бастауға серпін болады. Кейінірек ол өзінің жоғары және қасиетті міндеті – адамдарға көмектесу екенін түсінеді. “Әйелдер тарихты жасайды, дегенмен тарих ерлердің есімдерін ғана есінде сақтайды», – дейді немістің ұлы ақыны Генрих Гейне. Бұл көп жағдайда дұрыс. Жолдасының қызметте өсуіне қолдау көрсете отырып, Сара Алпысқызы өзін де үнемі, үздіксіз жетілдірді.

«Жанашырлық, шынайылық – адами қарым-қатынастың басты философиясы» екеніне бала кезінен бастап өз тәжірибесінен көз жеткізген Сара Алпысқызы тәуелсіз мемлекетіміздің бірінші ханымы болғаннан кейін қайырымдылық істермен жан-тәнімен айналыса бастады. С.Назарбаева қазақ халқының бүкіл әлем болып жетімдерге қамқорлық жасайтын ізгі дәстүрін жандандыруға көп күш жұмсайды. Елімізде балалық шақты қорғаудың біртұтас әлеуметтік-педагогикалық жүйесін құру – оның өмірінің басты мақсатына, мәніне айналады.

1992 жылы жеке бастамасымен «Бөбек» балалар қайырымдылық қоры құрылды. Жүздеген  қайырымдылық акциялар, жетімдер мен мүгедектерге көмек, аналарға қолдау көрсету және балалар мүддесі үшін ресурстарды жұмылдыруға бағытталған көптеген өзекті жобалар – осының бәрі қордың сан қырлы қызметі болды. Қазақстандағы балалар үйлерін реформалауда «SOS Kinderdorf» халықаралық қорының отбасылық үлгідегі ауылдар мен жасөспірімдер үйлерін құру тәжірибесі сәтті қолданылды. Отбасылық үлгідегі балалар ауылы – жасанды түрде құрылған отбасының үлгісі.

Ондағы жағдайлар мүмкіндігінше үйге жақын. Мұнда балалардың өз аналары, ағалары, әпкелері бар. Мұнда үлкендер кішілерге қамқорлық жасайды, әркімнің өзіндік жеке өмірлік кеңістігі, сүйікті ойындары, қызығушылықтары бар. Бәрін жалпы отбасылық дәстүрлер мен жақынына деген сүйіспеншілік, бір-біріне көмектесу ниеті жақындастырады. Ширек ғасыр ішінде SOS-отбасыларында бес жүзден астам қазақстандық балалар тәрбиеленіп, білім алды. Жасөспірімдер үйлері ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастардың баспана мәселесін шешуде үлкен рөл атқарды.

Егер бұрын балалар үйінен шыққан 17–18 жастағы балалардың көшеде қалатын жағдайлары көптеп кездескен болса, қазір 23–25 жасқа дейін жайлы жатақханаларда тұруға мүмкіндік жасалған. Осы уақыт ішінде жас жігіттер мен қыздар білім, мамандық алып, тәуелсіз, ересек өмірге батыл кіріседі. Кейінірек, бірінші ханымның бастамасымен республикамыздағы нәрестелері мен үш жасқа дейінгі сәбилері мемлекет қамқорлығында болған кезде, олардың әлеуметтік жағдайы жоқ, жас, жалғызбасты аналарына сәбилерінен бас тартуға емес, оларға үнемі барып тұруға және күнделікті мәселелерін тыныш жағдайда шешуге мүмкіндік беретін үміт үйлері құрылды.

Тәжірибе көрсеткендей, бір немесе екі жылдың ішінде балалардың тоқсан пайыздан астамы өз туған отбасыларына оралады. Сара Алпысқызы дәуір алмасқан шақтағы депутаттар корпусымен кездесуінде «Отбасылық үлгідегі балалар ауылдары мен жасөспірімдер үйлері туралы» жаңа заңды әзірлеу және қабылдау қажеттілігі туралы бастама көтерді. – Бүгін біз ізгілік, жоғары адамгершілік және рухани қағидаттарына негізделген басқа қоғам құрып жатырмыз. Балаларды көптеген әлеуметтік ауыртпалықтардан құтқару жалпыұлттық міндет болуы керек…», – деген еді.

Сара Алпысқызы бірнеше сағат бойы сөйлеген сөзінде құқықтық құжат әлеуметтік жетімдік мәселесін шешуде отбасылық үлгідегі балалар ауылдары – дәл отбасы секілді – баланың адами қасиеттерін қалыптастырудың негізгі көзі боларына кеңінен тоқталды. Заң жобасында жұмыстың ұйымдастырушылық-құқықтық нысандары айқындалды, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқықтары белгіленді, олардың физикалық, психикалық, моральдық және рухани дамуының, қоғамдық пайдалы жұмысқа дайындаудың құқықтық алғы шарттары белгіленді. Әлеуметтік, тұрғын үй және материалдық жағынан қамтамасыз етілуі қарастырылды.

2000 жылғы желтоқсан айында осы заң қабылданып, мемлекеттің балалар мәселелерін шешу және балалық шақты әлеуметтік қолдау жауапкершілігі ресми түрде бекітілді. Сара Алпысқызының қайырымдылық жобаларының әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Алайда оларды өмірде іске асыру үшін көптеген жылдар бойы қажырлы еңбек, өзіндік батылдық және әрине, адамдарға деген шексіз сүйіспеншілік қажет болды. «Нұр сыйлаңыз, әрқашан Адам болып қалыңыз, басқаларға қызмет етіңіз, қайтарымын күтпеңіз, сонда жақсылық бумеранг сияқты оралады», – дейді Сара Алпысқызы.

Сара Алпысқызының тұлғалық бар болмысын, оның жүрегінің шексіз мейірімділігі мен жомарттығын, жанының нағыз ұлылығын айқын көрсеткен бір керемет оқиғаны елемей кетуге болмайды. Бұл оқиға ондаған адам – балалар мен ересектерді мектеп ғимаратында террористердің кепілдікке алған, Беслан трагедиясы болған жылы орын алған. Бұл жантүршігерлік қайғы Сара Алпысқызының сезімтал жүрегіне ауыр тиді. Оқиға туралы білген Сара Алпысқызы алғашқылардың бірі болып Осетияға гуманитарлық көмек жіберді. Болған оқиғаның барлық сұмдығы артта қалған кезде, ол террористік шабуылды бастарынан өткізген балаларды демалуға, денсаулықтарын жақсартуға, психологиялық көмек пен қажетті моральдық қолдау алуға «Бөбек» орталығына шақырды.

Ол бұл ауыр естеліктердің балалардың нәзік жандарын азапқа салмағандығын, олардың жүздеріне алаңсыз күлкілерінің қайта оралуын шын жүрегімен қалады! Міне, оның бұл балалармен алғашқы кездесуі… Балалар жабырқаулы, күлмейді, көзқарастары солғын… Бәріне күтпеген жерден Сара Алпысқызы: «Қымбатты достар, мен сіздерге ән айтып берсем бола ма?» – деді. Балалар үнсіз бастарын изеп, келіскендерін білдіреді. «Айналайын» деген нәзік, сүйіспеншілік туралы ән шырқалды. Балалардың жүздері нұрланып кетті. Сара Алпысқызының салған әнінен олардың көпшілігінің көздеріне жас келді.

Әуеннің соңғы дыбыстары басыла салысымен, оған жеті-сегіз жастағы кішкентай бала жақындап келіп: «Сен әнді өте жақсы айттың. Тағы ән салшы», – дейді. Бірінші ханым оны қолынан ұстап, ақырын құшақтап, атын сұрады. Ол: «Ацамаз Кусов», – деп жауап береді. «Жақсы, – деді Сара Алпысқызы. – Мен саған тағы бір өте әдемі ән – «Әдемі алыс» әнін шырқаймын. Ал сен оны білсең, бірге қосылып айта ғой». Барлық қатысушыларды таңқалдырғаны, бала әдемі, таза дауыспен әнге қосыла кетеді. Содан кейін барлығы бесландықтардың бір-біріне қуанышты жүзбен қарасып жатқанын байқады.

Өйткені Ацамаз сол кепілдікке алынған қорқынышты күннен бері бірнеше ай бойы бірде-бір сөз айтпаған екен… Олар қолдарын ұстасқан күйі әнді бірге аяқтайды. Ацамаздың жүзінде жүрекке жылы тиетін балалық жымиыс пайда болады. Топ жетекшісі және Беслан қалалық әкімшілігінің үйлестірушісі Эльма Елканова залдағы орнынан көтеріліп, толқуын жасырмай, даусы дірілдеп: «Құдайым-ау, бұл керемет қой! Сара Алпысқызы, сіз кәсіби психологтардың жасай алмағанын жасадыңыз! Сіз Ацамаздың жүрегін жылытып, оны өмірге қайта оралттыңыз.

Шынында да, баланың көз алдында бандиттер оған ең қымбат және жақын адамы – оны тәрбиелеп өсірген әжесін атып тастаған. Сол күннен бастап ол сөйлемей, тұйықталып қалған еді… Рахмет Сізге!» Осы кездесу барысында Ацамаз Сара Алпысқызының қолын бір секундқа да жібермеді – екі мүлдем бейтаныс адам бойларындағы ең жоғары сезімдерді жүректен жүрекке жеткізіп, бір-бірін бірден түсінді, сезінді. Сара Алпысқызы аналық жүрегімен сәбидің жағдайын түсінді. Ол да бес жасында анасыз қалған кезде осындай ауырсынуды басынан кешірген еді…    Міне, ғажайыптар туғызатын нағыз ана махаббаты!

Үздіксіз беріліп отыратын гуманитарлық көмектер адам баласын дамытуға, дұрыс өмір сүруге жетелемейтінін, тек дайынды алып отыра бергісі келетін адамдарды қалыптастыратынын түсінген Сара Алпысқызы өсіп келе жатқан адамға өзін түсінуге, өмірдің мықты негізін табуға және өзінің адами міндетін іске асыруға көмектесетін білім жүйесін жасау туралы арманын өздерінің шығармашылық ізденістерін түбегейлі жаңа педагогиканы құруға бағыттаған ұстаздармен және ғалымдармен бөліседі.

Еліміздің бірінші ханымының арманы оның бүкіл өмірінің мәні мен басты ісіне айналған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының нақты өн бойынан табылды. «Өмірде кездейсоқ оқиғалар жоқ, барлығы белгілі бір байланыста, заңдылықта. «Өзін-өзі тану» жобасы да кездейсоқ пайда болған жоқ… Руханилықтың кәусар бастауына апаратын жолды іздеу – бүгінгі таңда өмір сүріп келе жатқан адамдардың әрқайсысының және баршамыздың басты міндетіміз екеніне сенемін. Біз күнделікті тіршілігімізге адам болмысының мейірімділік, риясыз сүйіспеншілік, қайырымдылық, сабырлық, кешірімділік сияқты баға жетпес қасиеттерін қайта оралтуымыз қажет.

Біздің басқадай амалымыз жоқ, болуы да мүмкін емес, міндетті түрде мұны қайтарып аламыз да!». Сара Алпысқызы «Өзін-өзі тану» білім беру бағдарламасының мәнін балаларды жақсы көруге және сүйікті бола білуге, сүйіспеншілікпен өмір сүруге, өздерімен және айналасындағы әлеммен үйлесімді өмір сүруге, өздерінің ішкі «Меніне» опасыздық жасамай, армен өмір сүруге, қоғамның игілігі үшін жасауға, құруға, үнемі жетіліп отыруға үйретуден көреді. Бұл үйлесімді дамыған адамның ұстанымдары.

«Біз бұл жобаны «Өзін-өзі тану» деп атадық, өйткені адам өзін, өзінің мүмкіндіктері мен міндетін танымайынша ол тағдырдың қолында ойыншық болады. Егер біз кімбіз, қайдан келдік, бұл әлемге не үшін келдік және қайда бара жатырмыз деген терең философиялық сұрақтарға ойлана бастасақ – бұл біздің надандығымызды түсінуге жасаған алғашқы қадам, яғни дүниетанымымызды, ішкі «Менімізді» жақсы жаққа өзгерту», – деп Сара Алпысқызы «Өзін-өзі тану» жобасының өзектілігі мен қажеттілігін түсіндірді. Осы идеяларды өмірде іске асыруға байланысты үлкен жұмыстар басталды: рухани-адамгершілік білім берудің тұжырымдамалық, ғылыми-әдістемелік және мазмұнды негіздері жасалды.

«Біз қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды білім арқылы жандандырғымыз келеді, сонда әр адам өзінің туғаннан берілген бойындағы қабілеттерін толықтай іске асыра алады және осылайша біздің мемлекетке ғана емес, сонымен бірге жер бетіндегі барлық адамдарға да пайда әкеледі». Білім беру үдерісіндегі адамды үйлесімді дамыту міндетін тек әлемдік және ұлттық мәдениеттің керемет үлгілерін құндылықты түрде меңгерту арқылы ғана шешуге болатындығы белгілі болды. Өйткені, білім беру тұлғаның дүниетанымын және мінез-құлық бағдарларын дамытуды қамтамасыз ететін дәрежеде сапалы болады.

Қазіргі таңда еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Өзін-өзі тану» пәні жүргізіліп отыр. «Өзін-өзі тану» курсы адамға өзін табуға, ең жақсы қасиеттерін ашуға, өзіне қиянат жасамауға, өзінің қадір-қасиетін сақтауға және әрқашан сөздің толық мағынасында адам болып қалуға көмектеседі. Шын мәнінде, адамзаттың бүкіл тарихы адамгершілікті тұрғыдан өзін-өзі жетілдірудің тұрақты және үздіксіз процесі болып табылады. Бұл үдерісте ерекше рөл балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқыту мен тәрбиелеудің заманауи әдістерін, психологияны білетін, педагогикалық процесті өз бетінше құрастыра білетін мұғалімдерге жүктелді.

«Мұғалім үшін ең бастысы «Адам болу!» Біз балалар үшін, оларды қалай тәрбиелегеніміз үшін Жаратушы алдында жауап береміз. Біз өзіміз таза, күшті және мейірімді болуымыз қажет, риясыз жақсы көруді және кешіруді үйренуіміз керек», – деп Сара Алпысқызы барлық мұғалімдерге сенім арта отырып, «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім берудегі жауапкершіліктің де жүгінің оңай емес екенін атап өтті. Жалпыадамзаттық құндылықтарды оқыту мұғалім мен баланың бірлесіп ізденген кезінде ғана мүмкін болады.

Мұғалім баланың шығармашылық әлеуеті мен міндетінің ашылуына алып келетін оның ішкі белсенділігін оятуы қажет. «Бұл білім беру жобасы бізге мәңгілік құндылықтарға, адамшылыққа бет бұруға көмектеседі. Балабақшаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында балаларға ең бастысы – адам болуды оқытатыны өте жақсы болды». «Даналықтың шыңы – бұл сүйіспеншілік, ал бақыттың сыры адамның өзін-өзі тануында, өмірде бақыт пен жетістікке жетуде өзіндегі шексіз мүмкіндіктерін ашуында».

«Өзін-өзі тану» бағдарламасы бойынша оқу барысында жақсы, таза және рухани бай бола түскен адамдардың тұтас бір буыны өсіп шықты», – деп Сара Алпысқызы бұл бағдарламаның бұдан әрі де жалғасын табатынына сенім артады. Бүгінгі таңда «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы басқа пәндердің, сыныптан тыс жұмыстардың, ата-аналармен жұмыстың яғни, баланың жеке тұлғасын тәрбиелейтін барлық істердің мазмұнын рухани құндылықтардың жарығы мен жылуына толтырып, жеке пәннің аясынан шығып кеткені айқындала түсті.

Өзін-өзі тану сабақтары – бұл адамгершілік сабақтары, біздің балаларымыздың – болашағымыздың – қалай жақсы, жарқын, таза, мейірімді болу керектігін үйрететін сабақтар. Сондықтан да «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы еліміздің білім беру жүйесінде лайықты орнын алды. Сара Алпысқызы Назарбаеваның жалпы адамзаттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған қызметі халықаралық деңгейде де мойындалып, жоғары бағаланды.

“Сара Алпысқызы Қазақстанда жасаған «Өзін-өзі тану» Бағдарламасы ерекше. Әлемде бұл Бағдарламаның баламалары жоқ, оны әлемдік білім беру кеңістігіне тарату қажет. Басқа елдер Қазақстаннан үлгі алуы керек. Сара Алпысқызы қоғамда жалпыадамзаттық құндылықтарды орнықтыру үшін қуатты қозғалыс ұйымдастырды деп айта аламыз. Бұл оның халқына және бүкіл адамзатқа жасаған зор қызметі», – деп педагог, психология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей білім беру Академиясының академигі Шалва Александрович Амонашвили Сара Алпысқызының еңбегіне жоғары баға берді.

Ана мен бала мүддесі жолындағы сан қырлы қажырлы еңбегі, қоғамдық қызметі, халықтар арасындағы ынтымақтастық пен достықты дамытуға, ұлттың рухани денсаулығын нығайтуға, адамгершілік жалпыадамзаттық құндылықтарды жандандыруға қосқан елеулі үлесі үшін «Бөбек» қорының негізін қалаушы және президенті көптеген беделді халықаралық және мемлекеттік марапаттарға ие болды. Сара Алпысқызы қандай жоғары мәртебелі марапаттарды иеленсе де, ол үшін үнемі ең жоғары марапат – балалардың бақытты күлкілері. Адамдарға, әсіресе адам өмірінің таза қайнар көзі – балалық шаққа қызмет ету – бұл оның жоғарыдан берілген шынайы міндеті.

«Күніңізді сүйіспеншілікпен бастаңыз. Күніңізді сүйіспеншілікке толтырыңыз. Күнді сүйіспеншілікпен өткізіңіз. Күніңізді сүйіспеншілікпен аяқтаңыз. Бұл бақытқа бастар жол!» – бұл Сара Алпысқызының өмірлік ұстанымы және барша адамзат баласына үндеуі. Сіздерге бұл ұсынылған мәліметтер «Әлем ханымы немесе сүйіспеншілікке арналған өмір» атты кітаптан алынып отырған аз ғана үзінділер. Осы кітапты толық оқу барысында артына өшпес із қалдырған Сара Алпысқызының сан қырлы, үлгі боларлық бейнесімен тереңнен таныса түсетіндеріңізге сенімдімін.

Жанар БЕРДИБЕКОВА,
“Өзін-өзі тану” АҮД гуманитарлық
колледжінің
қазақ тілі және әдебиеті
пәнінің оқытушысы, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий