Мұқағали Мақатаев жырлары – адам жанының дауасы

Мұқағали Мақатаев – адам жанын түсіне білген психолог. «Мұқағалидің психологияға қандай қатысы бар?» деп отырсыз ба? Психология тақырыбына арнайы еңбек жазбаса да, адам жанының түрлі күйіне, өмірдің мәніне арнаған өлеңдері жетерлік. Кез келген өлеңінде ақынның өмір жайлы толғанысы, өмірге деген көзқарасын, өмірге деген құлшынысы байқалады. Осы өлеңдері арқылы адам жанына демеу бола алады, шабыт береді. «Өмір», «Өмірге серт», «Өмірден күткен үмітім сол», «Өмір деген не десем», «Жас өмір, саған өкпем жоқ», «Өмірімді несіне жек көремін» және тағы да басқа көптеген жауһар жырларынан өмір жайлы толғанысын ерекше жеткізеді.

«Кең дүние, құшағыңды аш, мен келемін», – деп, өмірдің бар сыйын алуға дайын екенін көрсетеді. Осындай өлеңдерімен-ақ адамның психологиясына, жан дүниесіне әсер етіп, өмірдің қымбат екенін ұғындырғысы келеді. «Өмірдің мәні неде?», «Өмірге деген құлшынысымды жоғалтып алдым», – деген сияқты сөздерді естіп жүрміз. Адам түрлі психологиялық жағдайды басынан өткереді, ал оны шешу, өмірлік ұстанымын өзгерту секілді мәселеге келгенде, тоқтап қалады. Осы орайда, әлеуметтік психологияның жекелеген мәселелері – өзін-өзі тәрбиелеу, өзгеру, ойды өзгерту сынды бағыттарда жұмыс жасау керектігін біле бермейді.

Мұқағали жырларын оқыған адам өз-өзіне сұрақ қоя отырып, өмір жайлы ойын өзгертіп, ішкі сезімдерін жеңе алады. Ақынның «Өмір деген не десем» өлеңі сұрақ-жауап арқылы өмір жайлы көзқарасын нақты түйіндейді.
Өзіңе-өзің жүк артып,
Өмір деген – тер төгу.
Бір нәрсеге құмартып,
Бір нәрседен жеркену.
Біреулерді алдау да,
Біреулерден алдану.
Қор боп өтпей жалғанда,
Қолдан келсе жан бағу», – деп  өмірдің өзі күрестен тұратынын, жан аямай, беріспей, өмір сүруге шақырады да:

Өмірді несіне жек көрейін,
Ауыр-жеңіл болса да өткеремін, – деп, төзімді болуды меңзейді. Қазіргі уақытта бәрінің айтып жүрген «әр атқан таңнан тек жақсылық күт, үмітіңді үзбе» деген сөздерін де ақын өлеңінен оқисыз: 
Үміт бар алда, бар арман,
Талпына бергін таңдарға.
Болымсыз нұрға ағарған,
Алданба, жүрек алданба. Ақын оқырманын үнемі тек алға ұмытылуға шақырады. «Әр адамның арманы асқақ болу керек, арманына ұмтылып, белгілі бір мақсатқа жету керек» деп талпындырады. Ақынның «Арманда ұлым» өлеңінде:

Ақылымды тыңда, мейлің, тыңдама,
Тілегім бар бір ғана:
Шығып ал да арманыңның шыңына,
Сосын, мейлі, ұшып өл де, сырғана, – десе,
Болса, ақылың, біл мынаны: жалғанда,
Жолай көрме арманы жоқ жандарға,- дейді. Бірақ арманның жолында қиял қуып кетпей, нақты мақсатқа ұмтылуды көздейді. «Бір арманның беліне мінгеніңмен, бір арманың бұлаңдап алдан шығар»,- дегені де бекер емес.

Сезесің әлденені, сорлы жүрек,
Қорқу ма, қуаныш па – нені білед?
Соққан тамырдағы жылы қандай,
Асқақ ой бірі шығып, бірі кіред.
Қорқу ма, қуаныш па келер маған?
Арман ба жүректі өртеп жалындаған?-деп сан түрлі ойға шомған кейіпкердің арманына жету үшін, өмірден түңілмей, керісінше, қайтадан шабыт алуға ұмтылдырады. Тағы бір өлеңінде тірі жүрген адам армандауды ешқашан тоқтатпау керек дейді:

Мына өмірде, жүрегіңде,
Бойыңда ыстық қан барда.
Болмысты да, болмасты да,
Болады деп арманда! Адам жанын емдеуде, өмірге деген көзқарасын өзгертуде, жаны жаралы жанға үміт сыйлауда Мұқағали өлеңдерін тиімді қолданғанымыз жөн. Ақын өлеңдерінде қаншама адам жанының тылсым сезімдері, талпыныс, құштарлық, асқақ арман жатыр. Өмірден түңіліп, қиыншылықты жеңе алмай жүрген, «менің қолымнан келмейді» деп бәрінен бас тартып жүрген жандарға Мұқағали жырларынан нәр алып, сол арқылы тылсым дүниені танып білейік дегім келеді.

Эльмира Камардинқызы АСАНОВА,
Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу

әдістемелік орталығындағы техникалық және
кәсіптік бөлімнің әдіскері, Талдықорған қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий