Қазалылық қос ұстаздың еңбегі

Ұстаз – ұлы есім. Осындай шексіз  жауапкершілік пен тынымсыз еңбекті, өмір бойы оқу мен ізденуді мақсат еткен ұстаздар еңбегі әрдайым мерейлі. Сондықтан да әрбір шәкірт ұстазды құрмет тұтады. Бар білімін шәкірт бойына сіңіріп, ұстаз деген атқа лайық ұстаздарымыз мол. Солардың бірі де, бірегейі – мақаламның арқауы қазалылық қос ұстаз Гүлшаһар Әймішева мен Жанат Нұрекешова.

Әймішева Гүлшаһар Мұратбайқызы – Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп – лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, педагогика және психология ғылымының магистрі, «педагог – зерттеуші» санатты география пәнінің мұғалімі. Қазақстан Республикасының Жазушылар Одағының мүшесі. Үнемі ізденісте жүретін шығармашыл ұстаз. Аудан, облыс көлемінде өткізілген «Үздік сабақ», «Үздік география пәнінің мұғалімі»,  «Жыл мұғалімі», «Үздік авторлық бағдарлама», «Жаңашыл педагог» байқауларының жеңімпазы.

Шәкірттері аудандық пән олимпиадасы мен «Экология және біз», «Дарын», «Зерде» ғылыми жобалары мен «Табиғатты аяла!» форумдарының және «Үркер», «Бейбітшілік әлемі», «Platon» Халықаралық білім дамыту орталығы ұйымдастырған олимпиадалардың жеңімпаздары. География пәнінен дайындаған шәкірті «Алтын белгі» иегері атанып, ҰБТ жоғары балл жинап, грант иегері болды. Өзінің білімін үнемі жетілдіріп, «Өрлеу» БАҰО» АҚ ҚР ББЖ ҚБАРИ ІІ деңгейлік курсын, «Сабақты зерттеу» мектеп мұғалімдерін оқыту тренерлік курсын, «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында орта мектепте география пәнін оқыту» курстарын тәмәмдаған.

Шығармашылығы да ұстаздық қызметіне оң нәтижесін беріп келеді. Ізденістері мен іс – тәжірибелерін бөлісіп, мақалалары «География және табиғат» республикалық ғылыми – әдістемелік жүрналында, облыстық, аудандық газеттерде жарық көріп келеді. Ұстаздың еңбегі де елеусіз емес. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің, Қызылорда облысының білім басқармасының, Қазалы аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасының алды.

Нұрекешова Жанат Нұрыллақызы – Қазалы қаласындағы Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің қосымша білім беру маманы, «педагог – зерттеуші» санатты география пәнінің мұғалімі.  Ұстаздық жолды адаспай тапқан Жанат та шығармашыл ұстаз. «Үздік портфолио», «Мәртебелі маман», «Үздік сабақ» байқаулары мен «Тәжірибе алаңы» шеруінде жеңімпаз атанған. Оқушылары география пәні бойынша пән олимпиадасының, қазақстандық интернет Олимпиадасының, «Orda-Junior», «Мың бала», «Бейбітшілік әлемі», «Үркер», «Platon», «Человек и Природа», «Золотое руно».

«Ақбота» халықаралық білім дамыту орталығының ұйымдастырған пән олимпиаларының, «Дарын», «Зерде» ғылыми жобаларының жеңімпаздары. Ұстаздық қызметте үнемі білімін жетілдіріп, «Өрлеу» БАҰО» АҚ ҚР ББЖ ҚБАРИ үш деңгейлік курсын, «Тәжірибедегі рефлексия» мектеп тренерлерін оқыту курсын, «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында орта мектепте география пәнін оқыту» курстарынан өткен.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін Жанат өзінің педагогикалық іс – тәжірибелерін тарату мақсатында түрлі ғылыми – тәжірибелік конференцияларға қатысып келеді. «Тәуелсіздікті ту еткен батыр, әулие, би, шешендер – ел құты» жинағына мақаласы, «Білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасы – мұғалімнің кәсіби өсуінің негізі» республикалық ғылыми және практикалық конференция материалдарының жинағына «Білім беру мазмұнын жаңарту аясында құзырлы оқытуды тиімді ұйымдастыру» тақырыбындағы баяндамасы, «Bolashaqqa qadam-2019» республикалық ғылыми жобалар байқауының жинағына «Өнегеге толы қазынам» ғылыми жобасы енген.

Шығармашылықты қару еткен қос ұстазға соңғы жылдары мектеп курсына еніп жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Өлкетану» факультативтік курсына туған өлкенің географиясын қосу идеясы келді. Идея көп ұзамай жүзеге асты. Жуырда ауданда №266 мектеп-лицейдің география пәні мұғалімі Әймішова Гүлшахар Мұратбайқызы мен №95 орта мектептің география пәні мұғалімі Нұрекешова Жанат Нұрыллақызының туған жеріміз Қазалының тарихын, географиясы мен экономикасын, көлдері мен өзендерін, ескі жер-су атаулары туралы жинақтаған «Қазалы ауданының географиясы» әдістемелік құралының тұсауы кесілді.

География пәнінің мұғалімдері мен «Өлкетану» курсын оқитын білім алушыларға арналған құралы аудан мектептерінің кітапханаларына тегін таратылып беріледі. «Қазалы ауданының географиясы» әдістемелік құралында туған жеріміз туралы жан-жақты географиялық түсініктер қамтылған. Құрал оқушылардың туған өлке географиясын терең білуге,  туған жеріміздің жер бедерін, өмірге аса қажетті су көздерін, жер-су аттары, ландшафтық құрылымын білуді, зерттеуге талпындырады, туған жеріміздің  пайдалы қазбалардың тұрғындардың қажетіне тұтынуынан туындаған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді оқып білуді, туған жеріміздің табиғатындағы болып жатқан құбылыстарды түсіндіруде жаратылыс ғылымдарының мәліметтерін пайдалануды, қоғамдық  және  ғылыми проблемаларын осы заманғы ғылыми деректер бойынша оқып – үйренуді, туған жердің табиғат жағдайы, топырағы, өсімдік, жануарлар дүниесі жайлы дүниетанымын кеңейтуді, туған жерімізді басқа да өлке, аймақтарымен салыстыра отырып  зерделеуді насихаттайды.

«Қазалы ауданының географиясы» әдістемелік құралын құрастырудағы қос ұстаздың басты мақсаты  – туған жердің қандай қымбат екенін, табиғатын қорғай білуді санасына ұқтырып, сіңдіре білу. Туған елге деген сүйіспеншілік пен Отанға, Жер – Анаға деген патриоттық сезімді қалыптастыру. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» десек,  шәкіртке зерделі білім  мен парасатты тәрбие беріп жүрген Гүлшаһар мен Жанаттай әріптестерімнің еңбегі көпке үлгі.

Шарбану Толыбайқызы БАЕКЕЕВА,
Қазалы аграрлы-техникалық колледжі әдіскері

Қызылорда облысының Қазалы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

2

Добавить комментарий