Білім сапасын арттырудағы әдістемелік қызметтің маңызы
Қай елдің болсын өсіп-өркендеуі, ғаламдық дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты. Білім – қоғамды әлеуметтік-мәдени, ғылыми үрдіспен қамтамасыз ететін жоғары құндылық. Болашақтың бүгінгіден нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамы алға апаратын күш -тек сапалы білімде ғана. Сапалы білім – оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үрдісі. Қазіргі кезде білім берудегі мақсат – жан-жақты дамыған, білімді, өмір сүруге бейім, өзіндік ой- талғамы бар, адамгершілігі жоғары, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру.

Сапалы білім беру дегеніміз – ғылымға негізделген жүйелі бағдарлама бойынша теориялық, практикалық іске қабілетті, еңбекке баулу, дүниетанымын кеңейту және баланың бойындағы бар қабілетін кемеліне келтіріп, жан-жақты тұлға тәрбиелеу болып табылады. Еліміздің бүгіні мен ертеңі -өскелең ұрпақ еншісінде. Ал осы ұрпақты бүгінгі таңда жан–жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары, өз бетімен ізденуге қабілетті етіп қалыптастырудың бірден-бір жолы – оқушыны шығармашылыққа жетелеу. Бұл мұғалімнен терең біліктілікті қажет етеді.
Себебі шығармашыл ұстаз ғана шығармашыл тұлғаны қалыптастыра алады. Бүгінгі қазақстандық мектептерге қоғамның қарқынды дамуына ілесе алатын, заман талабына сай ойлайтын, ғылыми-әдістемелік білімі жеткілікті, педагогика мен психологияны терең меңгерген ізденімпаз мұғалім қажет. Бұл мұғалімнің кәсіби шеберлігінен көрінеді.Басқаша айтқанда, білім беру үдерісі мұғалімнің дайындық деңгейі мен мамандық сапасына үлкен талап қояды. Ол мұғалімнің өзін-өзі дамуына, өзіндік білім алуына және өздігінен шығармашылық түрде қызметтерін іске асыруға мүмкіндік береді.
Оқушының білім сапасын арттыру өз пəнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығының дамуына жағдай жасай алатын, тұлғалық-гуманистік бағыттылығы жоғары, педагогикалық ақиқат пен ондағы өзінің іс-қимылын жүйелілікпен арттыруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын меңгерген жəне білімдік мониторинг негізінде ақпараттарды таба білетін, таңдай, сараптай алатын, отандық жəне шетелдік тəжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін мұғалімге, ұжымға жоғары деңгейде талап қоя білетін білім мекемесінің басшысына байланысты.
Сондықтан заманауи педагогикалық тәсілдер мен білім беру тәжірибесі негізінде жалпы білім беру ұйымдары басшыларын кәсіби қолдау мақсатында жүргізіліп жатқан облыстық «Табысты басшы» жобасын басшылыққа ала отырып, мектеп басшыларына әдістемелік көмек көрсету аудандық «Әдістемелік консалтинг» жобасы әзірленді. Әдістемелік сұрақтардың кең ауқымы бойынша кеңестер беру мақсатында мектеп директорларына арналған ашық есік күндері, үш мектеп базасында «Білім сапасын арттыру үшін сыныптағы оқу мен оқыту үдерісін зерттеу» (Lesson Study) тақырыбында іс-шаралар ұйымдастырылды.
Оқу әдістемелік орталығының жоспарына сәйкес мектеп басшылары мен мектеп директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған кешенді семинарларда сабақтағы кері байланыс, қалыптастырушы бағалау түрлерінің қолданылуы, оқу мақсаттары мен тапсырмалардың байланысы, сабақта қолданылған тиімді әдіс-тәсілдер, белсенді жұмыс әрекетінің формалары (жеке, жұппен, топпен жұмыс), сабақта саралау тапсырмаларының көрініс табуы сияқты өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісіп, нақты тәжірибелік тұрғыда жұмыс жасалынды.
Әр семинарда кері байланыс ретінде кәсіби әңгіме кеңінен орын алды. Бұл кері байланыстың түрі – сабақты талдау барысында мұғалімдердің сабақтарына әдістемелік көмек көрсету мақсатында бағыт-бағдар сілтеу үшін берілетіндігі белгілі.Әдіскерлер тарапынан ұйымдастырылған шебер-сыныптар, коучингтер, әдістемелік іс-шаралармен отыз мектеп директоры, 65 оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары түгелдей қамтылды. Бүгінгі білім саласындағы жаңа басшы — рухани дамыған әрі әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті басшы, өзін — өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға.
Осы мақсатта қыркүйек-қазан айларында мектеп басшыларын әдістемелік құжаттармен қамтамасыз ету мақсатында вебинарлар ұйымдастырылып, «Мектептің оқу-тәрбие жоспарына қойылатын талаптар» тақырыбында презентациялар жасалынды.Жоспарлы түрде ұйымдастырылған осындай іс-шаралар мектеп әкімшілігінің жылдық жоспарларын талапқа сай, өз деңгейінде жасауларына көмегін тигізді. Білім сапасын арттыруда мектеп басшыларына мектепшілік бақылауды жоспарлау, тиімді ұйымдастыру бойынша кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіру маңызды.
«Мектепішілік бақылауды дұрыс ұйымдастыру – білім сапасын арттырудың кепілі» тақырыбында ұйымдастырылған аудандық оқыту семинарында мектепішілік бақылауға қойылатын талаптармен, басшылыққа алынатын нормативтік құжаттармен таныстырылып, мектеп басшыларының осы бағыттағы іс-тәжірибесі ортаға салынды. Қашықтан оқыту жағдайында оқу-тәрбие үрдісін сапалы ұйымдастыру мақсатында өткізілген вебинарларда К.Шестаков атындағы орта мектебінің директоры Н.Смагулова «Білімленд» платформасындағы сабақ өткізуді қадағалау және бақылау функцияларымен таныстыру», Жетісу орта мектебінің директоры Б.Жапабаев «Күнделік кз» жүйесінің жаңа мүмкіндіктері», Жалғызағаш орта мектебінің директоры А.Мейірбеков «OnlineMektep.org» -қашықтан оқытуға арналған контент пен білім беру жүйесі» тақырыбында іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Вебинарға шақырылған Талдықорған қаласы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының тренері Ұ.Темиргалиева «Қашықтықтан оқыту жағдайында қалыптастырушы бағалауды ұйымдастыру жолдары»тақырыбында таныстырылым жасап,мектеп басшылары тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді. Оқу жылы барысында «Білім сапасын арттырудағы әдістемелік қызметтің ролі»тақырыбында оқыту семинары,Жетісу, Қарабұлақ, Б.Жолбарысұлы атындағы орта мектептері директорларының іс-тәжірибесінен «Оқыту және оқу сапасын арттыру мақсатында мектептерде lesson study үдерісін енгізу», «Жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы мектепішілік бақылаудың формалары мен әдістері» тақырыптарында тәжірибе алмасу семинарлары, «Халықаралық зерттеулер – мектеп оқушыларының білім жетістігін анықтауға мүмкіндік беретін факторлар» атты мектеп басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел отырысына қатыстық.
«Іс-шаралар өткізудің жаңа форматтары» атты тренингтер (педагогикалық кеңес өткізудің жаңа формалары, тренинг элементтері бар коучинг, іскерлік ойындар, тимбилдингтер) ұйымдастырылды. Мектеп басшылары – білім беру саласындағы өзгерістерді табысты жүзеге асырудағы негізгі буын болып табылады. Сондықтан оқу-әдістемелік орталығы алдағы уақыттарда мектеп басшыларына көшбасшылық пен басқару, стратегиялық жоспарлау бойынша кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіру және әдістемелік бағыт пен бағдар беруді жалғастыру, мектеп басшыларының озық педагогикалық идеялары мен тәжірибелерін тарату мақсатын қойып отыр.
Назгүл Қызайбайқызы МҰҚАЖАНОВА,
Ескелді ауданының білімді дамытудың оқу
әдістемелік орталығының аға әдіскері,
Алматы облысы