Шеберлік – шегі жоқ байлық

Бүгінгі күні кəсіби мамандар даярлауды мақсат еткен кəсіптік-техникалық колледждердің инженер-педагогтарына қойылар талап та жоғары. Осы орайда еліміздегі жұмысшы мамандар даярлауда біздің арнаулы оқу орнының да зор үлесі  бар. Қазіргі білім беру үдерісін ақпараттандыру арқылы оқыту, өндірістік оқыту процесінде коммуникациялық технологиялар мен оқытудың заманауи əдісі мен тəсілдерін қолдану өте маңызды. Мемлекеттің басты капиталы білікті мамандар даярлауды мақсат етіп, адал еңбегімен көзге түсіп жүрген  өндірістік оқыту шеберлері де жоқ емес.

Қапай Жұмабай “Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тракторшы-машинист” біліктілігі бойынша өндірістік оқыту шебері болып, отыз үш жыл колледжде үздіксіз абыройлы еңбегімен кәсіби білімге өз үлесін қосып келеді. 1988 жылдан бері Шелек политехникалық колледжінде  оқу өндіріс шебері болып, өзінің  қаншама түлектерін ұшырды. Ол өз ісіне адал, әріптестері арасында сыйлы. Кәсіптік білім беру саласында кәсіби мамандыққа икемдеп, тез тіл табысып олардың киындықтары болса тез арада шешуді әдетке айналдырған шебер Қапай Жұмабайдың есімін ұжымда ілтипатпен атайды. Ол 1962 жылғы шілде айының 15-і күні Шелек ауылында дүниеге келген.

Осы ауылда орта мектепті бітіргеннен кейін 1980 жылы Талдықорған индустриялық педагогикалық техникумына ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1986 жылы техник механик өндірістік оқыту шебері біліктілігін алған. Колледжде оқу өндіріс шеберінің жұмысы жауапты әрі күрделі еңбекті арқалаған ол колледжге  қабылданған білімгерлерді бірінші курстан бастап өз мамандықтарына баулып, әрі өндірістік шеберханада еңбекке үйретеді. Қапай Жұмабай сабақтың материалдық-техникалық жабдықтарын алдын-ала дайындауға, білімгерлер  жұмыс жасаған кезде техника қауіпсіздігін сақтауға, қажетті тапсырмалардың дайын болуын қадағалайды.

Өндірістік оқытуды жоғары әдістемелік дәрежеде өткізу үшін шебер сабаққа алдын-ала мұқият дайындалады. Жұмыстың озық әдістерін ұйымдастыруды қамтиды. «Шеберлік – шегі жоқ байлық», – десек те, ақыл – парасат тәжірибеден туады. «Өмірдің қуанышы көп алуыңда емес, басқаларға көп беруіңде, білім мен тәжірибеңді халыққа таратуыңда», – деген Бауыржан Момышұлының даналығына жүгінсек, Қапай Жұмабай ақыл парасаты және ізденісті білімімен өз мамандығын жан-жақты меңгерген шебер. Өндірістік оқыту сабақтарының негізін – білімгерлердің теориялық сабақтардан алған білімдерін тәжірибеде бекітуді  мақсат еткен Қапай  Жұмабай әрбір сабағын тиімді ұйымдастырумен қатар, білімгерлердің мамандыққа деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын арттыруды басты назарда ұстайды.

Кәсіби білім алушылардың сабақ үлгерімінің жақсы болуы өндіріс шеберінің сабаққа дайындығына байланысты. Шебер мен білімгердің түсіністікпен жұмыс жасауы, білім беруі және қабылдауы дидактикалық үдеріс болады. Қапай Жұмабай өз сабақтарында оқытудың дидактикалық қағидаттарына, яғни тәрбие, теория мен тәжірибенің байланысына көрнекілікпен оның ғылымилығы мен жүйелілігіне көп көңіл бөледі. Оқыту кезінде шебер білімгерлерді еңбекке баулып, берілген техниканы күтіп ұстауға, еңбек мәдениетіне үйретеді. Оқыту үрдісінде ғылымилық қағидаттармен бірге жүруі керек, яғни оқытудың мазмұны, түрі және әдісі білімгерлердің берген білімді игеру мүмкіндігі мен дайындық дәрежесіне сәйкес болуы керек.

Білім – қазына қоймасы, оның кілті – практика болса,Жұмабайдың  шәкірттері  алған теориялық білімдерін өндірістік оқыту кезінде қолдана алады. Олар әртүрлі бағдарламалармен жұмыс істеу, игеру, сонымен бірге техника қауіпсіздігі негіздерін біліп үйренеді. Практика жүзінде білгенін әрі қарай ұштастырады. Біздің колледжді бітірген түлектер жұмысқа кіргенде сұраныспен жұмысқа қабылданады, әрі жұмыс берушілері де ризашылықтарын білдіріп жатады. Осының өзі оқу өндіріс шеберінің игі еңбегі еңсені сезбейтінінің дәлелі. Ол өз ісіне адал, әріптестері арасында сыйлы, қарапайымдылық қағидасымен адамгершіліктің туын қашанда  жоғары ұстайтын Қапай Жұмабайдың әрбір ісі мен өткізген ашық шаралары өзгелерге үлгі.

Өзі оқытқан шәкіртері бүгінде колледжде топ шебері болып еңбек етеді. Осы уақыт аралығында  бітірген шәкірттерінің ішінде біразы оқуларын ары қарай жалғастырып жоғары білім алып, өмірден өз орнын тауып,  қызмет атқарып жүр. Білімгерлерімен жарыстарға да белсене қатысады нәтижесінде жүлделі орындар алып отырады. Барлық өмірі осы колледжбен тыгыз байланысты, өрімдей жас кезінен, жас маман болып жұмысқа орналасып осы уақытқа дейін қызмет атқарып келеді. Бұл да оның бойындағы өз мамандығына деген сүйіспеншілігі деп ойлаймын. Қаншама уақыт бір орында қызмет атқарып өмір белестерін өткізген Жұмабай Қапайдың бағындырған жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай.

Алғыс хаттары, ақшалай сыйлықтары, аудан мен облыс әкімдерінің Нұр Отан партиясының марапаттары еңбегінің жемісі екені айдан анық. «Адал еңбекпен тапқан нан майша жұғады», – дегендей Жұмабай отбасында асқар тау әке, ардақты ата. Бүгінде асыл жары Қалбүбі екеуі ұлағатты ұл, қылықты қыз өсірген үлгілі отбасы. Еңбекқор ата -ананың тәрбиесінен тәлім алған балалары Әлия мектепте алған білімдерінің жетістігі арқасында грантқа ие болып, Қыздар педагогикалық институтының химия пәні мұғалімі болды. Бүгінде елордасында мамандығы бойынша қызмет атқарады. Ғалиясы екі жоғары оқу орнын бітіріп қазіргі таңда Агробизнесте жетекші маман.

Ұлы Асхат Алматы педагогикалық университетінің информатика мамандығы бойынша яқтап, қазіргі кезде  Даму/ «Kcell» компаниясында. Кенжесі Таңшолпан мектеп қабырғасында тоғызыншы сыныптың озат оқушысы. Жұмабай – Еркеназ, Мансұр, Томирис атты немерелерінің сүйікті атасы. Жеткен жетістіктеріне мақтанбайтын, тағылымды тәжірибесін әріптестерімен бөлісе білетін майталман маман ұжымда қарапайым қасиеттерімен сый-құрметке ие. Қапай Жұмабайдың ерен еңбегіне табыс тілеп, бағындырар белесіңіз биік болсын демекпін.

Бибінұр Алтанқызы БАЙТОРИЕВА,
Шелек политехникалық колледжі
қазақ тілі мен әдебиеті оқытушысы,
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий