Кәсіби маман даярлау маңызды міндет
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында адам капиталды қалыптастыру мен білім беру жүйесіндегі мәселелерді шешу, кәсіби даярлау мазмұнының сапасын жақсарту мен бәсекегеқабілеттілігін арттыру міндеттелген болатын. Біздің жоғары оқу орнындағы кәсіптік оқыту кафедрасы 1996 жылдан бастап кәсіптік оқыту мамандығы бойынша педагогикалық кадрлар дайындап келеді. Осы жылдар аралығында кафедра еліміздің жалпы білім беретін және кәсіби мектептеріне арнап екі мыңнан астам жоғары білікті педагог мамандарды даярлап шығарды.

Бүгінгі таңда кафедра 6B01450 – Көркем еңбек және сызу, 6B01451-Кәсіптік оқыту мен (бакалавриат), 7М01450 –Кәсіптік оқыту (магистратура) және 6D012000 – Кәсіптік оқыту (докторантура Phd) мамандықтары бойынша жоғары білікті педагог кадрларын дайындауда. Кәсіптік оқыту білім беру бағдарламасын оның ауқымды және жылдар бойы қордаланып жинақталған материалдық-техникалық базасын және ғылыми әлеуеті жоғары екендігін атап айтқанымыз абзал. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Саипов Амангелді соңғы 12 жыл ішінде ғылыми жоба жұмыстарымен айналысуда, әрі республикалық физикалық антропология зертханасының меңгерушісі.
Авторлық топпен бірлесе төмендегідей еңбектерді жариялап, өндіріске ендірді: жиырмаға жуық ҚР мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары білім стандарттары, жалпы орта білім беретін мектептің типтік бағдарламалары (3), ҚР жалпы орта білім беретін мектептің жетінші сыныбына арналған көркемдік еңбек оқулығының ғылыми кеңесшісі (2017 ж.), 14 патент, алдына ала патент, инновациялық патент, 25 авторлық куәліктер иегері (оның ішінде сегізі халықаралық куәліктер). Кәсіптік оқыту кафедрасында 1998 жылдан бері республикалық оқу-әдістемелік бірлестігі жұмыс атқарады. Сонымен қатар кафедрада 6D012000 кәсіптік оқыту мамандығы бойынша РhD докторанттары даярлануда.
Бүгінде кафедра даярлаған шәкірттеріміз, ғылым саласында өз орындарын тауып жоғары оқу орнында декан, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқаруда. Атап айтсақ, Ортаев Б.Т., Байбатшаева А.Е., Ұзахова А.С., Қонақбаева Ұ.Ж, Абашева П.А., Нұржанбаева Ж.О. педагогика ғылымдары кандидаттары Ахмет Л., Бакирова Г.А., Алимбаева С және тағы да басқа әріптестеріміз. Соңғы ширек ғасырда аталған кафедра заман талабына сай жан-жақты дамығандығын ерекше атаған жөн. Үш сатылы маман дайындау жүйесі бойынша алғашқылардың бірі болып магистратура мен PhD докторантура бойынша білім алуда.
Заман талабына сай көпсалалы бағытта кәсіптік білім берудің материалдық-техникалық базасы республика деңгейінде үлгілі, жеті бейіндік бағыт бойынша мамандар дайындай алады. Оған соңғы 12 жылда студенттердің республикалық пәндік олипиадасы ұйымдастырылды. Алғашқылардың сапында кәсіптік оқыту білім беру бағдарламасынан арнайы диссертациялық кеңес ашып, докторанттарды қорғата бастадық. Соңғы жиырма жыл көлемінде кәсіптік оқыту білім беру бағдарламасының республикалық оқу-әдістемелік бірлестігі (РУМС) біздің университеттің базасында жұмыс жасауда.

Осы уақытқа дейін отыздан аса республикадағы кәсіптік оқыту мамандығы бойынша жоғары оқу орындарының туденттері үшін оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарын баспадан шығаруға ұсыныс беріп келеді. Оның ішінде кафедра оқытушы-профессорлардың қосқан еңбектері үлкен. Кафедра оқутушылары мен студенттері бірлесіп дайындаған виртуальды лабораториялық жұмыстар мен практикалық сабақтарға арналған электронды оқулықтар, бейне лекциялар үшін авторлық құқықтар алынған. Кафедра базасында студенттердіің шығармашылық жұмыстары қойылған көрме мұражайы бар.
Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында халықтың сәндік-қолданбалы өнерін қайта жаңғыртып жастарға үйрету мақсатында, студенттерді қолөнерге, «ұлттық дресс код»-қа сай киім үлгілерін дайындауға үйретіп, шығармашылық жұмыстарға баулуда. Өзіміздің шәкіртіміз, қазіргі таңда кафедраның аға оқытушысы педагогика ғылымдарының кандидаты Г. Бакирова студенттерді тігін ісіне баулуда теориямен практиканы, білім мен шығармашылық шеберлігін ұштастырып, талғамға сай ұлттық костюм үлгілерін тігуде өз тәжірибесін бөлісіп келеді.
Кафедраның аға оқытушысы Изтилеуова Азиза Шамековна болашақ педагогтарды шебер қолдар үйірмесінің сабақтары арқылы студенттерге қолөнер бойынша білімі беріп, шеберлігін қалыптастыруға байімдеуде. Үйірме жұмысы төрт бағытты қамтиды олар: кілем және гобелен тоқу, сыммен және ілмекпен тоқу, құрақ құрау, жүнмен жұмыстар сырмақ, қоржын тұрмыстық бұйымдар жасау жұмыстарын жүргізді. Қазақстан Республикасы ЖОО-ның білім беру бағдарламаларының рейтингінде (IQAA) үнемі үздіктер қатарынан көрінудеміз.
Академиялық ұтқырлық аясында кәсіптік оқыту кафедрасы бойынша 2020-2021 оқу жылында шет елдік білім беру тәжірибесімен алмасу мақсатында Түркия мемлекетінің Анталия қаласындағы «Ак Дениз» университетінің PhD докторы Омер Займоглы 7M01450 Кәсіптік оқыту МЕП 20-5нк тобы магистранттарына графика және жобалау пәнінен (30 сағат) дәріс оқуы мен практикалық сабақтарын онлайн режимінде тікелей жүргізді.

Сабақтар PhD докторы Омер Займоглы мен кафедрамыздың педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Ахмет Лаура Сматтуллақызы және тәжірибе жинақтау, эксперимент жүргізу мақсатында докторант Битемирова Шолпан Абутобақызымен бинарлық, ынталандыру, ойын оқыту әдісінде ұйымдастырылды. Онда Омер Займоглы өзінің тәжірибесімен бөлісіп, магистранттарға қосымша мәліметтер ұсынды. Ккомпьютерлік бағдарламаларда түрлі жобалау, графикалық жұмыстардың жаңа тәсілін көрсетті.
Студенттер және магистранттар үшін қашықтан халықаралық конференция ұйымдастырып, қазақ халқының қол өнер туындылары мен азия халықтарының қолөнер шығармаларының ұқсастығы мен ерекшеліктері туралы баяндама жасады. Бүгінгі таңда кафедра базасында үш ғылым докторлары, профессорлар мен 4 ғылым кандидаттары, доценттер қызмет жасауда. Ғылыми әлеуетіміз елу пайызды құрайды. PhD докторантура бағыты бойынша 10 диссертациялық жұмыс қорғауға дайындалуда.
2018 жылғы қазан айында бекітілген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің классификаторында бірқатар мамандықтар ықшамдалып-топтастырылып біріктірілді. Дегенмен, кәсіптік оқыту (cала бойынша) мамандығының ерекшелігі мен саласы ескерілмеген. Айталық, 2006 жылғы стандартқа (ҚР МЖМББС 3.08 270-2006) сәйкес 5В012000 – Кәсіптік оқыту мамандығы бойынша бакалаврлар даярлау келесі мамандану салалары бойынша жүзеге асырылды.
Яғни өнеркәсіптік өндіріс; ауылшаруашылық өндірісі; қызмет көрсету өндірісі, сәндік-қолданбалы өнер және қолөнер өндірісі, киім дизайны, экономика және шаруашылық жүргізуші субъектілерін басқару (колледждің арнайы пән оқытушысы). Осы стандартқа сәйкес отандық жоғары оқу орындарында жергілікті жердің ерекшеліктеріне сай колледжде арнайы пән оқытушыларын даярлануда. Еліміздің экономикасын өркендетуде кіші және орта бизнесті дамытуда білікті жұмысшы кадрларды осы колледждерде даярланады, ал оны даярлау кәсіптік оқыту педагогтарының міндеті.

Бүгінде еліміздің сегіз жүзден астам колледжі білікті жұмысшы кадрларды дайындайтын өндірістік оқу шеберлерімен арнайы технологияларды оқытатын білікті маман педагогтарын осы уақытқа дейін кәсіптік оқыту мамандығына сай дайындап келді. Педагогтың кәсіби стандартына сәйкес колледж оқытушысының кәсіби еңбек функциясына білім беру, тәрбиелеу, әдістемелік, зерттеушілік және әлеуметтік коммуникативтік еңбек функцияларын меңгерген, құзіретті мамандар кәсіптік оқыту мамандығына негізделген бағдарламалар аясында білім алуда.
Сондықтан, министрлік тарапынан ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарын тапсыру кезінде тек кәсіптік оқыту мамандығы бойынша физика мен математика пәндерінен емтихан тапсырып, мамандықтар жіктемесінде кәсіптік оқыту мамандығына жеке мәртебе берілгенін дұрыс снаймыз. Аталған жетістіктерге жетуде университтік білім беру аясында техникалық, ауыл шаруашылық, мұнай-газ, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп және басқа мамандықтармен бірлесе болашақ кәсіптік оқыту педагогтарын даярлау тиімділігін көрсетіп отыр.
Биылғы жылы «Minor» қосымша білім беру бағдарламасы бойынша инженер-педагог және дизайнер-педагог білім беру қолға алынды. Яғни құрылыс, мұнай, жеңіл өнеркәсіп және тағы да сол сияқты бітіруші студент өз мамандықтарына қосымша колледждің оқытушысы қызметін атқаруға қол жеткізе алады. Қорыта айтқанда, кафедрада болашақ колледж педагогтарын даярлауға барлық мүмкіндік жасалған, осы мүмкіндікті пайдаланып кәсіби ұтқыр маман даярлау арқылы еліміздің экономикасын дамытуға үлес қасамыз.
Сауле Абдразаховна ЖОЛДАСБЕКОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ кәсіптік оқыту
кафедрасының меңгерушісі, профессор,
Шымкент қаласы