Парасат жолы: Айқын мақсат – ашық университет
Қоғамда кез-келген қызметтің сапасы мен нәтижесі оның ашықтығы мен тазалығына, айқындығы мен ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуіне байланысты. Осы көрсеткіштер арқылы қызмет бағаланады, нәтиже артады, сенім атмосферасы қалыптасады. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ұжымы сапалы білім беру, ұтымды ғылыми-зерттеулер жүргізу және бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау барысында жоғарыда аталған ашықтық, айқындық, тазалық пен ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету қағидаларын басшылыққа алады.

Бұл университеттің имиджін, профессор-оқытушылардың мәртебесін, қызметкерлердің іскерлік беделін арттырып, білім алушылар бойында адалдық құндылығын қалыптастыруға бағытталған. Университет қашықтан оқыту жағдайында академиялық процесс, аралық бақылау мен сессия барысын, МАК жұмысын бақылауды қолға алған. Бақылау сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ұйымдық құрылым «Парасат» басқармасы арқылы қамтамасыз етіледі.
Тұрақты түрде тікелей эфирде кездесулер ұйымдастырылып, сессия алдында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама өзгерістері түсіндіріліп, университеттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын, Әдеп кодексі мен Академиялық адалдық ережесі талаптарын сақтау ескертіледі. Кері үндеуге және ақпарат алуға арналған «Сенім телефоны» мен Call-орталық жұмысы кез-келген азамат үшін қолжетімді. Нақты айтсақ, 2020-2021 оқу жылының көктемгі сессиясында емтихандар тест, ауызша, жазбаша және шығармашылық нысандарда ұйымдастырылуда.
Академиялық адалдық талаптарын ұстанған оқу орнымызда жазбаша емтихан кезінде білім алушылардың жазған жұмыстары толық антиплагиат жүйесі арқылы түпнұсқалылығына тексеріледі. Ауызша, шығармашылық емтихандардың өту барысы, қатысқан білім алушылар саны «Парасат» басқармасының мамандарымен бақыланады. Мемлекеттік аттестаттау комиссиясында дипломдық жұмыстар мен магистрлік диссертацияларды қорғауды бақылау үшін «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне қолжетімділік ұсынылған, яғни бақылау процесіне университеттен тыс қоғамдық бақылау институттары да тартылған.
Әдеп бойынша кеңес оқытушылар, қызметкерлер мен білім алушыларды әдепті қарым-қатынас жасауға бағыттайтын, моральдық-психологиялық ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ететін, қызметкерлер функционалдық міндеттерін адал орындауына күмән келтіретін мінез-құлықтан арылмаса, университет беделіне зиян келтіретін даулы жағдайға ұшыраса тәртіптік жаза қолдануға ұсына алатын құзіреттілікке ие. Қорқыту мақсат емес, ұятты істен сақтандыру – мақсат, қудалау міндет емес, заңды сақтау міндет, ұжым осы ұстанымды толық қолдайды.
Бастысы, университет адал, парасатты маман дайындауды көздейді, осы мақсатта республика жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып «Парасат» басқармасын, «Парасат жолы» орталығын ашып, мемлекеттік саясатты қолдап, жастарға адалдық, парасаттылық дәрістерін жүйелі түрде өткізіп келеді. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен орнатылған сенімді серіктестік, ұжымдағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың тиімді алдын алу мен ауқымды ағарту жұмыстары – нәтижесін беруде.
Биылғы сәуір айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі төрағасының кеңесшісі Ж.Жылқышиева, республикалық «Парасат жолы» жобасының жетекшісі С.Түгел мырза келіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Бұдан бөлек, ата-аналар мен білім алушылар тарапынан да «Сенім телефонына» хабарласу, Әдеп жөніндегі уәкілге жүгіну, осылайша кері байланыс орнату арқылы сенім білдіру артып келеді. Бұл университеттің ашықтық пен айқындықты қамтамасыз етуде дұрыс бағыт таңдағанын, тиімді механизмдерді қолданып отырғанын дәлелдейді.
ISO 37001:2016 «Жемқорлықпен күрес менеджменті жүйесі» халықаралық стандартын университет қызметіне енгізу де ұжымда алқалы түрде талқыланып, қолдау тапты. Стандартты енгізу бойынша қызметкерлерді оқыту, сертификаттау, ішкі құжаттарды дайындау және халықаралық сертификаттаудан өту процесінің кезең-кезеңімен атқарылуы жоспарлануда. Жоғары оқу орнының жетістігі қашан да дайындаған мамандарының сапалы болуымен ерекшеленген, осы тұрғыдан алғанда университетіміз оқу мен тәрбие процесін жетілдіруді қатар алып келеді және адам капиталын дамытуға басымдық береді. Себебі, университет мақсаты – айқын, жоспарлар – жүйеленеген, тазалық пен парасаттылыққа бет бұрған.
Гүлбақыт Сейсенбекқызы ДУЛАТОВА,
Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ “Парасат”
басқармасының басшысы, Шымкент қаласы