Мен педагог мамандығын таңдаймын

ҚР Тұңғыш  Президенті  – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Еңселі елдің ертеңі – кемел білім мен кенен ғылымда» –  деп атап көрсеткендей, бүгінгі қоғам жастардан білім мен ғылымды игеру жолында үздіксіз ізденуді талап етіп отырғаны дүйім жұртқа мәлім. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Ұстаз» институты, «Білім берудегі менеджмент» кафедрасының ұйымдастыруымен жалпы орта білім беретін мектеп түлектері арасында қашықтықтан өткізілген «мен педагог мамандығын таңдаймын!» атты  республикалық педагогикалық олимпиада  өз мәресіне жетті.

Педагогикалық олимпиаданың  мақсаты –  цифрлы Қазақстан жағдайында  үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесін жаңғырту аясында педагогикалық кадрлардың дайындық сапасын арттыру  мақсатында педагог мамандығына талантты түлектерді тарту. Бүгінгі олимпиадада әрбір түлектің білім деңгейлері таразыланып, сарапқа салынды. Педагогикалық олимпиадаға «Ұстаз» институтының директоры «Ұстаз» институтының директоры, э.ғ.к.,  доцент Джолдасова Орынкыз Көпбосынқызы, «Ұстаз» институтының директорының оқу-ісі жөніндегі  орынбасары  Әлмұратов Бақыт Темірханұлы, «Білім берудегі менеджмент» кафедрасының меңгерушісі Бұзаубақова Клара Жайдарбекқызы, Ш.Смаханұлы атындағы №44 орта мектебі  директорының  ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі  орынбасары Идиятова Гүлзира Жандаулетқызы қатысты.

Республикалық педагогикалық олимпиаданы «Білім берудегі менеджмент» кафедрасының меңгерушісі п.ғ.д., профессор Бұзаубақова Клара Жайдарбекқызы ашып, қатысушы  мектеп бітіруші түлектерге сәттілік тіледі. Олимпиада үш турдан тұрды. Бірінші тур – «Визитка» «Мен педагог мамандығын таңдаймын!» авторлық бейнеролик. Екінші тур – «Эрудит» білімділер сайысы  интеллектуалды тур. Үшінші тур. «Егер мен педагог болсам…» инновациялық авторлық жоба. Педагогикалық олимпиадаға қатысуға республиканың түкпір-түкпірінен мектеп түлектері өтініш берді. Байқау болған соң, жеңіс болу керек.

Сол себепті қатысушыларды іріктей келе «Ең үздік» деп танылған жұмыстар әлеуметтік желілерге, кафедраның фейсбук парақшасына алдын-ала салынды. Бірінші тур – «Визитка» «Мен педагог мамандығын таңдаймын!» авторлық бейнеролик әзірлеуде қатысушылар осы қиын да қызығы мол мамандықты таңдау жолдары мен себептерін жан-жақты ашып көрсеткен бейне роликтерімен жұртты тәнті етіп, ұпай жинады. Бұл байқауда жұмыстың мазмұнға  сәйкестігі, өзектілігі, идея ерекшелігі, баяндау сауаттылығы, әртістік шеберлік және мазмұндылығы бағаланды. Олимпиаданың бұл туры әлеуметтік желідегі дауыс саны және бағалау критерийі арқылы бағаланды. Ең жоғары балл жинаған қатысушылар келесі турға өтті.

Екінші тур – «Эрудит» білімділер сайысы интеллектуалды тур. Бұл турда қатысушылардың теориялық білімдері бағаланды. Қатысушылар бейіндік пәндер бойынша арнайы жинақталған тест сұрақтарына жауап берді. Тест сұрақтары  Google test формсы бойынша алынды.  Үшінші тур – «Егер мен педагог болсам…» инновациялық авторлық жоба. Инновациялық авторлық  жобаны (идеяны) еркін форматта ұсыну. Бұл байқауда сыни ойлаудың креативтілігі, инновациялық  мазмұндылығы, баяндау ерекшелігі басты назарға алынды.

Қатысушыға еркін инновациялық форматта педагогикалық жоба, яғни эссе, постер, ғылыми жоба, педагогикалық ертегі, авторлық бейнеролик ұсынуға мүмкіндік берілді. Көктал орта мектебі КММ түлегі Сарсенов Саят биология пәні мұғалімі болуды армандап өз инновациялық жобасын қорғауда өзінің жүрегінен шыққан өлең жолдарын арнады. 
Табиғаттың құпиясын зерттейді,
Табиғатсыз адам тірлік етпейді.
Өсімдік пен жануарлар әлемін
Оқысаңыз ол да көптік етпейді,
Биология ғылымдардың дарасы
Қор болады, оқымаса адамзаттың баласы
Байлық деген жетіп жатыр бүгінде
Айналаңа көз жіберіп қарашы.Талантты түлектер барлық тур бойынша өз білімдерін, креативті ойларын, ой мазмұндылығын, баяндау шеберлігін, білімдерін ортаға салды.

Нәтижесінде Көктал орта мектебі КММ түлегі Сарсенов Саят, Тараз қаласы, Ш.Смаханұлы атындағы №44 мектеп түлегі Тұрсынбай Арай, №14 Бейімбет Майлин атындағы орта мектеп түлегі Лесбек Диана, Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназия түлегі Павлова Лиана  жүлделі үшінші орынға ие болды. №10 Күреңбел орта мектебі түлегі Серікмахамбет Анеля, Көктал орта мектебі КММ түлегі Бейсен Инабат екінші орынды жеңіп алса, Көктал орта мектебі КММ түлегі Жақсылық Қарақат өзінің таланты мен білімінің, жаңа идеяны жеткізу шеберлігі арқасында жүлделі бірінші орынды иеленді.

«Мектептің жаны мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы. Яғни мұғалім білімді болса ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң ең әуелі мектепке керегі білімді, педагогика, методикадан хабардар жақсы оқыта білетін мұғалім» –  деп  Ахмет Байтұрсынов айтқандай,  өзінің креативті ойымен, білімділігімен, жан-жақтылығымен, сындарлы ойлауымен, сауаттылығымен, әртістік шеберлігімен ерекше көзге түскен Тараз қаласы, Ш.Смаханұлы атындағы №44 орта мектебі түлегі Шаяхмет Асел Бас жүлдені қанжығасына байлап, «білім беру гранты-«Dulaty 2021» грантына үміткер деп танылды. 

Жеңімпаз Шаяхмет Асел «Егер мен педагог болсам …» инновациялық авторлық жобасы көпшілік көңілінен шықты. Егер мен педагог болсам, өз мектебімнің білімді әрі білікті мамандары секілді әр оқушымен жеке еркін түрде сөйлесер едім. Себебі «Ұстаз» деген тек білім беріп қана қоймай, сонымен қатар психолог та болу керек деп санаймын. Екінші қарастырар мәселе, оқушылардың білімге деген шабытын, ынтасын ояту. Ол қалай болады? Менің жоспарым: түрлі мерекелерді атап өту; спорт командаларын құру; қайырымдылық күнін, апталығын, айлығын өткізу.

Осы арқылы мен оқушыларымның сәл де болса жүрегіне мейірімділік, кішіпейілділік, бауырмалдық қасиеттерін ұялатсам деймін. Мектепке деген қызығуышылықтары артатынына сенімдімін. Бала кезден айтатын сөзіміз бар епес пе “Ұстаз-екінші ана”-деп. Мағынасы терең бұл сөзге Александр Македонскийдың “Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін, әкемнен өмір алсам, Аристотельден өмірімді жақсы өткізу үшін білім алдым” деген асыл сөздері дәлел. Тура мағынасында айтқанда бізге алғаш қадам басуды ата-анамыз үйретсе, өмірде дұрыс жолға түсіп, биік шыңға жету үшін нық қадам басуды ұстаздарымыз үйретті. Сол үшін де барша ұстаз қауымына, ұстаз атауына алғысым шексіз. Ұстаз әрқашанда биік мәртебенің үлгісі!

Арманыңды мақсатыңа айналдыр демекші, менің қазіргі таңдағы мақсатым, болашақта менің де шәкірттерім мені үлгі тұтатындай, сіздердей педагог болу! Біз педагог мамандығын таңдаймыз! Біздің таңдауымыз – Ұстаз институты! деп мектеп бітіруші түлектер өздерінің жүрекжарды тілектері мен әндерін «Ашық микрофон» айдарында жолдады. №19 Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы түлегі Өмірзақ Жанат Сабыржанқызы өзінің жүрекжарды тілегін өлеңмен өрді. 
Ниетіміз ұстаздыққа талмайтұғын
Тек биікке, асау көкке самғайтұғын.
Ұстаз деген  Тәңірімнің сыйы емес пе?!
Тарих пенен болашақты жалғайтұғын. 

Бас жүлде «Білім беру гранты – «Dulaty 2021» грантына үміткер Шаяхмет Әселдің жүрекжарды сөздерін ұсынғанды жөн көрдік: Жалпы білім беретін мектептің жас түлектер арасында қашықтықтан өткізген “Мен педагог мамандығын таңдаймын!” атты республикалық педагогикалық олимпиаданың ұйымдастырушыларына, “Білім берудегі менеджмент” кафедрасының меңгерушісі Бұзаубақова Клара Жайдарбекқызына айтар алғысым шексіз! Бүгінгі олимпиадада біріншіден Республикамыздың барлық өңірінен қатысқан білімді, алғыр жас түлектердің ойларын тыңдап, қажетін алып, екіншіден арман еткен “Мен педагог боламын” деген мақсатымның орындалуына мүмкіндік бергені мен үшін қайталанбас, теңдесіз жеңіс болды.

Осындай жеңіске дайындаған, моральді түрде қолдау көрсетіп, тілеуімді тілеген ардақты да асыл ұстаздарыма мың алғыс! Жетекшім болған Ерғали Айман Ерғалиқызының, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сыдықова Сауле Өменқызының үміттерін ақтап, осындай жетістікке жетіп отырсам, болашақта Клара Жайдарбекқызының үмітін ақтап, одан да биік шыңдарға жетіп, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін биік белестерден көрсетуге уәде беремін! 
«Жеңілген ешкім жоқ, жеңген бәріміз!».
Ең бастысы –  Біз біргеміз!
Осындай келелі істер жалғасын табары сөзсіз.

Сауле БУПЕТАЕВА, Жазира КУМИСБЕКОВА,
Білім берудегі менеджмент кафедрасыының
оқытушылары, Жамбыл облысының Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий