Дебат – жастарды көшбасшылыққа баулиды

“Адамды даңққа бөлейтін екі қасиетті өнер бар: бірі – қолбасшылық, екіншісі – шешендік”, – деп ежелгі Римнің әйгілі шешені, дарынды жазушысы, қоғам қайраткері Марк Ту́ллий Цицерон айтқандай, өз ойыңды ашық жеткізіп, келістіре айту да – үлкен өнер. Дебат – жастарды көшбасшылыққа баулудың бір жолы. Ел ертеңі болатын жастардың өз ойын ашық білдіріп, еркін сөйлеуі маңызды. Оларға қоғамдық-әлеуметтік маңызды мәселелерді талдап, түсіне алу қабілеті қажет. Пікірсайыс жастарымызды ұтқыр ойлы, саяси сауатты болуға баулиды. Жеке тұлғаның танымын кеңейтеді.

Дебат – тәртіп пен тәрбиенің, сыйластықтың ортасы. Ойында сөз жарыстыра отырып, қарсыласқа ұтымды жауап қайтару, өз идеяңды қорғап шығу үлкен шеберлік. Тарихқа көз жүгіртсек дебат арқылы талай мәселелер талқыланып, шешімін тапқан. Бүгінде де бұл өнер өзектілігін жоғалтқан жоқ. Жақында ғана ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жан-жақты даму үшін алған білімді дебат ойындары арқылы жүзеге асырып, дамытуды айтқан еді. Осы бағыт бойынша қазіргі таңда Мұхтар Әуезов университетінде пікірсайыс қозғалысы қарқынды дамуда.

Университетте 2002 жылдан бастап “АҚИҚАТ” пікірсайыс орталығы жұмыс істеп келеді. Бүгінде бұл ортада шыңдалып, үлкен жетістіктерге жетіп отырған түлектерімізде аз емес. 19 жылдық тарихы бар «Ақиқат» пікірсайыс орталығы тәртіп пен тәрбие, рухани құндылықтар арқылы ерекшеленеді. Қазіргі таңда ұйым 3-тілде пікірсайыс ойындары мен айналысып келеді, құрамында оқу орнымыздың студенттері мен қатар өзге де оқу орындарының студенттері бар. Сонымен қатар пікірсайысшы студенттер қаламыздың мектеп оқушыларына пікірсайыс техналогиясын үйретіп жетекшілік жасайды және басқа университеттермен тығыз байланыста.

2020 жылдың қорытындысы бойынша «Ақиқат» пікірсайыс орталығы Шымкент қаласының ең үздік ұйымы атанып, арнайы Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтенов мараппаттаған болатын. Дебатқа деген қызығушылықты артттыру мақсатында студент жастар арасында жұмыстар жүргізілуде. Университетімізде осы бағытта Ақиқат пікірсайыс орталығында атқарылып отырған жұмыстардың алатын орны ерекше. Ел ертеңі жастар. Көзі ашық, көкірегі ояу, заман талабынан қалыспайтын, ұтқыр ойлы, шешен тілді жастарымыз көп болсын!

Садыбек Калмаханұлы БЕЙСЕНБАЕВ,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің қоғаммен
байланыс және мәдениет жөніндегі проректоры