Токио халықаралық университетіне шақырту алған ақтаулық оқушы
Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ақбота Алпамысова Жапониядағы Токия Халықаралық университетінде (Tokyo International University) тегін оқуға шақырту хатын алды. Болашақ түлек Digital Business and Innovation факультетінде білімін жетілдіре алады. Университетке өткен жылы құжат тапсырған Ақбота Алпамысова халықаралық ағылшын тілі емтиханы IELTS-тан 7.5 балл жинап, мтоивациялық эссе жазған, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

– Мамандық таңдау мен үшін өте маңызды іс. Бұған зияткерлік мектептерде жауапкершілікпен қарайтындығы қуантады. Ұстаздарым мен мектебіміздің кәсіби бағдар беру кеңесшісінің көмегінің арқасында әлемдік деңгейдегі топ университетке шақырту алғаныма қуаныштымын. Еліміздегі білімді жастардың дамуына үлес қосып жүрген зияткерлік мектептер жүйесіне шексіз алғысымды білдіремін, – дейді қуанышын жасыра алмаған Ақбота Алпамысова. Зияткер шешім қабылдауға әлі ерте екендігін айтады. Себебі, басқа да оқу орындарына құжаттарын тапсырып, жауабын күтіп жүр екен.
– Болашағымды жасанды интеллект саласымен байланыстырғым келеді. Осы салада жаңалық ашып, оның дамуына елімде үлес қоссам деймін, – дейді Ақбота. Айта кетейік, Ақбота Алпамысова – Ақтау қаласындағы зияткерлік мектеп тарихында Жапониядан толық білім грантын алған тұңғыш оқушы. 2018 жылы Times Higher Education Токио Халықаралық университетін үздік он халықаралық университеттердің қатарына енгізген.
Ақбота Алпамысова – зияткерлік мектепте 7-сыныптан бері білім алып келеді, белсенді оқушылардың бірі. Оқу орнындағы Біріккен Ұлттар ұйымы моделінің белсенді мүшесі және 2020 жылы Франциядағы Лион қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы моделі конференциясының қатысушысы.
Загрузка...