Әл – Фараби еңбектерінің адамзаттың ақыл-ойын дамытудағы маңызы

“Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы әл-Фараби грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да шығыста философияның ғылыми зерттеудің шын мәнінде, бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек”, – дейді немістің шығыстанушы ғалымы А.Мюллер. Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Қазақ топырағынын көкіреп ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтарм бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты әлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – күллі әлемге танымал ұлы жерлесіміз – Әбу Насыр әл-Фараби.

Әл Фараби, Әбу-Насыр (Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлақ әл-Фараби ат-Түрки) (870-950) — Аристотельден кейін дүниежүзі білімі мен мәдениетінің екінші   философ, математик, астролог, музыка теоретигі – ғалымның жан-жақты тұлғасын көрсетеді. Деректерде сауатын Түрікше ашқаны, өзін ақын және күйші, әнші ретінде танытқаны айтылады. Оның өлеңдерінан үзінділер де сақталған. Фарабидің күйшілік өнері туралы әңгімелер көптеп кездеседі. Туған жері Сырдария бойындағы ерте заманда түркі халықтарының орталығы болған Отырар қаласы. Отырарды арабтар «Фараб» деп атаған. Қай жерден шыққанын білдіру үшін аты жөніне өзінің туған мекенінің атауын тіркейтін сол заманның дәстүрімен ұлы ұстаз Фараби аталған. 

Әбунасыр бастауыш білімді туған қаласы Отырарда алады, одан соң Хорасанға барады. Қейінірек білімін толықтыру мақсатымен сол кездегі мәдени орталық Бағдатқа кетеді. Ғылым-білімге құмартқан зерек шәкірт мұсылман бола тұра «кәпірлерден» де сабақ алудан тайсалмайды. Мәселен, тәуіптік өнер (медицина) мен логиканы христиан оқымыстысы Юханна ибн Хайланнан, жаратылыстану ғылымы мен грек тілін атақты аудармашы Әбу Башар Маттадан (ол да христиан) үйренеді. Бір нұсқада Фараби шәкірт кезінде атақты оқымысты Абубакир ибн Сиражға логиканы үйретіп, одан астрономияны үйренген деп айтылған. Әйгілі ғұлама түркі, араб, парсы, грек тағы басқа тілдерді жетік білген.

Білімге, ізденуге деген құштарлықтың жетелеуімен ол, жас шағында, дүниедегі құбылыс біткеннің бәрі кісіге әрі ғажап, әрі таңсық көрінетін кезде саяхат жасап, сол замандағы мәдени әлемнін көптеген орталықтары: Хорасанда, Бағдадта, Дамйскіде (Шам), Алеппада, Каирда (Мысыр) болған. Өз өмірінің көп жылдарын ол, араб халифатының саяси және мәдени орталығы болған, Бағдадта өткізді. Мұнда ол өз білімін әбден тиянақты меңгеріп, толықтырады, көрнекті ғалымдармен байланыс жасайды, сөйтіп өзінің білімдарлығы, ақылының алғырлығы және асқан байсалдылығы арқасында көп ұзамай олардың арасында үлкен аброй-беделге ие болды.

әл-Фараби білімге деген құштарлығының арқасында Аристотельден кейінгі “екінші ұстаз” атанды. Ол 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазып қалдырды. Ғалым философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономияны зерттеді. Ғұлама ойшыл ғылымды екі топқа бөлген: Бірінші: теориялық ғылымдар. Бұл топқа жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізген. Екінші: практикалық ғылымдар. Бұл топқа этика, фиқһ, кәләм (исламдағы өзекті тақырыптарын қамтыған ғылым саласы) ғылымдарын жатқызған. Қазақстан ғалымдарының соңғы зерттеулері әл-Фарабидің жаратылыстану-математика ғылымдары бойынша да аса терең, салдарлы мұра қалдырғанын анықтап отыр.

Бұл, әсіресе, оның математика, астрономия, физика, медицина, химия, биология салалары бойынша жазған еңбектерінен айқын көрінеді. Әл-Фараби, әсіресе, математика философиясы, геометрия, тригонометрия салалары бойынша ірі жаңалықтар ашқаны да бізге мәлім. Әл-Фараби оқыту мен тәрбиелеудің диалектикалық байланысын терең әрі дұрыс түсінді. Ол «тәрбие ғылымдарына» арифметика, геометрия, астрономия және музыканы жатқызды. «Бұл төрт ғылымның, деп жазады әл-Фараби, тәр­биелеуші деп аталу себебі, білім алушыны тәрбиелейді, оны неғұрлым нәзік етіп, оған одан кейінгі ғылымды тану үшін тікелей жол көрсетеді».

Осыдан Әбу Насыр әл-Фарабидің Орта Шығыстағы ғылыми дидактиканың негізін қалаушы екеніне көз жеткізесіз. Орта Шығыс пен Қазақстандағы математика мен педагогиканың бастауларын әл-Фарабидің ғылыми мұрасына жатқызған дұрыс. Сәулет өнеріндегі «Өнердің геометрия­лық тәсілдері» ұлы ғалым-энциклопедист, ортағасырлық Қазақстанның Отырар өлкесінің тумасы Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби ат-Түрік еңбектерінен бастау алады. Өзінің «Ғылым классификациясы туралы» еңбегінде «геометрияның екі бөлімі бар: қолданбалы және теориялық геометрия» деп жазған.

Әл-Фараби еңбегіндегі келесі мәтінінен көрінетін қолданбалы ғылымға жататын «өнердің геометриялық тәсілдерінің… саны көп. Олардың бір бөлігі құрылыс өнерінің негізін құрай­ды». Ортағасырлық ғалымның пікір­леріне сүйене отырып, сол кезеңдегі Қазақ­стан мен Орталық Азия сәулетшілері өз уақы­тының өткен дәуірлерінің матема­тикалық жетістіктерінен хабардар болып, архитектуралық ғимараттар салуда кеңінен пайдаланды деген тұжырым жасауға болады. Қазақстанда және көршілес мемлекеттерде құрылыстың сәулеттік нысанын құру кезінде «өнердің геометриялық тәсілдеріне» негізделгенін дәлелдеген нақты мысалдар аз емес.

Бұл тұрғыда өзбек архитекторы С.М.Болатов ашқан Х-ХV ғасырларда бірқатар Орталық Азияның ескерткіштеріне еселігі √2-ге тең болатын геометриялық прогрессия, яғни квадраттың қабырғасы мен диагоналын қолдануға негізделген пропорция жүйесі қолданылған. Құрылыс нысандарын құрудың бұл әдісі Қожа Ахмет Ясауи сынды бірегей қазақстандық сәулет ескерткіші үшін де қолданылды. Мұндай күрделі ғимаратты салу сәулетшілерден құрылыс технологиясының негіздері бойынша білімнің болуын талап еткені сөзсіз. Шын мәнінде, кеңес сәулет­шісі Л.Ю.Маньковскаяның зерттеуі көрсеткендей «Қожа Ахмет Ясауи кесе­несінің жобасы сәулет және конструк­тив­тік формаларды құру теориясын дұрыс меңгерген және осы теорияны даныш­пандықпен пайдаланған дәрежесі өте жоғары шебер әзірлеген».

Түркістан шебері өз туындысының әрбір элементін жобалауға көп ойланғанын қисық аркалар мен күмбездерді тұрғызғанынан көре аламыз. Ахмет Ясауи кешенінің аркаларын ғылыми-зерттеу оның құрылысшыларына құрылыстың көптеген өз заманының технологиялары мәлім болған деп есептеуге мүмкіндік береді. Бұл келтірілген мысалдар Қазақстан мен Орталық Азияның сәулет ескерткіш­терін тұрғызған ортағасырлық сәулет­ші­лердің Әбу Насыр әл-Фараби көрсеткендей «өнер тәсілдеріне» жататын математикаға негізделген салу есептері мен есептеулерді пайдаланғанын дәлелдейді.

әл-Фарабидің еңбектерінің ішіндегі ең шоқтығы биігі ол-музыка саласы. Негізінен алғанда, Фарабидің өзі – асқан музыкант, аспапта шебер орындаушы болған. Ол жайлы ел арасында мынадай бір аңыз -әңгіме бар:Шығыс патшаларының бірінің сарайында той-думан қызып, бек-патша, бай-манап, қожа-молдалар жиналып үлкен жиын-тамаша құрып жатқан көрінеді. Оған Фараби де қатысады. Бірақ шарап ішіп елірген қауым Фарабиге ілтипат жасамайды. Шыдамаған Әбунасыр бір шетке шығып, домбырасын қолға алып, аса бір мұңды күй орындайды.

Оның мұңдылығы сонша жұрттың бәрі ойын-сауықты тастай салып, уайымға беріліп егіліп жылайды. Енді бір сәт аса бір қуанышты, көңілді күйді ойнай жөнелгенде әлгі жұрт еңселерін бірден көтеріп, балаша билеп, жын қаққандай сақылдап ойнап кетеді. Мұнан соң Фараби бір түрлі жаймашуақ , бір сарынды қоңыр ырғақты күй ойнағанда отырғандар музыка әуеніне елітіп , бірі қалмай ұйықтап қалады. Оларды ұйықтатып тастап Фараби жайына жүріп кеткен екен. Музыка зерттеу саласында Фараби әр алуан шығармаларымен қатар «Музыка туралы үлкен кітап» атты көлемді еңбек қалдырды. Бұл жұмыс музыкалық дыбыстың сипаты мен құрылымынан бастап, музыканың поэзиямен байланысына дейінгі музыканың эстетикалық – теориялық принциптерін шешуге бағытталғын.

Музыка зерттеу саласындағы еңбектерінде Фараби музыканың адамға емдік қасиетін, жағымды әсерін жан-жақты дәлелдеді. Фараби жалаң орындаушы ғана емес, аса ұлы музыка зерттеушісі, асқан теоритик болған. Оның «Музыканың ұлы кітабы» деп аталатын көлемді шығармасын бүкіл музыка тарихшылары бірауыздан музыка теориясы жайлы жазылған үлкен еңбектердің қатарына қосуы тегін емес. Мәселен, француздың көрнекті музыка зерттеушісі, осы еңбекті 1930-35 жылдары француз тілдеріне аударған Р.Эрланже: «…Фарабидің бұл салада кейіннен араб тілінде жазған авторлардан айырмашылығы жер мен көктей», – деген.

Ағылшынның қазіргі музыка зерттеушісі Г.Фармер: «Музыканың ұлы кітабы» Фарабиді орта ғасырлардағы музыка жөнінде жазған ең үлкен автор болды деген пікірімізді дәлелдеп отыр», – деп жазған.  Фарабидің пікірінше, музыканың ғылыми іргетасы тәжірибе-бақылау мен физика-математика ғылымдарының қағидаларынан тұрады, ал оның негізгі мақсаты мен адамның эстетикалық мұқтаждығын қанағаттандыруға тиісті, оның бір ұшы поэзияға тіреледі, өйткені поэтикалық тіл мен музыка тілі бір-біріне етене болып қабысқан кезде музыканың әсерлігі мен эфектісі күшейе түседі, яғни музыка ғылым ретінде математикаға жақын тұрса, өнер ретінде поэзияға туыстас.

Кейбір деректерге қарағанда Фараби шығарған әндер осы күнгі Иран, Ирак, Түрік және басқа да Шығыс елдерінде орындалады. Оның өзі жасаған «Канун», «Уд», «Қыпшақ» деп аталған аспаптары болған сияқты. Фарбидің музыка теориясына арнап бірнеше еңбек жазғаны баршамызға мәлім. «Музыканың ұлы кітабы», «Музыка жайлы талдау», «Ырғақтардың энциклопедиясы» атты туындыларында музыка ғылымын талдауға арналған тараулар бар. Ғалым музыка ғылымының шығуын материалистік тұрғыдан түсіндіреді.

Фарабидің философиялық мұрасында үш басты жайтты атап көрсетіледі: дүниенің мәңгілігін тану, детерминизм — зерттеу прин­ципі, яғни себептілік сыр-сипатын ашу — ғылым-білімнің қайнар көзі; адам жанының өшпейтіндігін теріске шығарған ақыл туралы ілім. Бұл үш принцип — Фарабидің философиясының биік шоқтығы және ерекшеліктері болып саналады. Әрине, ғылымның даму деңгейі, саяси-әлеуметтік жағдайлардың салдарынан бұл мәселелер туралы ол кейде кері шегініс жасауға мәжбүр болады.

Мәселен, дүниенің мәңгілігін, басының болмағанын мойындау ресми дін өкілдерінің дүниені құдай жаратқан деген доктринасына қайшы келеді. Фараби бұл жағдайда құдай бірінші, дүние екінші кезекте деген сияқты бұлдыр да бұлтарыс түсінік береді. Фарабидің пікірінше қозғалыс – мүмкіндіктен шындыққа көшу, уақыт та мәңгілік, ол қозғалыстың сипаттамасы (характеристикасы). Ақыл туралы ілім Фарабидің философиядағы ірі жетістіктері санатына қосылады. Мұндағы ақыл ұғымы кең, бүкіләлемдік мағынада қарастырылып, оның космологиясына тірек болды.

Әрекеттегі яғни жасампаз ақыл (яғни бірінші қозғаушы. Аристотельге айтканда, ойлаудың ойлауы) болмыс түзілісіндегі (иерархиясындағы) жоғарғы сатылардың бірі. Ең жоғарғы сатыны түпкі себеп — Алла иемденеді. Алладан кейінгі екінші сатыны — аспан денелері, болмыстың үшінші сатысы әрекеттегі ақыл және оған сай негізгі төрт элементтен (топырақ, су, ауа, от) тұратын ай асты әлемі. Болмыстың төртінші сатысы — адамның жаны. Ең төменгі бесінші сатыны форма мен материя алып жатыр.

Бұл схемада бір жағынан әлемнің жаратылысы мен аспан мен жердің алшақтығы жайлы ресми мұсылман дінінің кағидаларына сәйкес келсе, екінші жағынан дүниеге материалистік, эволюциялық даму тұрғысынан қарауға мүмкіндік береді. Фарабидің көзқарасы бойынша, жасампаз акыл немесе ғарыштық (космостық) ақыл ай асты әлеміндегі бүкіл қозғалыстардың себебі ғана емес, ол — жер бетіндегі тіршілікке тән ақыл, бұл дүниенің заңдылығын реттеуші, билеуші. Әрбір тіршілік иесінің ақылы тек әлемдік, космостық ақылға қатысты дамиды, өркендейді.

Ал әлемдік ақыл мәңгілік. Жеке тіршілік иесі өткінші. Осыдан барып жан өлмекші емес деген қағида теріске шығып діннің сара жолымен философияның талас мәселесі жанның ауысып, көшіп жүреді деген идея мансұқ етіледі.  Фараби бұл аса маңызды да, мәңгі проблема бойынша анық бір пікірді ұстамағаны байқалады. Көп жағдайда ол жан өлмейтіні жайлы тезисті ашық қуаттайды. Бірде ол Аристотельдің идеясын қолдап дамытып жанның мәңгілігін бір адам үшін емес жалпы адамзатқа тән қабілет ретінде қарастырады.

Енді бірде қайырымды, парасатты адамдардың жаны өлмейді, ал қайырымсыз, надан да пасық адамдар жаны оның тәнімен бірге өледі деген идеяны қолдайды. Бұл жағдайда ол жақсы адамның артында қалдырған ісінің, ізінің өшпегені, оның жанының өмір сүргені дегенді меңзейтін сиякты. Бұлай деп айтуымызға Фарабидің “Ұлы Зенонның жоғары ғылым бойынша трактаты туралы” еңбегінде ол дүниедегі өмір туралы жазған мынадай жолдары негіз болады: “Білім, яғни ғылыми мұра қалдырған адам өлгеннен кейін өз қамы үшін ғана харакет еткен адамнан қадірлі, білгіш, көреген болады, өйткені көп мал-мүлік күйттеу ғылымға кесірін тигізеді.

Сондықтан рухани мұра қалдыру дүниеауи қам-харакетке қарағанда абзал да қадірлі, ол ғылымға кесірін тигізбейді. Ол дүниелік өмірде дәрежеге жетуге кедергі болмайды. Егер, бәлкім, ғылымның басқа адамдары, оның әріптестері бұл мұраны пайдаланса ол оған өлгенге дейін де, өлгеннен кейін де игілік боп жұғады” (Тарихи-философиялық трактаттар). Фарабидің философиялық жүйесінде материяға көп көңіл бөлінеді. Ол ай астындағы дүниенің шын мәнінде баp екенін, оның айдан жоғары орналасқан дүниемен, яғни аспан әлемімен бірлікте болатынын мойындайды.

Біздің, яғни айдан төмен жер бетінде орналасқан дүниеде материя мен формадан тұратын заттар, нәрселер -— барлығы ақиқат. Олар негізгі бастапқы материя болып табылатын төрт элементтердің сан алуан, әр түрлі қосылыстарынан тұрады, түзіледі. Фарабидің материя мен форманың бөлінбес, ажырамас бірлігі туралы тезисі дұрыс материалистік сипаттағы қорытынды болды.

Перизат Сайфуллакызы КУЗДЕУБАЕВА,
Исатай Әбдікәрімов атындағы аграрлы
техникалық
жоғары колледжінің физика
пәні оқытушысы,
Қызылорда қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий