Ғылыми үйірме: Жұмысты ұйымдастырудың ерекшеліктері
Қазіргі кезде жоғарғы оқу орындарында оқу үдерісінің сапасын арттыру және ғылыми бағыт беру Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің басымдылыққа ие мәселелердің бірі болып табылады. Ғылыммен айналысу студенттің ЖОО алған теориялық білімін тереңдетуге, оны шығармашылықпен пайдалануға себепші болады.

Осы орайда, білім алушының мамандық бойынша теориялық білімін және практикалық біліктілігін сапалы қалыптастыру үшін, сонымен қатар ғылыми-ізденушілік тұрғысында зерттеушілік жұмысты дәріптеу үшін студенттік ғылыми үйірме ұйымдастыруды тиімді іс-шара деп айтуға болады. Студенттік ғылыми үйірме – студенттерді ғылыми жұмысқа баулу қызметін ұйымдастыру формасы. Біздің университеттің арнайы және әлеуметтік педагогика кафедрасы кәсіби құзыреттілігі жоғары мамандарды даярлау мақсатында 6В01901-Дефектология мамандығы бойынша «Жан нұры» студенттік ғылыми үйірме қызметін ұйымдастырып басқарады.
Бұл үйірме екі бағытта жұмыс істейді: ғылыми және волонтерлік (еріктілер іс-әрекеті). Ғылыми бағыты «Білім алуда ерекше қажеттілігі бар балаларға инклюзивті білім беру жағдайында педагогикалық және психологиялық қолдау көрсету» тақырыбы аясында студенттердің ғылыми-теориялық зерттеуімен айналысуды, түрлі ғылыми-практикалық конференцияларға қатысуды және мерзімді баспаларға мақала жариялауды қарастырады, студенттердің зерттеу жұмысы туралы алғашқы түсініктерін және зерттеушілік тәжірибесін қалыптастырады.

Студенттік ғылыми үйірме жұмысының аясында волонтерлық қызметі де қолға алынған. Өйткені арнайы педагог мамандығы мейірімділік, жауапкершілік және шыдамдылық сияқты тұлғалық қасиеттердің болуын қажет етеді. Дефектология мамандығының студенттері өз еркімен балаларға қолдау көрсету, психо-эмоциональді қарым-қатынас жасау арқылы осы мамандықтың қыр-сырын меңгереді, таңдаған кәсібіне қызығушылығы артады және практикалық біліктілігін шыңдай түседі.
Сонымен бірге, үйірме жұмысының волонтерлық бағыты белсенділікпен ерекшеленетін және өмірлік ұстанымы бар, сындарлы ойлауға, өздігінен шешім қабылдауға, кәсіби және жеке сипаттағы қиындықтарды жеңе білуге қабілетті тұлғаны қалыптастыруға жағдай туғызады. Дефектология мамандығы бойынша жұмыс істейтін «Жан нұры» студенттік ғылыми үйірмедегі еріктілер қызметінің тиімділігін арттыру үшін кафедра оқытушылары мен жетекшісі оларды психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдайды: кеңес береді, бағыт-бағдар көрсетеді және тың идеялармен бөліседі.

Волонтерлық қызметімен айналысатын студенттердің, көп жағдайда, әлеуметтік белсенділігі әр түрлі деңгейде, ал қызығушылықтары мен қажеттіліктері алуан болып келеді. Сол себепті үйірме жетекшісі міндетті түрде әр еріктінің әлеуетін сауатты пайдаланады, олардың көзқарастары мен қызығушылықтарын ескереді. Әрине, үйірмеге қатысушы волонтер-студенттердің жеке қасиеттері, құндылық бағдары, психологиялық және жас ерекшеліктері мен мүмкіндіктері, сондай-ақ олардың жеке мотивтері ескерілген жағдайда ғана еріктілер қызметі тиімді жүзеге асырылады.
Дефектология мамандығы бойынша студенттік ғылыми үйірменің өзіне тән сипаты бар екені айқын көрінеді. Бұл ең алдымен жұмыс жасайтын балалар санатына байланысты, яғни білім алуда ерекше қажеттілігі бар балаларды оқыту, тәрбиелеу, түзете-дамыту және әлеуметтік ортаға бейімдеу бағытында туындайтын мәселелерді шешу үшін терең әрі жан-жақты білімді талап етумен түсіндіріледі.
Әлия ЕРМАҒАМБЕТ, Лаура ИСАЕВА,
Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық
университетіндегі дефектология магистрі,
аға оқытушылар, Алматы қаласы