Жеңіс тағылымы

Екінші дүние жүзілік соғыстың жеңіспен аяқталуын білдіретін жеңіс күні ерекше мереке ретінде әрбір отбасы үшін маңызы зор. Себебі бұл алапат зұлмат бірде-бір шаңырақты айналып өткен жоқ. Әр үйде қан майданға қатысып, жеңіспен оралған немесе ерлікпен қаза тапқан және оралмаған боздақтардың өлмес рухы бар.

1941 жылдың 22 маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға, яғни 1418 күнге созылған соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. Соғыс жылдары кеңес әскері қатарына 1 миллион 366 мың қазақстандық шақырылды. Оның 601 мыңы туған жерге оралған жоқ. Ұлы Отан соғысы жылдарында Ленин ордені мен Кеңес Одағының Батыры атағын майданда 500-ге жуық қазақстандық алды. 142 жауынгер «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Т.Бигелдинов, С.Луганский, Л.Беда және И.Павлов Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алды. Кеңес Одағының Батыры атағына 97 қазақ ие болды. 1990 жылы 11 желтоқсанда соңғы Кеңес Одағының Батыры атағы қолбасшы Бауыржан Момышұлына берілді.
Партизан қозғалысының батыры Қ.Қайсенов, шабуылдаушы дивизияның туын Рейхстагқа тіккен аға лейтенант Р.Қошқарбаев, ұшқыш Х.Доспанова Ұлы Отан соғысының жарты ғасырлық Жеңіс мерейтойына байланысты «Халық Қаһарманы» жоғары атағына ие болды. Уақыт өз дегенін жасайды. Жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады. Сондықтан Ұлы Жеңістің авторлары – майдангерлерімізді сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау басты борышымыз!

2020 жылдың 1 мамыр айындағы дерек бойынша біздің елімізде 1025 Ұлы Отан соғысының ардагерлері бар. Өскелең ұрпаққа «Жеңіс» пен «Тәуелсіздік» аталарымыздың қан мен терінен келгенін ұғындыру, қазіргі Қазақстан Республикасы жеткен белестері мен шыңдарының қандай күшпен және кімдердің арқасында келгеніне, өз елінің тарихына түсінік беру мақсатында 5-ауысым аясында 8-сынып оқушылары үшін «Ұлы Отан соғысының іздерімен: қазақстандықтардың үлесі» атты желілік білім беру модулі өтті.
Модуль Қазақстан тарихы пәні «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» тарауы бойынша оқушылардың алған білімдерін қаншалықты меңгергендіктерін және қортындылауға негізделді. Оқушылар желілік білім беру модулі барысында Ұлы Отан соғысы барысындағы тарихи оқиғалармен, көркем әдебиетіндегі туындылармен және статистикалық мәліметпен танысты, сонымен қатар жарақат алған кездегі бірінші медициналық көмек көрсету жайлы білімдерін және физикалық дайындықтарын шыңдады.

«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы 2009 жылдан бастап ««Балалар демалысын ұйымдастырушылар достастығы» атты халықаралық қоғамдық ұйымының мүшесі болып табылады және оның барлық іс-шараларына белсенді қатысады. Бұл қоғамдық ұйымға кіретін балалар орталықтары: «Артек» халықаралық балалар орталығы, «Океан» Бүкілресейлік балалар орталығы, «Орленок» бүкілресейлік балалар орталығы, «Смена» бүкілресейлік балалар орталығы, «Зубренок» ұлттық балалар білім беру-сауықтыру орталығы (Белоруссия), «Камчия» шипажай-сауықтыру кешені (Болгария), «Балдәурен» РОСО (Қазақстан) және басқалары.
Біздің орталық еліміздегі өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне үлкен көңіл бөледі. Ресей Федерациясы әскери көшбасшылар клубының (20.12.2011 ж) шешімімен біздің орталық жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін жоғары марапатқа ие болды. «Балдәурен» орталығына Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс туының көшірмесі – екінші дәрежелі Кутузов орденімен мараптталғын 150-ші атқыштар дивизиясының шабуыл туы берілді.

Жеңіс туын табыстау – ұмытылмайтын естеліктерді келесі буынға жеткізу. Ерліктерімен жұрт жадында мәңгі қалған батыр бабарлардың туына адал болу парызымыз. Болашақ өмір, ұрпақ үшін жанын қиған ата-бабаларымыздың ерліктері ғасырлар өтсе де ұмытылмастай тарихта жазылды. Қан майданның төрінде жаумен жанын қия айқасқан батыр ағаларымыз бен апаларымыздың рухына бас ие мәңгілік тағзым етеміз.
Алтынай КУЛЬМАГАМБЕТОВА,
“Балдәурен” республикалық оқу сауықтыру
орталығының тарих пәні мұғалімі, Алматы
облысының Қапшағай қаласы
Загрузка...