Тәуелсіздік таңы – еліміздің бағы

Менің Отаным – Қазақстан Республикасы. Бұл – тарихы бай, ежелгі мәдениеті мен қайталанбас табиғаты бар ұлттық мемлекет. Жеріміз пайдалы қазбаларға толы. Тәуелсіздік – қазақ халқының сан ғасырлық арманы. Қазақстанның әрбір азаматы бостандыққа ұмтылған тарихи сәтті айрықша құрметпен еске алады. 

Тәуелсіздік – барлық  отандастарымыз үшін ең қасиетті құндылық. Біз жыл сайынғы желтоқсан айының 16-ы күні ұлттық мерекеміз Тәуелсіздік күнін атап өтеміз. Қазақстан дамудың жаңа жолына түсіп, байырғы баһадүр бабаларымыздың еркіндікті аңсаған ғасырлық арманы мен мұратын жүзеге асырды. «Бір ел – бір тағдыр» қағидатына негізделген Қазақстан халқының келісімі мен бірлігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саясатының іргетасына айналды. Қазақстан экономикалық дамуда, азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін арттыруда, демократияның берік негіздерін қалауда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді.

Ұлт көшбасшысы «Тарих толқынында» атты кітабында: «Егер біз мемлекет болып, мемлекеттілікті ұзақ уақыт құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауын түсінуіміз маңызды…»,– деп атап өткен болатын. Қазақстан қазіргі кезде еркін елге айналды. Республикада тұратын әрбір ұлт өз ана тілінде сөйлеуге, мәдениеті мен дәстүрін дамытуға құқылы. Тереземіз басқа жұртпен тең болып, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған саяси, экономикалық және әлеуметтік басымдықтарын дербес айқындайтын азат елде өмір сүріп жатқанымызға биыл отыз жыл.

Осы уақыт аралығында мемлекеттік құрылымның негізі қаланып, құқықтық қоғам құрудамыз. Қауіпсіздік мәселелерінен бастап жаһан мен өңірге маңызы зор мәселелерге қатысты ұлттық ұстанымын әйгілей алатын мол мүмкіндігімізді халықаралық қауымдастыққа барлық қырынан таныттық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде қуаныш пен үміт ұялататын жақсы өзгерістер орын алды. Демократиялық негізде халық алғаш рет Президентті сайлады.

Ата Заңымызды жалпы халықтық дауыс беру нәтижесінде бірауыздан мақұлдадық. Қазақстанды әлем жұртшылығы біле бастады. Бірқатар халықаралық ұйымдардың мүшелігіне қабылданғанымыз да баршаға белгілі. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Парламент депутаттары мемлекеттік рәміздерді (Елтаңба, Әнұран және Ту) ресми түрде бекітіп, шекарамыз шегенделді. Біз үшін өткенді ұмыту мүмкін емес. Қазақстанның болашағы біздің қолымызда. Әрқайсымыз туған жерімізді қадір тұтып, оның барынша гүлденуі үшін еңбек етуіміз керек. Біз – Тәуелсіз  Қазақстанның бақытты ұрпағымыз!

Гүлнар Косылғанқызы ЖАНЫСБЕКОВА,
Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий