Жас педагогтердің республикалық байқауы: Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз
Мұғалім – тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын қалап жатқан маман. Ел болашағының кілті – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Ал жас ұрпақтың тағдыры – олардың бойына білім мен ізгілік нұрын себуші ұстаздардың қолында. Ұрпақ тәрбиесі мен оларға сапалы білім беру ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей өнегелі ұстаздан білімді шәкірт шығатыны сөзсіз. Біз тек біліммен ғана алға жылжимыз.

Қазіргі таңда қоғамның құбылмалы шағында білім беру мен ғылымның дамуына баса назар аударылуда. Себебі, ақпараттық заманда бәсекеге қабілетті, жарқын, талантты, жаңашыл педагог даярлау бұл білім саласындағы келелі мәселе. Осыған орай, жас педагогтердің әлеуметтік мәртебесін және шығармашылық потенциалын арттыру, кәсіби шеберліктерін жетілдіруіне одан әрі жағдай жасау және оларды еліміздің білім мекемелерінде бекіту, педагогтердің инновациялық белсенділіктерін ілгерілетуге көп көңіл бөліне бастағанын білеміз.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында “Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» жас педагогтердің кезекті бесінші республикалық байқауының қорытынды кезеңі қашықтан ұйымдастырылды. Байқауға білім беру мекемелерінде үш жылға дейін педагогикалық еңбек өтілі бар жас мамандар қатысты. Байқау (аудандық, (қалалық), облыстық, республикалық) үш кезеңді қамтыды. Байқаудың үшінші кезеңінің қатысушыларын іріктеу облыстардың, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармаларына жүктелді.
Байқаудың кезеңдерінде қатысушылар «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» тақырыбында эссе жазып, «Шығармашылық жолдың бастамасы» таныстыру бейне таныстырылым мен «Ашық бейне сабақтарын» ұсынды. Осы талаптарға сай республикалық байқауға іріктеуден өткен 35 қатысушының жұмысы қабылданды. Олар: Алматы, Ақтөбе, Павлодар, СҚО, Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай, Ақмола облыстары, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Балдәурен орталығы.
Байқауды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы ұйымдастыру комитеті құрылып, қазылар алқасының құрамы және оның жұмыс тәртібі біздің орталық әкімшілігінің бұйрығымен бекітілді. Байқаудың әр қатысушысына әділ баға берген қазылар алқасының құрамына: Мусина Айгуль Даулетжановна, Көкшетау қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері, тренер; Аяшева Гулим Ораловна, Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәнінің мұғалімі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі; Абишева Жанат Аманжоловна – Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі енді.
Султанова Гульмира Жұмабаевна – Щучинск қаласы, Жоғары педагогикалық колледжінің жоғары санатты педагогика және дербес әдістемелер оқытушысы, магистр; Пышная Тамара Владимировна – Щучинск қаласы, Жоғары педагогикалық колледжінің бастауыш сыныптардағы оқыту әдістемесі бойынша жоғары санатты әдіскері; Амиргалиев Жангелді Қуандықұлы– «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы бас директордың оқу-тәрбие және сауықтыру ісі жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы; Темирбулатова Эльмира Дулатовна – «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, зерттеуші-педагог; Қазылар алқасының төрағасына: «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығының Бас директоры – Алибаев Сержан Тулеметович бар болатын осы құрамда.
Республикалық байқаудың қорытынды кезеңінің ашылу және жабылу салтанаты Zoom форматында қашықтан өткізілді. Әділ қазылардың шешімімен байқаудың қорытындысы төмендегідей нәтиже көрсетті. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Грамотасымен «Жаңашыл ұстаз» номинациясы бойынша Маңғыстау облысының ағылшын тілі пәні мұғалімі Конарбаева Анбия Абуовна; «Дарынды ұстаз» номинациясы бойынша Алматы қаласының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі – Құлбек Алтынай Боранбекқызы; «Креативті ұстаз» номинациясы бойынша «Балдәурен» РМҚК РОСО-ның дене шынықтыру пәнінің мұғалімі – Андреев Вадим Викторович марапатталды.
«Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты жас педагогтердің V Республикалық байқауынында ҚР Білім және ғылым министрлігінің ІІІ дәрежелі дипломын Жамбыл облысының физика пәнінің мұғалімі – Мұрат Айдар Әділұлы; Нұр-Сұлтан қаласының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі – Сайфуллаева Назерке Бақытқызы; Маңғыстау облысының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Куанышбаев Камбар Талгатович; ҚР Білім және ғылым министрлігінің ІІ дәрежелі дипломымен Ақтөбе облысының математика пәнінің мұғалімі – Маратбекқызы Фарида; Жамбыл облысының математика пәнінің мұғалімі Яхудаева Казна Ерғалиқызы иеленді
ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірінші дәрежелі дипломы Алматы қаласының ағылшын тілі пәні мұғалімі – Жумабекова Нурсулу Сейтазимовнаға; «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты жас педагогтердің V Республикалық байқауының «Гран при» иегері Алматы қаласының ағылшын тілі пәні мұғалімі – Хамитова Жанаргүл Бижановнаға табысталды. Байқаудық барлық қатысушыларына сертификаттар беріліп, І, ІІ жүлделі орынға ие болған қатысушылар бағалы сыйлықтармен, ІІІ орынға ие болған қатысушылар «Балдәурен» РМҚК РОСО-на жолдамамен марапатталды.
Иә, бұл байқау – жас мамандар үшін «Ұлағатты ұстаз» деген мәртебелі есімге апарар жолдың бастамасы екені сөзсіз.
«Талпынған бала, талпынған құстай,
Құмары қанбас, аспанға ұшпай», – деп бабаларымыз дәл тауып айтқан. Сондықтан да, бұл Байқауға қатысып отырған баршаңыз жеңімпазсыздар. Өйткені сіздер аудандық, облыстық сыннан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шықтыңыздар. Сіздер әлі талай асулардан асып, биік шыңдарға жетесіздер.
Тек, осы жолда талпынған қанаттарыңыз талмай, қатая берсін! Жаңа белесте, жаңа жеңістер тілейміз, әріптестер! Біз алдағы уақытта «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты жас педагогтер байқауының игі дәстүрі жалғасады деген сенімдеміз. Ал, байқаудың сәтті өтуіне ат салысқан әділ қазы мүшелері мен аудандық, облыстық және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармаларына айтар алғысымыз шексіз. Баршаңызға еңбекте шығармашылық табыс, жанұяда бақыт, елімізге береке мен бірлік тілейміз!
Салтанат Сағынайқызы ҚАЛИЕВА,
“Балдәурен” республикалық оқу сауықтыру
орталығының қазақ тілі мен әдебиеті пәні
мұғалімі, Ақмола облысының Бурабай ауданы