Бәсекеге бейім маман даярлау – басты назарда

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», – деп атап өтіп, әлем елдерінің алдыңғы сапында жүру үшін бәсекеге қабілеттіліктің бірінші кезектегі мәселе болатынын айтты. Ал бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырып, оны ұдайы арттырып отыру үшін білімнің атқаратын рөлі айрықша зор екені белгілі. Осы орайда отандық жоғары оқу орындары тек білім берумен ғана шектелмей, олар – білім мен ғылымды ка­пи­­та­ли­зациялаудағы негізгі локомотив рөлін атқаруы тиіс.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті алдына үлкен стратегиялық міндет қойып отырған іргелі оқу орындарының бірі де бірегейі. Қазақ қыздарының парасат мектебіне айналған ұлағат ұясымен қатар құрылған Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасы бүгінгі таңда алдыңғы қатарлы кафедралардың бірі. Кафедра 1944 жылы Коммунистік партия тарихы кафедрасы деп аталып, кейіннен Ғылыми коммунизмі деген атаумен қайта құрылған. Қоғамның өзгеруі мен дамуына сәйкес бұл кафедра да бірнеше рет елеулі өзгерістерді басынан кешірген.

Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасы деп аталады. Кафедра «Әлеуметтану» және «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша білікті де білімді кадрлар даярлайды. Соңғы жылдары қоғамдағы әлеуметтік қызмет көрсету саласының мамандарына қажеттіліктің артуына байланысты әлеуметтік қызметкерлерге де сұраныс өсті. 2019-2020 оқу жылынан бастап «Әлеуметтік жұмыс» мамандығына білім беру грантының саны көбейді. Креативті, білікті де білімді мамандар дайындауда «Әлеуметтік жұмыс» және «Әлеуметтану» мамандығы елеулі рөл мен белсенділік танытып келеді. Мамандықтың негізгі мақсаты – заман талабына сай кәсіби шеберлігі жоғары, бәсекеге қабілетті кадрлар дайындау. Осы екі мамандық бойынша да білім беру бағдарламалары жаңартылып әлемдегі озық университеттердің білім беру бағдарламасына сәйкестендіріліп жасалынған.

2019 жылғы «Әлеуметтану» және «Әлеуметтік жұмыс» мамандықтары Қазақстан Республикасы Тәуелсіз агенттігінің мамандандырылған аккредиттеу рейтингінің қорытындысы бойынша аудиттен жоғары дәрежеде өтті. Мұны кафедрада еңбек етіп отырған ұжымның ерен еңбегінің арқасында деуге болады. Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасы сонымен қатар университеттегі барлық мамандықтар дайындайтын педагогикалық саланың студенттеріне де жалпы білім беретін философия, әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану және қоғамға қызмет пәндерін де аталған кафедраның профессор-оқытушылары жүргізеді. Кафедра әртүрлі салаларға кәсіби шеберлігі жоғары мамандар дайындай отырып, университеттің басқа да іс-шараларынан, қоғамдық жұмыстарынан шет қалған емес.

Кафедра бүгінде оқу-білім бойынша жаңа даму деңгейіне шықты. Халықаралық қатынастар жүйесінде әлеуметтік білімді дамыту мақсатында шетелдік ғалымдармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Шетелдік стратегиялық серіктесіміз АҚШ-тың Миссисипи алқабы мемлекеттік университеті және Түркия Республикасының Өмер Халисдемир университеті болып табылады. Екі мамандықтың да білім беру бағдарламалары халықаралық стандартқа сәйкес жасалынған жоғарғы оқу орындарының білім беру бағдарламаларын сараптайтын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген сараптауларда алғашқы үштіктен түскен емес.

Отандық жетекші оқу орындары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетті «Әлеуметтану және Әлеуметтік жұмыс» кафедрасымен ынтымақтастықта жұмыс жүргізіп келеміз. «6В03101 – Әлеуметтану» мамандығын бітіріп шыққан түлектерге «Әлеуметтану бакалавры» академиялық дәрежесі беріледі. Бітіріп шыққан түлектер мемлекеттік, бюджеттік салаларда: әлеуметтанулық зерттеу орталықтарында, мемлекеттік құрылымдарда, ғылыми-зерттеу орталықтары мен ғылым академияларының құрылымдарында, Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінде, Әкімшіліктердегі әлеуметтік бөлімдерде, білім беру ұйымында, өндірістік және жеке консалингтік компанияларда, демография және көші-қон бөлімдерінде әлеуметтік сарапшы болып қызмет атқарады. Ал «6В11401 – Әлеуметтік жұмыс» мамандығын бітіріп шыққан түлектер «Әлеуметтік жұмыс бакалавры» академиялық дәрежесін алып, түрлі деңгейдегі салаларда еңбек етеді.

Жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болмақ. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр. Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Осынау ауқымды жауапкершілікті абыроймен атқару педагогтарға жүктелген мәртебелі міндет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты  еліміздің тұтқасы, қатарының көшбасшысы етіп тәрбиелеу – ғасырға жуық үздіксіз кадр даярлап келе жатқан Қыздар Университетінің басты бағдары.

Бибігүл ИМАНБЕКОВА,
Қоғамдық-гуманитарлық пәндер
кафедрасының меңгерушісі, саяси
ғылымдар докторы, доцент

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий