Ақыл мен ойды тәртіпке келтіретін – математика

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. «Ақыл мен ойды тәртіпке келтіретін – математика», – демекші, қиындығы мол осы пәнді шын ықыласымен таңдап, келешек ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар еге білетін ұстаздар арамызда жүр. Біздің білім ордасындағы математика пәнінің мұғалімі Сүлейбек Қалибек жас та болса, өз ісіне адал берілген, оқушылардың  жүрегіне жол таба білген, өзін  үнемі жетілдіріп отыратын ізденгіш жас.

Мектеп бітіруші түлектерді ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарына дайындау, түрлі пәндік олимпиадалар мен байқауларға  шәкірттерді шыңдау сияқты қажырлылықты талап ететін өз пәніне қатысты жұмыстарды ғана емес, сынып жетекшісі ретінде де оқушылардың  түрлі әдеби іс-шараларға белсене араласуын ұтымды ұйымдастырып, әдебиетке, өнерге біртабан жақын екендігін ұдайы көрсетіп жүреді. Оның айғағы, талапты оқушысы Шайх Бек ақан Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған поэзия кешінде Алғыс хатпен, 2020-2021 оқу жылында үш шәкірті әл-Фараби атындағы халықаралық олимпиадасында жүлделі орындармен марапатталды.

«Қазақстан-Ресей: шексіз ғылым» тақырыбындағы оқушылар мен студенттердің үшінші халықаралық ғылыми және практикалық конференциясында бақ сынаған зерек оқушысы Сейтұрат Диас алғашқы қатардан табылды. Ұстаз бойындағы ілім мен ғылымға деген сүйіспеншілігінің арқасында  өзі  де  талай пәндік олимпиада, сайыстар мен байқаулардың жүлдесін қанжығасына байлап жүр. Қазақ және дүние жүзі әдебиетінің тереңіне бойлай білген жас маман мектепішілік, ауыл көлеміндегі түрлі сахналық қойылымдардың басты кейіпкерлерін тамаша сомдауымен де баршаға танымал. 

Бос уақытын тиімді пайдалану арқылы шығармашылық шеберлігін шыңдауымен көрермендерін таңырқатқан ұстаз математикті құдды кәсіби әртіс пе деп қаласыз. Ең бастысы, қарымды қабілетке ие мұғалімдерін шәкірттері  аса  қадірлеп, ата-аналар қауымы құрмет тұтады әрі әріптестерінің арасында да беделі бар мақтанышымыз. Аға буын өкілі ретінде өнерлі өрендерге үлгі өнеге боларлық ерекше қырымен дараланған педагогика саласының кейінгі буын өкілдері бар кезде ұрпақтар сабақтастығының үзілмейтіндігіне қуанамыз.   

Айман Жатынқызы ИБРАИМОВА,
Мыңбаев ауылындағы орта мектептің
директоры, Алматы облысы, Жамбыл ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий