Қызылорда облысы: Білім басқармасының басшысы баспасөз брифингін ұйымдастырды

Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі ұсынған ресми мәліметке жүгінсек сәуір айының 25-30 аралығында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі ұйымдастырылған. Олимпиада барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып оффлайн түрде, «Дарын» Республикалық ғылыми практикалық орталығының  жауапты қызметкерінің қатысуымен «Бір қатысушы-бір компьютер-бір камера» форматы бойынша «USTUDY» тестілеу орталығы  базасында жүргізілді.

– «USTUDY» тестілеу орталығында алдын ала мамандандырылған бригадамен дезинфекциялық шаралар жүргізілді. Барлық санитарлық нормалар, термометрлер, санитайзерлер, маскалармен қамтамасыз етілді. Аудиторияларда арақашықтық сақталды. Баррикадты ленталар орнатылды, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу тәртібі және пәндік олимпиада қорытындысы туралы баспасөз брифингінде сөйлеген сөзінде. – Шоғырландыруды болдырмас үшін ата-аналардың, жетекшілердің олимпиада өтетін база жанында жиналуына тыйым салынды. Олимпиадаға аймақтағы жалпы 24 мектептен, жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық бағыттардағы 13 пән бойынша 56 оқушы қатысты. 

25 сәуір күні республикалық олимпиаданың салтанатты ашылуы онлайн түрінде өткізілді. Ал, 26-27 сәуір күндері олимпиаданың І және ІІ туры өтті. Қатысушыларға оқу әдістемелік орталығы мамандарымен тренинг өткізілді. 28-29 сәуір күндері турдың қорытындысы webinar.daryn.kz сервисі арқылы облыстан 10 оқушы жеке логин паролі арқылы апелляцияға өтініш берді. Апелляция барысында 5 балаға қосымша балл қосылды. Ерекше айта кетейік, олимпиада барысы ашық өткізілді. Білім сынағын әрбір ата-ана ашық бақылай алады. Тікелей трансляция respa2021.daryn.kz сайтында жүргізілді.

30 сәуір күні Республикалық Олимпиаданың жабылуы рәсімі өткізілді. Нәтижесінде облыстан 1 бала – І орын, 12 бала – ІІ орын, 14 бала – ІІІ орынмен марапатталды. Барлығы 56 оқушының 26-ы жүлделі (47,5 пайыз) орын иеленді. (Республика бойынша 1 орын -122, 2 орын -214, 3 орын-349 оқушы). Республикалық олимпиаданың нәтижелерін сандық талдау бойынша Қызылорда облысы 9 орында. Ал 6 облыстар бойынша 7 орын көрсеткішіне шықты. Республикалық кезеңге 2017-2018 оқу жылы 55 қатысушы – 21 орын. 2018-2019 оқу жылы 82 қатысушы – 27 орын. 2019-2020 оқу жылы өткізілмеді.

Бірінші орын алған №10 БИЛ оқушысы Еңлік Контуреева. Республикалық олимпиада қорытындысы бойынша «Үздік 100 мектеп» анықталды. Үздіктер қатарында облыстан 3 білім беру мекемесі енгізілді. Олар: 18 орында – №9 БИЛ, 36 орында – №10 БИЛ, 115 орында – Қазалы ауданынан №249 мектеп енгізілді. Биыл 261 мектептен 7006 оқушы мектепті аяқтайды. Балалардың 85 пайызы (5949 оқушы) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады деп жоспарланып отыр. 2020 жылғы маусым айында өткізілген ҰБТ-ға 6060 бітірушінің 5172-і ( 85%) қатысты. Орташа балл – 78. 2021 жылғы қаңтар айында өткізілген ҰБТ-ға 7002 бітірушінің 5831-і (83%). Орташа балл – 74. 2021 жылғы наурыз айында өткізілген ҰБТ-ға 7006 бітірушінің 5757-і (83%). Орташа балл -80.

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл электронды форматта ұйымдастырылады. Қызылорда облысында тестілеу 6 мамыр мен 30 маусым аралығында 475 орынға арналған 4 арнайыы жабдықталған тестілеу орталықтарында өтеді. (Қызылорда-Тәжібаев №18 жеке ғимаратта жалдамалы – 175 орын, Қазалы-№249-100, Қармақшы-№250-100, Жаңақорған-№110-100) электронды форматта өткізіледі. Биылғы жылғы жаңа ереже бойынша, мектеп бітірушілер ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. ҰБТ өткізу барысында санитарлық шектеу шаралары қатаң сақталатын болады.

Облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігермен бірлесіп, ҰБТ өткізілетін орындарда санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың сақталуы бойынша арнайы жоспар бекітілді. Атап айтқанда түлектер: төрт кезеңнен тұратын дезинфекциялық шаралардан өтеді: дезинфекциялық кілемшелер арқылы аяқ-киімдерін тазалайды; антисептиктермен қолдарын өңдейді; -дене қызуын өлшейді, маскалық режимді сақтайды. Сонымен қатар, бітірушілерді кіргізу және аудиторияларға орналастыру барысында әлеуметтік қашықтықты сақтау, өткізілетін орынды дезинфекциялау, аудиториялардың ауасын желдету, кварц шамдармен өңдеу жұмыстары жүргізіледі.

ҰБТ уақытында бітірушілердің өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін медициналық, өртке қарсы қызметтері және ішкі істер органдары бірлесіп жұмыс жасайтын болады. Шалғай елді-мекенде орналасқан бітірушілерді тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылатын болады. Ұлттық тестілеуді өткізудің негізгі ерекшеліктері туралы Ұлттық тестілеу орталығы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі филиал басшысы Нағима Әбдіманатқызы жан-жақты айтып берді. – Ұлттық бірыңғай тестілеу барысы және қашықтан оқыту форматының барысы осы. Брифингті пайдалан отырып, тағы бір ақпарат айта кетейік, ертеңнен бастап ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының ІІ кезеңі 3 аудандық (Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған) және Қызылорда қаласындағы Юстади орталықтарында ұйымдастырылып өткізіледі, – деді ол. 

Олимпиада жеңімпаздары дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқуға мүмкіндік алады. Ал, 2-10 сәуір аралығында өткізілген олимпиаданың І кезеңіне облыстан 222 ауыл мектебінен 9027 оқушы қатыстырылды. І кезеңде оқушылардың кеңістік және логикалық ойлауы бағаланды. Нәтижесінде қорытынды кезеңге 340 оқушы жолдама алды. 5 сынып оқушылары -148, 6 сынып оқушылары – 192 бала. Оқушыларды тіркеу, компьютерге отырғызу, нұсқаулықпен таныстыру, тестілеу жүйесіне енгізуге 1,5 сағат, компьютерлік тестілеуге – 2,5 сағат уақыт беріледі. Оқушылар 4 пәннен – математикалық сауаттылық (40), қазақ тілі/орыс тілі (20), ағылшын тілі (20) және жаратылыстану (20) пәндері барлығы 100 сұрақ бойынша компьютерлік тестілеуден өтеді.

Оқушылардың ата-аналары және жетекшілері тестілеу кезеңінен онлайн түсірілімді www.education.kz интернет ресурсынан көре алады. «Мың бала» олимпиадасы 2020 жылы Қызылорда облысы бойынша 222 ауыл мектебінен 18425 оқушыны қамтып, 301 оқушы қорытынды кезеңге жолдама алып, 75 оқушы (5- сыныптар бойынша 38 оқушы, 6 сыныптар бойынша-37 оқушы) олимпиада жеңімпазы атанды. Оның ішінде 23 оқушы мамандандырылған мектептерге орналастырылып (РФМШ-4, №10БИЛ-4, №9БИЛ-3, №4ОДМИ-12), 301 оқушы Birge oqý онлайн мектебінде білім алуда.

ҰБТ өткізудің форматы биыл электронды форматта өткізіледі. Былтырғы жылдағыдай 5 пән бойынша 120 сұрақтан тұратын тест тапсырып, ең жоғары 140 балл жинауға мүмкіндігі болады. ҰБТ-ның бұл форматы ашық әрі әділ өтеді. Бұл балалар үшін өте тиімді. Біріншіден, мектеп бітірушілер тест күнін күтіп, күйзеліске ұшырамайды. Психологиялық қорқыныштан арылуға көмектеседі. Екіншіден, тестті екінші рет тапсыру мүмкіндігі жүйкеге түсетін салмақты азайтады. Балалар 6 мамыр мен 30 маусым аралығында өзіне ыңғайлы уақытты таңдап, ұлттық тест тапсыратын күнді белгілейді. Бұл ретте айтуымыз қажет, балалардың шоғырлануы болмайды. Бұрынғыдай емес топтасып тест тапсыруға жол берілмейді.

Балалардың ұлттық тест тапсыруына 240 минут, яғни 4 сағат беріледі. Тест тапсыру кезінде бітірушілерге екі рет үзіліс беріледі. ҰБТ басталған соң бір сағаттан кейін көзді тынықтыру үшін 2 минут, 2 сағаттан кейін 15 минут берілмек. Осы уақытта түлектер әжетханаға шығып, демала алады. ҰБТ аяқталғаннан кейін тапсырмалардың жауаптарымен талдау картасы шығады. Бітіруші нәтижелермен келіспеген жағдайда 30 минут ішінде электронды түрде апелляцияға беруге құқығы бар.  Аппелияция нәтижелері республикалық аппелияциялық комиссияның шешімінен кейін 30 жұмыс күн ішінже тестіленушінің жеке кабинетінде көрсетіледі. Барлық тестілеу пункттері талапқа сәйкес жабдықталған (аркалы металл іздегіш, қол металл іздегіш, соңғы үлгідегі ұялы байланыс сигналдарын  тұңшықтыратын құрылғы, соңғы үлгідегі компьютерлік техникалар, кең жолақты интернет).

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий