Парасатты педагог, білікті басшының өнегелі өмірі

Тағылымға толы тарихы терең біздің аудандағы №44 жалпы білім беретін мектеп биыл жарты ғасырлық мерей тойын айрықша атап өтуде. Осы қара шаңырақта ұстаздары ұжымының жетекшісі қызметін абыроймен адал атқарып, отандық білім беру саласының ілгері дамуына сүбелі үлес қосқан парасатты педагог һәм білікті басшы Әлмейізова Базаркүл ұстаз 1948 жылғы мамыр айының 16-ы күні Жамбыл облысындағы Меркі ауданының Андас батыр ауылында дүниеге келді.

1966 жылы №21 «Победа» орта мектебін тәмамдаған соң Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының химия-биология факультетіне қабылданады. 1971 жылы ол химия-биология пәнінің мұғалімі мамандығын алған жоғары білімді жас маман ретінде туған жеріне оралып, алғашқы еңбек жолын өзі түлеп ұшқан алтын ұя шәкірттеріне білім беруден бастайды. Ұстаз бола жүріп қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан тындырымды тәлімгер мектеп кәсіподақ комитетінің төрайымы қызметіне сайланды. Ол осында еңбек ете жүріп аудандық «Білім» қоғамының белсенді мүшесі ретінде мектептегі бастауыш ұйымның жұмысын жүргізді.

1975 жылы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Жамбыл облыстық комитетінің пленум мүшелігіне, 1977 жылы аудандық кеңестің депутаттығына сайланды. Көп ұзамай аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалып, аудандағы білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, халықты әлеуметтік қорғау салаларын жақсартуға қосқан үлесі үшін 1986 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Базаркүл Темірбайқызы саяси сауатты, қызметте шыңдалған ерекшелігімен 1990 жылы республикалық жоғары партия мектебін бітіріп, саясаттанушы әрі орта, арнаулы және жоғары оқу орындарында қоғамдық пәндердің оқытушысы мамандығын алып шықты.

1988 жылдың қазанынан 1993 жылғы қыркүйек айына дейін Т.Рысқұлов (бұрынғы Луговой) аудандық партия комитетінің хатшысы және аудандық кеңес төрайымы қызметтерін атқарды. Ол саяси партия ұйымын жандандыруға және оның жетекшілік рөлін арттыруға бар күш-жігерін жұмсады. Сол кездің жағдайымен алғанда елімізде коммунистік, кейіннен социалистік болып өзгерген партияның рөлі жоғары еді. Негізгі мамандығы мұғалім болғандықтан, ол мектептердегі оқу тәрбие жұмысының жақсы жолға қойылуын қатаң қадағалап отырды.

1989 жылы «Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталуы мектептердегі білім беру мен тәрбие ісіне қосқан үлесінің айғағындай. облыстың атынан Қазақстан әйелдерінің екінші сьезіне делегат болып қатысты. Осы үлкен форумда, қазақ халқының жезтаңдай әншісі, Халық Қаһарманы Роза Бағлановамен жүздесті. Кеңестік қоғам тарап, компартия өзінің жұмысын тоқтатқаннан кейін негізгі мамандығына қайта оралған ұстаз 1993 жылдан Меркі ауданының №44 орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, 1994 жылғы тамыз айынан 2010 жылдың тамызына дейін мектеп директоры болып қызмет атқарды.

Сол жылдары киелі білім ошағы ауданға ғана емес, облыс көлемінде де зор жетістіктерімен таныла бастады. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, бүгінде аудандық білім бөлімінің әдіскері Бексұлтанова Мадина Болатқызы ауданда бірінші болып мұғалімдер арасындағы облыстық олимпиадаға қатысып, жүлделі алғашқы қатардан көрінген болатын. Химия пәнінің мұғалімі Аликулова Гүлжан облыстық додада екінші орынға қол жеткізді. Физика пәнінің мұғалімі, бүгінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Даулетова Гүлзия Қадырмашқызы мен география пәнінің мұғалімі Найзабекова Гүлмира мұғалімдер арасындағы облыстық олимпиадаға қатысып, бірінші орынды иеленді.

Талапты шәкірттері Данияр Ретаев пен Ербол Оразалиевқа география пәнінен облыстық олимпиадада үшінші орын табысталды. Сол кезде ұстаздар, оқушылар  көптеген зор жетістіктерге жетіп, мектеп абыройын асқақтатты. Мектеп түлектері Ажар Арғынбаева, Сұлтан Бадалов, Антон Котенко, Карина Найзабекова, Әлібек Ахмедов, Лейла Халилова, Шахрук Юлдашов ҰБТ-да жоғары балл жинап, таңдаған мамандықтары бойынша түрлі жоғары оқу орындарының студенттері атанды. Мектептің мақтанышы болған Ф.Сулеева тәуелсіздік жылдарында ауданнан бірінші болып, республикалық олимпиадада құқық тану пәнінен жүлде алды.

Базаркүл Темірбайқызы басшылық еткен жылдары мектептегі балалар футбол командасы облыстық жарыстарда бірінші орын иеленсе, өнерлі оқушылар «Тараз жұлдыздары» байқауынан бірінші және екінші орындарды, бүгінде республика көлеміне танымал Наурыз Құлданов бас жүлдені, аудандық фестивальда мектеп ұжымы бас жүлдені иемденген. №44 орта мектепте де  1990 жылдың ортасынан бастап түрік тілінен сабақтар ұйымдастырылып, туысқан халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін үйрететін. Түрік тілі пәнінен сабақ берген ұстаз, биология пәнінің мұғалімі Лейла Мамедованың жетістіктері өз алдына бір төбе.

Мектепте озық үлгіде әдістемелік кабинет ашылып, аудандық байқауда бас жүлде алған еді. Сол жылдары мектеп шатыры ауыстырылып, су құбыры тартылды, көптеген кабинеттер жабдықталды, мектептегі жарық жүйесі өшпейтін желіге қосылды. Осындай мақтаулы мектепте аудандық, облыстық семинарлар үзбей өткізіліп тұратын. Базаркүл Темірбайқызы екінші шақырылған аудандық мәслихат депутаты. Әйелдер кеңесінің төрайымы. Меркі ауданы әкімдігінің жанындағы отбасы және әйелдер ісі жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары қызметтерін асқан жауапкершілікпен атқарды.

Базаркүл Темірбайқызы өзі қызмет атқарған мектепте ғана  емес, ауданның барлық білім ошақтарында білім беру ісінің бірізділікпен жүргізіліп, тәрбиенің жақсы жолға қойылуына өз ықпалын тигізді. Ол білім беру саласындағы еңбегі мен елеулі табыстары үшін бірнеше рет аудандық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасының, салалық министрлік пен Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұл – ұлағатты ұстаз ерен еңбегіне берілген биік баға болатын.

Тәуелсіздік жылдарындағы белсенді қызметіне орай Жамбыл облысы мен Меркі ауданы әкімдігінің, аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталары табысталған. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаты мен «Ерен еңбегі үшін» медалін тағы қосыңыз. Меркі ауданының Құрметті азаматы. «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына – 20 жыл» медалінің да иегері. Бүгінгі таңда кемел кейіпкеріміз аудандағы коғамдық кеңестің белді мүшесі, әлеуметтік мәдени спорт, білім, денсаулық сақтау салалары, бюджет, қаржы және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласуда.

Қазақта «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мәтел бар. Әкесі ерте өмірден озған ардақты апай отбасындағы сегіз перзенттің үлкені болғандықтан, анасына қолғабыс жасап, еңбекке ерте араласты. Анасының еңбегі еленіп, «В.И.Лениннің туғанына -100 жыл» мерекелік медалімен, социалистік жарыстың жеңімпазы төсбелгісімен, Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің күміс, қола медальдарымен марапатталып, «Құрметті колхозшы» атағы берілген. Меркі аудандық кеңесінің депутаттығына сайланған танымал тұлға. Ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңіндегі отандық білім саласын тұғырландыруға еңдек сіңіріп, бейнетінің зейнетін көріп, ұл-қыздарынан жиырмадан астам немере сүйген аяулы анасы алтын алқа тағынған үлкен құрмет пен ұмытылмас өнегенің иесі. Осындай абзал ананың тағылымды тәрбиесімен сусындаған Базаркүл ұстаз бүгінде аудан халқы мен облыс жұртшылығына танылған абыройлы жан.

Ниетқали Әбдімомынұлы КОНКАБАЕВ,
№44 жалпы білім беретін мектеп директоры,
Жамбыл облысының
Меркі ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий