Желілік қауымдастық – мұғалімге әдістемелік қолдау көрсетудің құралы ретінде

Қарыштап дамыған бәсекелестік заманда білім беру жүйесі қоғам талабына сай өзгеріп, жаңаруда. Еліміздің педагогтері заман көшінен қалмай, озық тәжірибелі елдердің іс-тәжірибесін зерттеп, заманауи білім берудің жолдарын дамытуды басты нысанаға алып отыр. Жаңашыл ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны әлемдік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне жетуіне тәрбиелеуі қажет. Сонымен бірге өз бетімен білім алу, өзін-өзі реттеу дағдыларын қалыптастыруға, сандық технологияларда құзырлылық танытатын белсенді азамат, болашақ маман ретінде қалыптасуына көмектесетін қажетті біліммен және практикалық дайындықпен қамтамасыз етілуі тиіс.

Назарбаев университетінің студенттері алдында сөйлеген сөзінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «…бүгінде халықаралық стандарттар негізінде Назарбаев университеті мен Зияткерлік мектептер табысты жұмыс істеуде… Олардың тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту қажет, – деп айрықша атап айтты. Осыған байланысты ортақ мақсатпен бірлескен педагогтердің кәсіби қоғамдастығын құру тәжірибесі мен идеясы Кембридж университетімен бірлесе отырып, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ПШО әзірлеген Қазақстан Республикасы педагогикалық кадрларының біліктіліктерін арттыру курстарының жаңа деңгейлік бағдарламаларын жүзеге асыру жолымен бүкіл Қазақстанға таратылды.

Деңгейлік бағдарламаны іске асырудың тұжырымдамалық негіздері мен деңгейлік қағидаттарын оқып шыққан сертификатталған мұғалімдер халықаралық білім беру жүйесімен танысып, әріптестеріне коучинг пен менторинг процесі арқылы оқытудың тәжірибесін өзгертуге, желілік педагогикалық қауымдастық қызметі, оқушылардың сын тұрғысынан ойлау, өзін-өзі ынталандыру, өзін-өзі реттеу, оқи білу дағдыларын белсенді әрі табысты қолдану дайындығын қалыптастыруға ықпал етеді. Осы орайда Алматы облысы бойынша жаңартылған бағдарламаны оқу үрдісіне енгізуге дайындық барысында 2012 жылдан бастап 7734 мұғалім (жаңа жүйе бағдарламасы бойынша сертификатталған 1,2,3 деңгей) біліктілік арттыру курсынан өтті.

Курстан өткен педагогтер тәжірибеге өзгерісті енгізуде кездескен кедергілерді шешу үшін әріптестеріне барынша қолдау көрсетті. Мұғалімнің кәсіби дамуын қамтамасыз етудің мықты тұстарының бірі – мектепте және мектептер арасында желілік қауымдастықты құру. Желілік қауымдастықтардың пәндік бірлестіктерден гөрі атқаратын қызметі ауқымды, қамтитын көлемі кеңірек. Желілік қауымдастық алдыңғы кезекте мұғалімдердің кәсіби өсіп, қалыптасуын қамтамасыз етеді және қоғамдастықтардың жұмыс аясын кеңейте отырып, басқа мектептермен байланысқа шығуына мүмкіндік береді.

Кәсіби желілік қауымдастықтардың ең басты ерекшелігі педагогтер арасындағы сенімділік болып табылады. Мектепаралық желілер мұғалімдерді оқытуда тиімді жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Желілік қызмет білім алып, тәжірибе алмасуға және мектептерде жүріп жатқан әртүрлі іс-шаралармен хабардар болып отыруға, сондай-ақ оқыту жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Алматы облыстық білімді беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы тарапынан жаңа жүйе бағдарламасы бойынша сертификатталған (1,2,3 деңгей) мұғалімдердің тәжірибесін желілік өзара әрекеттестік орталығы  арқылы  тарату мақсатында «Әдістемелік шеберхана» жобасы құрылды.

Жоба аясында «Алматы облысы мұғалімдерінің желілік өзара әрекеттестік орталығы» сайты құрылды (https://ustazjelisi.kz/). Бүгінгі күні сайтқа облыстағы 150 желілік қауымдастықтан 7734 мұғалім тіркеліп, өзара тәжірибе алмасуда. Әр желілік қауымдастық өздерінің бекітілген жоспары бойынша жұмыстарын жүргізуде. Қауымдастық мүшелері атқарылып жатқан шараларын  үнемі сайттарға, facebook, Instagram, telegram, WhatsApp және тағы да басқа интернет желілерінде жариялап отырады.

«Алматы облысы мұғалімдерінің желілік өзара әрекеттестік орталығының» YouTube (https://www.youtube.com/channel/UC-EbFWv-MqReZ5WSh4e8exg) каналында жаңашыл педагогтердің видео сабақтарынан медиатека қоры жинақталуда. Бұл шығармашыл тұрғыда жұмыс жасайтын мұғалімдердің  озат педагогикалық тәжірибесін айқындауға, таратуға  үлкен септігін тигізуде. Жоғарыда аталған сайт, YouTube, facebook парақшасы арқылы бүгінгі күнде 22000 мыңға жуық педагог тіркеліп, өзара тәжірибе алмасып, орталық тарапынан әдістемелік  қөмек алуда.

Ардак Муратовна АДИЛЬБАЕВА,
Алматы облыстық білім беруді дамыту
оқу-әдістемелік орталығының әдіскері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий