Кітап оқу – рухани әлемге бастар жол

Бұқаралық ақпараттар ағымы толассыз ағылған жаһандану заманында саналы адамның қолына кітап алуы, кітап оқуға деген қызығушылықтың жоғалуы әлемдік мәселеге айналды. Кітап оқу, жалпы руханият мәселесі қатты дағдарысқа түсті.Әлем елдері бұрынғыдай кітап оқу дағдысын қайта жаңғыртуды мақсат етіп, кітап оқу қызығушылығын оятуға арналған түрлі жобалар, акциялар, заманауи іс-шаралар ұйымдастыруда.

Кітапқа қызығатын, сүйіп оқитын оқырмандар саны мүлдем жоқ деуге болмас, кітап оқитын жастар аз да болса бар. Жастардың кітап оқу дағдысын кішкентайынан қалыптастыру отбасының міндеті. Кітап оқымайтын бала болмайды. Қызықтыра алмайтын ата-ана, орта, яғни, себепті өзімізден іздеуіміз керек. Абай атамыз «Адам баласы бір-бірінен ақыл-ой, оқу-білім және парасатпен озады» десе, ағылшын жазушысы Олдос Хаксли «Балаларға арналған кітаптардың барлығын оқымай тұрып өзіңді ересек санаудың қажеті жоқ» деп айтса, Сенека: «Қорғанды оқудан ізде, сен өмірдің барлық қайғы-қасіретінен құтыласың», – деп айтып кеткен.

Елімізде кітапхана саласы жыл сайын кітапты, кітап оқуды насихаттау мақсатында жүздеген іс-шаралар ұйымдастырады. Солардың ең ауқымдысы, жыл сайын өткізіліп тұратын республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы Бұл акцияда көп оқылатын бір ғана кітап үздік деп танылады. Еліміздегі осы акцияның арқасында қазақ кітаптарының өлмес, өшпес мұраға айналуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев (22. 10. 2020 ж) Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы оқу мәселесінің маңыздылығын атап өткен болатын.

Президент бұл мәселедегі кітапханалардың мәртебесіне назар аудара отырып, еліміздің барлық тұрғындарының күш-жігерін қазақстандық оқырман ұрпақты тәрбиелеуге шақырды. Осы мақсатта Мәдениет және спорт министрлігі «2021 жылды – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялады. Сондай-ақ «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында елімізде қарқынды түрде іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жобаның мақсаты – еліміздегі кітапханалар ахуалы мен көркем әдебиетке деген оқушылар мен жастардың қызығушылығын арттыру.

Биыл «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» ұранымен танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы 30 үздік туындысы таңдалып ұсынылған болатын. Институт кітапханасы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Мобильді кітапхана» қорында  «QR код» арқылы кітап жүктеп оқуға мүмкіндік жасады. ҚР Бiлiм және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Кітапханашылардың мәртебесін арттыру, олардың еңбекақысын көтеру және жұмысының жаңа талаптарға сай болуын» (17. 11. 20202 ж) қайта қаралуы қажеттілігіне тоқталғанын білеміз.

Сондай-ақ, жастардың ақпаратты цифрлық технологиялар арқылы пайдаланатынын ескеріп, алдағы уақытта кітапханаларды цифрландыру жоспары бар екенін айта келіп, «Көркем әдебиеттің электронды нұсқаларын интернет және мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді ету қажет. Мұндай жобалар қазірдің өзінде бар. Олардың авторларымен бірігіп жұмыс істемекпіз. Сондай-ақ, біз геймификация элементтерін қолдануды жоспарлап отырмыз», –деп Facebook парақшасында жеткізген болатын.

Демек, білім саласындағы кітапхана кадрларына қойылатын талаптар күшейтілетін болады, өйткені олар тікелей кәсіби кеңесші болып қана қоймай, тиісті ұсыныстар, кеңестер беріп, қажетті кітаптарды таңдаумен, ұсынумен ғана шектелмей, сонымен қатар заманауи технологияларды меңгеруі тиіс. Кітапхана қызметкерлері барлық жас аралық деңгейдегі оқырмандардың сұранысын қанағаттандырып ақпаратты табуға ғана емес, оны пайдалануға да көмектесетін маман болуы тиіс. Әрине, осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін, бізге кәсіби білімді, жоғары мәдениеті, жаңа әдістер мен технологияларды меңгерген кітапханашылар қажет.

Өркениетті ел үлгісімен еліміздегі мектеп кітапханалары дәстүрлі кітапхана жүйесін жаңа сандық дәуірге жетелейтін заманауи ақпараттық орталықтарға айналады. Осы бағыттағы модернизация білім саласында қоғамдық кеңістіктердің өте танымал түрі live-әлеуметтік желілердің ерекше форматына айналатын демалыс аймақтары, тіпті оқушыларды онлайн ойынмен қамтып, ерекше интерьерімен тартатын тың өзгерістер еліміздегі білім алушыларға жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Цифрлы әлемнің дамуы қоғамның ақпаратты қалай қабылдайтынына, кітапханалардың жұмысына тың өзгерістер әкелуде.

Бұл кезде кітапханалар адамдарға жасына, біліміне, этникалық тегіне, тіліне, кірісіне, физикалық шектеулеріне немесе географиялық кедергілеріне қарамастан, қажетті ақпаратқа қол жеткізуге көмектеседі. Кітапхана қауымдастығының ақпаратқа тең қол жетімділік, зияткерлік, еркіндік, сондай-ақ объективті басқару және ақпарат беру сияқты негізгі құндылықтары сақталып қана қоймай, онан әрі нығайтылуы керек.Қорыта айтқанда, кітапханалар өмір бойы білім алудың ажырамас бөлігі, зияткерлік әлеуетті дамытудағы өмірлік серіктес. Кітапхана интеллектуалды фитнес. Ақылды болу сәнді. Біз осы сәнді көтере беруіміз керек.

Гүлнәр Сейтбекқызы НҰРЕКЕЕВА,
Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы Қызылорда
облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институтының кітапханашысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий