Білім жүйесіндегі басқару менеджменті – ол ізденіс пен жауапкершілік

Соңғы жылдары отандық білім беру жүйесінде біршама өзгерістер  болды. Сол өзгерістер педагогика саласына қандай ықпал жасады, қандай мақсаттар жүзеге асырылды, білім беру ұйымы басшысының алдына қандай міндеттер қойылды, осы реформаларды педагогикалық ұжым қалай қабылдады деген сан алуан сұрақ туындайды.

Осы тұрғыдан келсек, біздің балабақша-бастауыш мектеп кешенінің мұғалімдері мен тәрбиешілері алға қойылған міндеттерді ойдағыдай атқарып келеді. Өткен оқу жылымен салыстырғанда кешеннің білім беру қызметі сапасының арта түскенін, материалдық-техникалық базаның жақсарғандығын, педагогтер жүз пайыз білім мазмұнын жаңарту курсынан өтіп, біліктілік шеберліктерінің біршама жетілгендігін көрсетуде. Тренерлік пен үйлестіруші курстарын тәмамдаған және біліктілік санаттары көтерілген педагогтердің саны артты.

Тәжірибелі мұғалімдер жас мамандарға тәлімгерлік етіп, сабақты тиімді, сапалы өткізуге бағыт беруде. Тренерлер мен жас мамандар қалалық деңгейде сабақ, коучинг өткізсе, жас мамандар мектеп, Білім басқармасы, Білімді беруді жаңғырту орталығы ұйымдастырған қалалық, өзге де республикалық, халықаралық, семинарларға қатысып, тәжірибе алмасуда. «Білім мазмұнын жаңарту шеңберінде оқушыларды ізденіске баулу» атты мектеп тақырыбына сай педагогтеріміз үнемі ізденісте жүріп, сапалы білім беруде аянбай еңбек етуде.

Жалпы білім беру қызметін көрсетуде оқушылардың ізденіс, алғырлық пен логикалық ойлау дағдыларын арттыру, бастауыш мектеп болғандықтан, алдымен білім алушыларды көркем жазуға, мәнерлеп оқуға дағдыландыру – басты міндет. Осы орайда, оқушылар арасында жас ерекшеліктеріне қарай байқаулар, жарыстар, пәндік олимпиадалар ұйымдастырылып, олардың білімге деген қызығушылығын арттыру жұмыстары жүргізілуде.

«Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы»,- деп Әл-Фараби айтқандай, оқушыларымыздың тәрбиесі басты орында. Осы мақсатта «Мектеп – Ұстаз – Ата – Ана» қоғамдастығы арасында сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырылып, ата-аналар мектепішілік, қалалық сайыстарға жұмылдырылуда. Жалпы мектеп бүгінгі заманауи білім  ордасы болғаны жөн. Әрбір ұстаз өз шеберлігін ұштау үшін тоқсан сайын педагогтер рейтінгісі, яғни бедел өлшемін анықтау жұмыстары жүргізіліп отырады. Бұған ата-аналардың да қатыстырылуы біршама өзара түсіністікті қамтамасыз етеді.

«Жоспарсыз іс жүйесіз», – демекші, алдағы уақытқа қойып отырған жоспарымыз көңілге үлкен демеу болып отыр. Оқушылардың ғылыми жобалар мен олимпиадаларға қатысу көрсеткішін күшейтпек ниеттеміз. Бұл оқушыларды ғылымилыққа, білімін терең ұштауға себеп болады. Бұл орайда, мұғалімдердің шеберлігін одан сайын шыңдай түсу басты бағыттың бірі болып табылады. Бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыруда нақты жоспарланған шара­мыз бар: мектепте тәжірибелі мұғалімдердің әдістемелік жұмыстарын талқылау, педагогтерді қалалық, республикалық семинарларға қатыстырып, білім берудің озат шетелдік технологиялары шоғырландырылған жаңа құрылымдарға жіберу мүмкіндігін қарастырудамыз.

Жалпы, басқару ісінде менеджменттің алатын  рөлі де орасан. Себебі, мекеме қаржы – шаруашылық қызметтерін өз бетімен жүзеге асыра бастағанда басқару шешімдерінің негізі мен құндылықтары өзгереді. Олар басшы, педагогикалық ұжым шеңберіндегі әртүрлі жұмыстар да сипат ала бастайды. Негізінен, мектеп директоры білім беру қызметін басты назарда ұстаумен қатар, әкімшілік, кадр, қаржы, шаруашылық мәселелеріне де жауапты. Сондай-ақ, өз құзыретінде бюджет қаржысын пайдаланудың нәтижелігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге міндетті.  

Менімше, қазіргі басшы еңбектің мерейін көтеру, басқарудың тиімділігін дамыту, еңбек тәртібін нығайту, материалдық ынталандыруды жетілдіру негізінде қызметшілердің сапалы  еңбекке деген мотивациясын арттыруға арналған шараларды жасау және жүзеге асыруды қамтамасыз етуге тиіс. Бұл бүгінгі нарық қарым-қатынасында басты бағыт бола бермек. Мектеп басшысы ретінде әрбір ұстазбен, оқушымен, ата-анамен тығыз қарым – қатынаста жұмыс атқарып, пікірлерімен үнемі санасып отырамын.  Ой бөлісемін, мектеп әкімшілігімен, ұжымымен келісе отырып, бірге іс атқарамын. 

Ең бастысы, мен ұлағатты ұстазбын! Сол үшін оқушылардың санасына білім нәрін құю үшін, мұғалімдердің мәртебесін көтеру үшін «күш-бірлікте» дегендей күшімді аямай жұмсауға әрқашан дайынмын. Әрине, мектептегі менеджмент енді ғана қолға алына бастады. Оның өз қиындығы жетерлік. Бұл процесс нақты істерді жүзеге асырумен қатар, оны үнемі бүгінгі күн талаптарымен одан әрі жетілдіріп отыруға негізделген. Білім жүйесіндегі басқару менеджменті – ол ізденіс пен жауапкершілік.

Оразалы Сапарұлы ШАХАНОВ,
№12 балабақша бастауыш мектеп
кешенінің директоры Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий