Рафиқа Нұртазина – 100: Ұлы мұраттар ұстанған – ұлы ұстаз

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының рухы-әлемдік өркениет көшіндегі еліміздің қуат-күшіне еселеп серпін беріп, жаңа белестерге жігерлендіретін ерен патриоттық сезім. Ол небір аласапыраннан аман жеткен тарихымыздың, мемлекеттің саяси-экономикалық, әлеуметтік қуат-күшін арттыра отырып халықтың өмір сапасын жақсартуымен айшықталатын бүгініміздің және осы негізде әлемдегі озық 30 мемлекеттің қатарына бағытталған ертеңіміздің сабақтастықтағы біртұтас өркендеуінен көрініс табуда.

Бұл ұлы үрдісте «Санамыз ісімізден озып жүруі тиіс», – деп Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айрықша атап көрсеткендей ұлт сапасын арттыру алға шығарылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан іс – қимыл кезеңі» атты Жолдауының ұлт болмысын жаңа сапаға көтеру идеялары осы ұлы мұраттарға қызмет етеді. Ұлт болмысының сапасын арттыратын тиімді факторлардың бірі-халыққа ғибрат боларлық тұлғалар өнегесін еске салып отыру. Белгілі ғалым ұлттану саласының көрнекті қайраткері Көпжасар Нәрібайұлының ұлт болмысын сапаландыруда тұлға үлгісі ерекше маңызды екенін айта келіп: «Тұлға – ол ақыл-парасаты биік, қашанда үлкен мақсаттарды көздейтін, сөзімен ісі бір жерден табылатын, ары мен жаны таза, бар ғұмырын халқының асыл мұраттына арнаған жан», – дегені тарихи тұлғалардың тәлімдік орны биік екенін  аңғартады. 

Міне, осындай тарихи тұлғаларымыздың бірі – Нұртазина Рафиқа бейнесі – қашанда болса ардақ тұтар құбылыс. Ұстаздардың ұстазы, орта білім беру ісінің реформаторы атанған Рафиқа Бекенқызының туғанына биыл жүз жыл. Қазақстан мұғалімдері ішінде Социалистік Еңбек Ері атанған бірден-бір педагог, тәуелсіздік дәуірінде де қаламы қолдан түспей «Мен ХХІ ғасырдың буынымен құрдаспын», – деп Мұқағали ақын Мақатаевтың айтқанындай, ол жаңа дәуірде тұлға қалыптастырудың сәбилік шақтағы жолдарын қазақ тілі арқылы көрсетіп берген еңбектер қалдырды.

Орта мектепте орыс тілі пәнін оқытудың әдістері мен құралдарын, балабақшада сәби тілінің қазақша дамуын зерттеп ұсынған мұраларын қамтыған оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерінің жалпы саны 270-тен асады екен. Жастық – қуат, қарттық – даналық дегендей тоқсаннан асқан жасында да, білім беру мекемелеріне барып, ақыл-кеңестерін айтып, педагогтық үздік тәжірибелерімен бөлісуін тоқтатқан жоқ. Алла берген дарынын қажымас еңбегімен, қуатты жігерімен, қайтпас табандылығымен жүзеге асырып үлгерді.

Ардақты апайымыздың педагогикалық ойлары, ақыл-кеңестері, көрсеткен жолдары әлі талай ұрпаққа тәлімдік үлгі, рухани азық болып қызмет ете бермек. Мен өзімнің педагогикалық жолым Рафиқа Бекенқызы үлгісімен киелі Алматыда, мектеп аясында тоғысқан бақыт иесімін. Танымал тұлғаның озат тәжірибесіне 1980 жылдарда кездесуімнен бұрын-ақ сырттай еліктейтінмін. 1976-1977 жылдарынан бастап-ақ, яғни мектеп табалдырылған Алматыда мұғалім болып аттаған сәттен – ақ ұлағатты ұстаздың педагогикалық әдістемелік өсиетімен өскен жас мұғалім болдым.

Рафиқа  апаймен жақын араласып, пікірлес болуым өзімнің 1991 жылы №159 мектепте директор болып тағайындалуынан басталды. Бұл өзі айтса сенбейтін, өзімде осы күні таңданатын жай. Ол кезде республикамыздың орталығында төрт-ақ қазақ мектебі болды. 1991 жылы Асқар Тоқпанов, Өмірзақ Айтбаев, Жүніс Ыбырайов, Рахманқұл Бердібаев тағы да басқа азаматтардың билік табалдырығын тоздыруымен тамыз айында №3 орыс тіліндегі мектеп интернат жабылып, №159 қазақ мектебі ретінде ашылуына байланысты мені ұжым басшылығына сайлады. Бұның қазақ мектебі болу себебі, ғимарат Алматыдағы ең алғашқы қазақ мектебінің ғимараты екен. Сол қара шаңырақтың қайта қайтарылуы тәуелсіздігіміздің алғашқы жемісінің бірі еді.

Шоқан Уалиханов атындағы тарихы терең №12 қазақ мектебінен 400 оқушы, 33 мұғалім бөліп берілді. 1968 жылдан бастап, №12 мектепті Нұртазина Рафиқа 19 жыл басқарып, іскер, жаңашыл, жауапкершілікті, ынтымақшыл педагогикалық ұжым қалыптастырып кеткені маған да үлкен сеп болды. Сондай озат көріктен шыққан мұғалімдер жаңа ашылған оқу құрал-жабдықтан түгі жоқ жұрдай мектепте барлық қиындықтарға мойымай меңгеріп кетті. Арада он жыл өткен кезде Алматы қаласы бойынша ғана емес, республикалық деңгейдегі ең үздік мектеп мәртебесімен кеңінен танылдық. Тәуелсіз еліміздің ілгері дамуымен бірге жетіліп, қатар биіктеген біздің білім ордасын жұртшылық «Тәуелсіздіктің құрдасы» деп ерекше ризашылықпен атайтын.

Бұл биік атаққа лайық болу, сөз жоқ, үлкен табыс еді. Сол жемісті жетістіктердің рухани қуаттандырушысы Рафиқа апайымыз болғанын мақтан тұтамыз. Тәжірибелі тәлімгердің 1968 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы дәрежесіндегі жоғарғы мәртебесі де мектептерге сіңірген еңбегінен туған. Алматы қаласындағы №12 қазақ мектебінде директор болған жылдардағы педагогикалық ұжымды озат үлгі деңгейіне жеткізгені ерекше тарихи белес болды. 1973 жылы бұл білім шаңырағы еліміздің аумағында алғаш рет ағылшын тілін тереңдете оқытуға көшкен еді. Бұл туралы ол өзінің «Продолжение урока» деп аталған кітабында зерттеушілік сипатта жазылған.

Естеліктер жинағында мектептегі ғылыми-әдістемелік жұмыстардың нәтижелері талданып, сабақтарда, оқу-тәрбие ісінде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланудағы талғапаздық, орыс тілімен әдебиетін бағдарламалық түрде оқыту, техникалық оқу құралдарын қолдану сияқты сол замандағы өзектілікті мәселелердің маңыздылығына тоқталады. Ол ғылыми, әдістемелік, ұстаздық, жазушылық, шығармаларында «Мектеп. Мұғалім. Оқушы. Адам» біртұтастықта жетілдіру қажеттілігін өмір мұраты санайды. Рафиқа Бекенқызының ғылыми және әдістемелік педагогикалық қызметінің өзегі орыс тілін, қазақ тілін және әдебиеттерін оқыту болды.

«Книга для чтения по русскому языку» (қазақ мектебінің 6-сыныбына арналған), «Русская советская литература» (қазақ мектебінің 10-сыныбына арналған) оқулықтары отыз жылдан астам барлық мектепте пайдаланылып, бірнеше мәрте қайта басылып шықты. Зейнеттік шағында да қарқынды да жемісті шығармашылықпен айналысқан апайымыз ашық сабақтар, ақыл-кеңестерін ұсынған мақалалар мен құнды еңбектерін жазды. 1981-1991 жылдарда Теледидар және радио комитетінің тапсырысымен табиғи тұрмыстық жағдаяттар арасында қазақ тілін үйренгісі келетіндерге арналған “Таня мен Болат үшін радиосабақтар” жүргізді.

Қызықты хабар күн сайын таңертең және кешінде кейде күніне бірнеше рет жүз мыңдаған тыңдармандар назарына ұсынылатын. Осы радиосабақтардың негізінде 1991 жылы «Говорим по-казахски» атауымен 12 радиокассетадағы 101 сабақтан тұратын қазақ тілі оқулығы жарияланды. Бұл жұмыстың жалғасы ретінде 1992 жылы «Разговорник для общения в сфере обслуживания» тақырыбындағы кезекті туындысы жарыққа шықты. 1998 жылы мектеп жасына дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балалар үшін «Мирастың кітабы» жазылды, «Өзге тілдерде сөйлемейтіндер үшін қазақ тілі» республикалық байқауда ҚР БРМ-ң және Сорос-Қазақстан гранттарын ұтып алды.

Кітап барлық балабақшалар мен бастауыш мектептерде дидактикалық құрал ретінде пайдаланылып келді. Баланың көрнекі, бейнелі, абстрактілік ойлауын жетілдіруге арналған 2001 жылы басылған «Оқимын, ойлаймын, ойнаймын» атты кітап парасатты педагогтың рухани бай мұрасын толықтыра түсті. Бұлармен бірге сыныптан тыс оқу үшін Л. Асқар және А.Сейсеновамен бірлесе жазған “Наурыз”, “Құрбан айт”, “Дүниеге сәби келді”, “Ораза айт”, “Рамазан айы” деген кітаптар кішкене оқырмандарға жол тартты.

2002 жылы бір топ автордың құрастыруындағы алты жасар балалар үшін қазақ тілін үйрету бойынша оқулық және оқу-әдістемелік құралдар кешені мектепке дейінгі тәрбие саласына бағасы өлшеусіз сый болды. Рафиқа апайдың ерен еңбегінің ұлылығын белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов шынайы да әділ бағамдаған болатын: «Рафиқа Нұртазина орыс-украин жұртының Лев Толстойы, Ушинскийі, Макаренкосы, Сухомлинскийі қазақтың Ыбырай Алтынсарины, Спандияр Көбейі, Құмаш Нұрғалиевы сияқты аса атақты педагогтар қатарына қосылады. Осылардың орнын қазақ ұстаз-әйелдерінің арасынан Рафиқа Бекенқызы толтырды десек, артық айтқандық болмаса керек».

Міне, осындай педагогикалық мұралары талай ұрпаққа ұлттық құндылықтарымен рухани азық болатын ұлылықтан көзбе-көз сабақ алғаныма мыңда бір шүкірлік етемін. Ол педагогикалық шығармалар жазумен бірге жүздеген республикалық, бүкілодақтық мемлекеттік, халықаралық конференцияларға, съездерге, конгрестерге, жиындарға үздіксіз қатысып, баяндама оқу мен бірге қоғамдық жұмыстарға зор үлесін қосты. Ең жоғары Социалистік Еңбек Ері атағымен бірге Ленин орденімен, “Орақ пен балға” алтын медалімен, “Құрмет белгісі” орденімен, көптеген медальдармен және жоғарғы дәрежелі Грамоталарымен марапатталғаны майталман маманның қажырлы қызметіне берілген лайықты баға болатын.

1991-2013 жылдар арасындағы жүздесулерімізде кемел кейіпкердің ұлылығы қарапайымдылығында, еңбекқорлығында, табандылығында, жаңашылдығында және өмір ғашықтығында екендігін терең түсіндім. Қай кезде, қандай жағдайда болмасын ол тектілік болмысынан төмендеген сөз айтып, мінез танытқанын көрген емеспін. Үлкенге құрметпен қарайтын, кішіге көмекке дайын тұратын. 2008 жылы “Қазақстанның Еңбек Ері” атанған шағымда: “Өмір бойы орнымды басатын ұстаз көріп өтсем арманым жоқ деуші едім.

Сол арманым орындалды”,- деп қуанышын білдіре отырып: “Аягул, енді сенің Отан алдыңдағы қызметін ауырлай түседі, бұрынғыдан еселеп артық еңбек етуін керек!”- дегені әлі есімде. Ардақты апайымның сол ақылын ұмытқан емеспін. Сол ізгі лебізі мен қамқор кеңесі мені биік белестерді бағындыруыма жетелегені үшін бақыттымын.

Аягул Төреқызы МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанға
еңбегі сіңген қайраткер, Жамбыл облысының,
Жуалы ауданың және Алматы қаласының
Құрметті азаматы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий