ІТ мектеп-лицейдің қызметін заман талабына сай қалыптастыру

Бүгінде білім беру – бірінші кезекте нәтижеге бағытталған толыққанды, сапалы және бәсекеге қабілетті білім. Кез-келген дәуір, түрлі өзгерістер мен мүмкіндікке де, белгілі бір сын-қатерлерге де ие. Осы орайда бүгінгі мектеп оқушылары бәріне дайын болуы тиіс. Білім беру үрдісін ақпараттандыру – жаңа  ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы дүниежүзілік озық тәжірибелерге сүйеніп, жаңа әдістемемен оқыту, әр оқушының қабілетін жан-жақты дамыту үшін қолайлы жағдай туғызу, оқу тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарылатуды көздейді.

Ақпараттық мәдениет түсінігі… ІТ құзыреті, технологияларды дамыту.. Иә, осыдан төрт жыл бұрын алпыс жылдық тарихы бар қара шаңырақ атанған біздің білім ордасы үшін бұл ұғымдар  тек көңіл көкжиегіндегі бір ұшқын секілді көрінді. Бұлай деуімнің өзіндік себебі бар, яғни мектеп ғимараты апаттық жағдайда деп танылып, мектеп ұжымы мен оқушылар үш жыл қатарынан №16 орта мектебі мен № 56 мектеп-лицейіне бөлініп оқыдық. Осы уақыт ішінде «өзге мектептің қабырғасында жүрміз» деп қарап отырмай, оқу-тәрбие үрдісіндегі барлық іс-шаралар уақтылы өткізіліп отырды.

Соның бірі, 2019-2020 оқу жылында Назарбаев Зияткерлік мектебінде қолға алынған әлеуметтік жобалар: «Туған елге тағзым», «Оқуға 100 кітап», сондай-ақ, «Қолданбалы экология» және «Адалдық алаңы» жобалары білім беру қызметімізге еніп, жұмыстар қарқынды жүргізілді. Әлемнің әр түкпірінде танымалдыққа ие болған  инженерлік жобалау, робот техникасы мен 3 D модельдеу, яғни STEM ғылымымен оқушыларымыз № 73 мектеп-лицейінде достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткізілген саяхатқа барғанда танысып, қызығушылық танытып, осы лицейдің үйірмесіне қатысты.

Жан дүниесіне қызығушылық қарқыны қонған, үйренушілікке жаны құмар оқушыларымыз сол күннен бастап 3 D Үлгілеу 3 D принтер жұмысымен 3 D Үлгіні ТinkerCAD бардарламасымен жасап үйрену жұмыстарын бастап кетті. Cөзім дәйекті болуы үшін оқушыларымыздың пікірін білдіре кетсем. 9 «В» сынып оқушысы Олжабай Жанболат: «№73 мектеп-лицейінің  үйірме жетекшілерінен легоконструкторын құрастыру жолдары элементтерімен танысып, программалау тілін үйрендім.

Осы қызығушылығымның арқасында биылғы оқу жылында жаңадан ашылған  өзіміздің  №8 мектеп –лицейіндегі STEM зертханасына қатысып жүрмін, жетекшім М.Төлентайдың  нұсқауымен  көптеген датчиктерді Ардуиноға қосуды, ақылды үй элементтерімен танысып, өзімнің ойымдағы жобаларды жүзеге асыруды мақсат тұттым». 10 «Ә» сынып оқушысы Муканов Адилет: «Мен мектеп директорының ұсынысымен Алматы қаласындағы «Бөбек» обсерваториясында программалау тілі бойынша қашықтан курс оқыдым.

Курстан өтіп болғаннан кейін  биылғы оқу жылында мектебімізде STEM лабораториясы ашылғанын естідім. STEM үйірмесінің жетекшісі Мақсат Төлентайұлына жолығып, өзімнің осы салаға деген қызығушылығымның бар екендігін айтып, үйірмеге қатыса бастадым. Осы жақында автоматты суқұйғыш жасап шығардым. Бұл жоба қазіргі кезде оқушыларды вирустық бактериядан сақтай алады, яғни су ағарға тікелей контакт жасамайды. Суқұйғышқа бөтелкесін жақындатқанда, бөтелкеге автоматты түрде су құйылады. Жалпы STEM лабораториясында жұмыс жасаған өзіме қызық, қатты ұнайды,  көп нәрсе үйренетіме сенемін».

Мектеп – мемлекеттің берік іргетасын қалайтын негізгі орта. Олай дейтінім, ел тізгінін ұстайтын әрбір азамат ұстаз алдынан өтеді. Жаһанданған заманның адамдары көп уақытын бала тәрбиесіне емес жұмыста өткізетін біздің қоғамда мектептің де, ұстаздың да рөлі өте маңызды болып отыр. Осы жауапкершілікті ескере отырып, биылғы оқу жылында  өз шәкірттерімізге сапалы білім беріп, жаңа заманның озық дағдыларымен сусындату жолын мақсат тұттық. Осы мақсатта мектеп-лицей миссиясында көзделген «Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, өзгерістерге бейім, сауатты, ІТ – құзыретті, адал ұрпақ тәрбиелеу» міндеттерін жүзеге асыру үшін мектепте IT компаниясы құрылды.

Ол қаламыздағы ІТ бағытта білім беретін жоғары оқу орындарымен, Техникалық орталықтармен бірлескен жұмыстарын іске асыруда. Компанияның негізгі бағыты: сандық технология және программалау негіздері; компьютерлік графика; Web-мастер; видео-технология; мобильді қосымшалар дайындау; болашақ инженерлер; робототехника, электроника және мехатроника бағыты қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, бастауыш сынып оқушыларының компьютерлік сауаттылығы дамиды, Scratch, Tynker, CodeCombat қарапайым ойын бағдарламалары арқылы бағдарлама жасауды үйренеді.

Ал C ++ Arduino бағдарламалары орта буын оқушыларына, яғни оған қызығушылық танытқан жасөспірімдерге ыңғайлы. C ++ – Unity ойын платформасын қолданатын жаңа бағдарламалау тілі. Бұл ойындар бағдарламалауды қалайтындарға қызықты болады. Python – жоғары деңгейлі бағдарламалау тілі, оның түсініктілігіне, қарапайым синтаксисіне және қолдану кеңдігіне байланысты жоғары сынып оқушыларының білім алуына мүмкіндік береді. Ал, Java – бүкіл әлемде сұранысқа ие тіл, оның көмегімен көптеген қосымшалар жасалады.

Мектеп-лицейде оқушыларды үйірмелермен қамтуда «STEАM зертханасы», «Шахмат ойыны», «Робототехника», «ІТ компания», «Ұлдар шеберханасы» кабинеттері ашылды. Яғни, қарқынды дамып жатқан әлем өзгерістерінің қыр-сырына қанық, «Білім қоғамын» қалыптастыра алатын жалынды жас мамандармен жұмыс ары қарай жандандырылды.  Қазіргі замандағы ақпараттық технология әрбір оқушының білім алу үрдісінде шығармашылық қабілетін дамытуға айқын мүмкіндіктер береді.

Гүлнұр Ерсайнқызы АЙТИМОВА,
№8 мектеп-лицей директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий