ЕҰУ – 25: Жоғары оқу орны және ұлттық жаңғыру

«Кешегіміз түгенделмей, бүгініміз бүтінделмейтіні» – өмір шындығы, әлеуметтік аксиома. Осы өмір заңдылығын қоғамдық дамудың қай саласында болсын ескеріп отыру – келешекке қапысыз қамдануға міндеттейтіні анық. Білім мен ғылымды игеру жолында да міндетіміз еселене түсері даусыз. Ширек ғасыр тарихы бар Еуразия ұлттық университетінің ғұмырнамасы өткенмен де, болашақпен де өзектесетін жарқын істерімен айқындалып отыр. Болашаққа бағдарымыз айқын болса да, бүгінгі күні, 25 жылдық мерейтой қарсаңында, өткеніміздің өнегелі тұстарын еске алсақ артық болмас. Бұл естелік айтудан гөрі, сол кезеңнің ескерусіз қалмауға тиісті кейбір көріністерін сана сүзгісінен тағы бір мәрте өткізу десек те болады.

Мен осы оқу орнында 1993 жылдан бері қызмет етіп келемін.Тың өлкесі атанған, өзге ұлты қазақтың өзінен көп солтүстіктің қаласында  ол кезде жалғыз  ғана қазақ мектебі  болатын. Оқу орындарының бірде-біреуінде қазақ бөлімі жоқ еді, ал оқу-ағарту саласы мен білім беру түгелге дерлік орыс тілінде жүргізіліп келді. Сол уақытта С.Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институты (ЦГПИ) мен Целиноград инженерлік құрылыс институты (ЦИСИ) өз алдына дербес оқу орындары болатын. Солтүстік өңірдегі осы белді де беделді білім шаңырағы елімізге маман кадрлар даярлауға айтарлықтай үлес қосқанын ескере кеткен жөн.      

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Жарлығымен 1996 жылы 23 мамырда Еуразия университеті құрылып, қайта түлеуге, ұлттық жаңғыруға серпін алады. Арқа жерінің ғана емес, бүкіл Қазақ елінің абырой биігінде болуды, білім көк жиегін мемлекетаралық өреде де кемелдендіруді мақсат тұтады. Алғашқы күндерінен-ақ ел сенімін, Елбасы сенімін ақтауды өзінің  мұрат- мақсатына айналдырған оқу орны сол үддеден шығып та отыр. Қазақстанның классикалық университетіне, еуразия аймағындағы санаткерлік, рухани, ғылыми орталыққа айналып отырған бұл білім ордасы бүгінде аса танымал.

Биылғы 25 жылдық мерейлі межеге келіп жеткен  университеттің жүріп өткен жолы мәнді де мағыналы. Иә, ол – бір-бір кемел азаматтың өмір жолына салихалы мазмұн болғандай толымды тарихы бар  білім ордасы!  Ел еңсесін енді ғана тіктей бастаған тұста осы тәріздес ұлы мақсаттар жүзеге асып жатты. Ғасырларға жалғасып келе жатқан ой сабақтастығы орындалды! Ғаламдық жаһандану үдерісінде ұлттық болмысты баянды ету мен рухани кемелділікке жету жолы – білім мен ғылымның өрістеуіне тікелей байланысты екені  ақиқат.

Бүгінгі таңда ректор Ерлан Сыдықов басшылық етіп отырған университеттің оқытушы-профессорлар құрамы заман талабына лайықты жауап беріп, уақытпен үндесе  еңбек етуде. Халықаралық деңгейдегі өре биігінен көрініп келеді. Жыл сайын әлемдік білім мен ғылым жарысына қатысып, бәсекеге қабілетті елдің бәсекеге қабілетті университеті бола алатынын танытып отыр. Соның бір дәлелі, QS «Top 50 Under 50» халықаралық рейтингі бойынша әлемдік таңдаулы университеттер қатарында тұруы және сонымен қатар, өткен жылдар нәтижесі негізінде биыл, 2021 жылы да QS World University Rankings рейтингі бойыншa да «Top 400» құрамына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия үлттық университетінің кіруі – зор мәртебе.

Осыдан 25-30 жыл шамасы бұрын ғылыми кадрлар жетіспеушілігі, қазақ тіліндегі ғылыми әдебиет тапшылығы ең осал тұсымыз болса, бүгінгі күні  ұлттық университетімізде қазақ тілі ғылым тіліне толыққанды айналып отыр. Университет ғалымдары шет елдерде де өздерінің ғылыми әлеуетін танытып келеді: Ұлттық және халықаралық рейтингтерге қатысу; Erasmus Mundus және Tempus халықаралық жобаларына игеру және импакт фактор журналдарына мақалалар жариялау; Thomson reuters және Scopus мәліметтер базасына кіретін жоғары рейтингті басылымдарда жариялану бойынша біздің ғалымдарымыздың үлесі жоғары. Университетіміздің алдағы стратегиялық жобаларында жоғары жетістіктерге әрі қарай да қол жеткізе беру межеленіп отыр.

Білім беруді интернационалдандыру, академиялық ұтқырлық, ғылыми әзірлемелерді коммерциялау, білім беру бағдарламаларын аккредитеу – бұның барлығы үздіксіз дамып келе жатқан білім ордасының көрсеткіштеріне айналып отырғандығы – үлкен жетістік. Бір кездері ұлттық кадрлар мен білікті оқытушы – профессорлар құрамын ұйымдастырудың өзі күрделі болса, бұл күндері әлем ғалымдарымен ой түйістірген және шет елдерге танымал ғалымдармен толығып отырған Еуразия ұлттық университеті өзінің миссиясын абыроймен атқарып отырғаны анық.    

Бұл күндері төрткүл дүниеге танымал болып қалған Қазақстандағы іргелі оқу орны бұл биіктерді бірден бағындырмағаны, бұл дәрежеге бірден қол жеткізбегені белгілі… Университет тарихы ел тарихымен бірге жазылып жатты. Қалыптасу мен дамудың бел-белестерінен өтіп,өтпелі кезеңнің талай қиындықтарын бастан кешкен оқу орнының тарихы сол кезеңде бірге қызмет еткен әріптестер жадында. Сындарлы 25 жылды еңсерген   университеттің қалыптасу жолдарына көз жіберсек, бүгінгі биіктік – өткеннің баспалдақтарынан басталғанын пайымдаймыз. Кешегіні еске алсақ… жаңа ғана қалыптасып келе жатқан оқу орны басшысы алысты мегзегенін танытты.                   

Ол білім беру қызметін жаңғырған Қазақстан жағдайында әлемдік өремен деңгейлес әрі ұлттық рухпен өзектестіре жүргізу мақсатын қоя білді. Ал парасатты ой парасатты іске бастайтыны – ақиқат. Осылайша пайымдау озық ойлы әр басшыны қажыр-қайратпен қатар, «талап, еңбек, терең ой» иесі болуға міндеттейтіні даусыз. Целиноград педагогикалық институтына 1991 жылы басшылыққа тағайындалған Жоғары мектеп ұйымдастырушысы, тарих ғылымдарының докторы, ректор Амангелді Құсайынов мұны бар болмысымен түйсінді. Сонымен қатар, «бойда қайрат, ойда көз» болу керектігін жауапты кезеңнің жүгін арқалаған білім ордасының әр мүшесі де сезіне білді.  

Жиырма бес-отыз жыл бұрын қандай белестерден өттік? Қордаланған мәселелер, күрмеуі көп, шешімін табуға тиісті ауқымды міндеттер – сол кезеңнің шындығы еді. Мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі Тілдерді дамыту мәселесімен сабақтас келгені мәлім. Соған сәйкес, ең алдымен, рухани мәселелерді, оның ішінде, Тіл мәселесін қолға алу – сол кезең үшін үлкен батылдық  деп айтуға болады. Университет басшысы  өзі басқарып отырған оқу орнында қазақ тілінің қызметін жетілдіру мәселесінде барынша сергек әрі тәуекелшіл болды деп айта аламыз… Тіл мәселесін татаусыз достық жағдайында, «қалауын тауып, қар жандырардай» оңтайлы шешу – ұлтаралық қатынастар үйлесімділігінің басты шарты деп пайымдасақ, әр азамат бұны әрдайым  жадында тұтары анық.

Ректор А.Құсайынов мемлекеттік мәртебе алған тілдің әлеуетін осылайша арттыра түсті. Бірте-бірте ресмилендіре берді. «Бірте-бірте» болатыны – жалтақтық емес, бой үйрету. Немесе  орыс тілді ортаның ырқына бағыну емес – тілдік сананы өзгертуге бейімдеу әрекеті десек, ол жеңіл болмады, бірақ жемісін бере бастады. Атап айтқанда, әуелі мәжіліс-мәслихат, жиналыс-жиындарды қазақ тіліне басымдық бере отырып, аралас жүргізе бастады. Еппен! Бірте-бірте! Құлақ үйрете, ойға бойлата, санаға сіңіре берді! «Бәріне түсінікті тілде» сөйлеп келгеннен соң болар. алғашқы кезде,  мәжілістің «қазақшасы» көбірек болып кеткенде, өзге ұлт өкілдерінен қысылып, біртүрлі ыңғайсызданып отырғанымыз жасырын емес!

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басында, Целиноградта, яғни қазақтың саны 27%  қалада, оның ішінде бірде-бір қазақ бөлімі жоқ оқу орнында,  «қазақша сөйлеген» алғашқы  ғылыми кеңеске куә болдық Бұл – кейбіреулер  тосырқай қараған «тосын құбылыс» – ерлікке пара-пар еді. Өйткені басқа тілде сөйлеп, соған дағдыланғандардың мемлекеттік тілді «мойындай бастауы»  айтарлықтай жаңалық еді. Сөйтіп, білім мен мәдениеттің бір ұясында мемлекеттік тілге қанат бітті деуге болады. «Қазақ хандығы тарих сахнасына шыққанда оған қызмет еткен тіл – қазақ тілі болды емес пе» (академик Р.Сыздық). Тәуелсіздікке қол жеткізгенде, ендеше, неге ол өз тұғырына қайта қонбасқа…

Мемлекеттік тіл мәртебесінің беки түсуінің ендігі бір көрінісі – университеттегі құжат айналымы. Кіріс-шығыс құжаттары, іс қағаздары мемлекеттік тілде рәсімделе бастады. Ректорымыз бұл маңызды істің жүзеге асуын көпке создырмады: құжаттардың аударма тілде емес, бірден мемлекеттік тілде рәсімделуіне баса мән беріп, ал аударылған болса сауаттылығын қатаң қадағалаудан өтті. Осы істердің басы-қасында  жүріп біз бұны – шексіз талап қоюшылық деп емес, тіл тағдарына алаңдау деп бағаладық немесе Тілге жауапсыздықпен қарау белең алып кетпесін деген сақтандыру деп қабылдадық.        

Мемлекеттік тілді тәуелсіздікпен бірге баянды ету үшін әлі талай тер төгуге тура келетіні айдан анық еді. «Сен бұзылғанмен, тоң толық жібіген жоқ еді ғой». Тіл жанданды. Түлеу үстінде… Мемлекеттік тіл қызметін арттырудың маңызды бір міндеті – ғылымды  «қазақша  сөйлету» емес пе! Бұл кезеңде тілдік сананы «ғылымиландыру» – егемендікті енді алған елдің рухани тәуелсіздігі үшін аса көкейкесті болып отырғаны айтпаса да түсінікті еді. Университетімізде осы тұста да кемеліне келтірер, кемерін толтырар істер ұланғайыр болатын.   

Мемлекет тілін мамандық тіліне, ғылым тіліне айналдыру, ғылымдағы қолданыс аясын кеңейту мақсатында университетімізде айтарлықтай істер атқарылып жатты. Бұл кезеңде ұлт кадрларын даярлау мен сапалы білімді қамтамасыз ету үшін білікті оқытушы-профессорлар құрамын жинақтауға ерекше мән берілді. Қазақ бөлімдері жедел ашылып, болашақ мамандар қазақ тілінде даярлана бастады. (Білікті мамандар жетіспеушілігі осы тұста тағы да бой көтерді.) Университетте оқулық, оқу құралдарын, оқу бағдарламаларын қазақ тілінде жедел әрі сапалы әзірлеу міндеті қатаң қойылды.

Диссертациялық кеңестер («тарих, экономика» мамандықтары бойынша) ашылып, оларға қатысты барлық құжаттарды екі тілде ресімдеуге өз көмегімізді көрсеттік. Мемлекеттік тілдің ғылыми, әлеуметтік-коммуникативтік қызметін жетілдіру мақсатындағы атқарылған істің ең мәнді де маңызды бір саласы – ректор Құсайыновтың тегеуіріні арқасында қазақ тілінің екінші шетел тілі дәрежесінде жаңа мамандық тіліне айналуы еді. Бұл – шетел тілі мен мемлекеттік тілді қатар меңгерген маман даярлау деген сөз! Бұл – қазақ тілі әлемдік тілдермен тең қойылды деген сөз!

Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына (1989 ж.) 4 жыл енді толғанда осындай мамандықтың ашылуы – сол кез үшін құбылыс болды. Көшеде қазақша сөйлеуге «қымсынатын» кешегі Ақмолада енді өзге ұлт өкілдері қазақ тілі мамандығын алуға ниеттеніп жатыр, соған жұмылдырып жатыр деген – нағыз «ақжолтай», сүйінші сұрайтындай жаңалық болды! Жаңа ашылған  кафедра мемлекеттік тілдің дамуына белгілі дәрежеде үлес қосты. Бұл кафедра жаңа бағыттағы («ағылшын-қазақ, француз-қазақ, неміс-қазақ тілдері» оқытушысы) мамандарды даярлауда нәтижелі іс атқара алды (Осы ауыр да жауапты жұмысты бірлесе шешу маған жүктелді.

Жаңадан ашылған қазіргі қазақ тілі кафедрасына меңгерушілікті сеніп тапсырды! Сенімнің салмағы жұмыстың ауырлығынан да асып түсетіні белгілі!). Мемлекеттік тілде білімін жалғастыруға шет елдік жастар да қызығушылық танытып жатты. Атап  айтқанда, қазақ-түрік лицейінің жас оқытушылары осы мамандықта білім алып, «ағылшын-қазақ тілі пәнінің оқытушысы» квалификациясы бойынша диплом иеленді. Сөйтіп, қазақ-түрік лицейінде толық құқылы оқытушы болып жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Заман талабына сай ашылған бұл мамандық кейін түрлі себептер кесірінен жабылып қалды (қазақ тілінің орнына басқа бір шет тілін оқыту керек деген «өгей пиғыл иелері жеңіп кетті»).

Осы күнге дейін жалғастыра бергенде, бұл мамандықтың болашағы зор еді. Әсіресе, бүгінгі таңда Ұлт Жоспары мәселелерінің бірі болып белгіленген, үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асырудың маңызды тетіктерінің бірі болар еді. Университетте жастар тәрбиесіне де баса мән берілді және бұл заңдылық та еді. Тоталитарлық жүйе кезінде зор дағдарысқа ұшыраған рухани әлеміміз егемендік алумен жаңғыра, жасампаздана түсті. Осы ұлы өзгерістер ықпалымен университетімізде жас ұрпақ өз туған халқының рухани тамырынан қол үзіп қалмайтындай сана қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп отырды.

Елдің (ұлттың) маңдайына біткен «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» дейтіндей перзенттеріне тағзым ете білу – әрқашан ұрпақ парызы болып қала бермек. Осыны туған тілдің құдыреті арқылы ұқтыра беру мақсатында тәрбиелік мәні жоғары іс-шаралар атқарылды. Мысалы, ЮНЕСКО бойынша 1995 жыл Абай жылы деп жарияланғаны белгілі. Ал сәуір айында Ұлы ақынның 150 жылдық мерей тойын аталған мамандық студенттері әдеби-танымдық кеш аясында атап өтті. А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасы мен Гете – Лермонтов – Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» шығармасын қазақтың ұлы ақыны аудармасы бойынша сахналық қойылымға ұластырдық.

«Бұл  салихалы, салтанатты кеш болды» деген жоғарғы баға иелендік.. «Қазақстан» телеарнасы түсіріп, әлденеше қайталана көрсеткенін атап өткеніміз жөн. Тілдің ұлттық рухымызды жаңғырту мен қоғамды біріктіруші күш ретінде мәртебесін арттыру басты бағдарымыз болғаны аян. Соның бір көрінісі: 1996 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Астана қаласы әкімдігі ұйымдастырған «1 мамыр – Ұлттар достығы» мерекелік шарасында  өзге ұлт өкілдері арасында біздің студенттер мемлекеттік тілде өнер көрсетіп, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» марапаттарына ие болды.

Сонымен қатар,осы мамандық студенттері қала бойынша жыл сайын өткізілетін басқа да байқауларға белсене қатысатын. Олардың жүлделі орындар мен түрлі номинацияларға қол жеткізгенін – тіл мәртебесінің биіктеуі деп  бағаладық. Оның бір парасы тіл мәселесіне байланысты іс шаралармен орайласып жатты. Мысалы, біздің  кафедра орыс тілді топтардан алғаш рет қазақша КВН тобын даярлады (ол да – айтулы жаңалық!). Орыс тілді командамыз қазақ тілінде өнер көрсетіп,екіжыл қатарынан 1-орын иеленіп жеңіске жетті. (әділ қазылар төрағасы – белгілі қоғам қайраткері Ербол Шәймерден болатын, 1997-1998)                 

Ұлттық құндылықтарды қастерлеу, ұлттың рухани мұрасына құрмет сезімін қалыптастыру – кафедрамыздың алға қойған басты міндеттерінің бірі болатын. Ұлтымыздың тарихы мен мәдениетіне терең бойлату мақсатындағы танымдық іс-шаралар  түрлі бағыттарда жүргізіліп отырды. «Тіл – қатынас құралы болумен бірге ұлттық рух кепілі» екені өзге ұлт аудиториясындағы қазақ тілі сабақтарында ерекше ескеріліп отырды. Саяхат-сабақтар жиі ұйымдастырылатын. Ақмола қаласында ашылған  Қ.Қуанышбаев  атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының (15.11.1991), яғни тұңғыш қазақ театрының, тұрақты көрермені де – біздің университет оқытушылары мен студенттері болды.  

Қоғамның рухани кемелденуі білім сапасының артуы мен саналы тәрбиені ұштастыруға да байланысты. Әдеби кештер мен көркем өнер туындылары көрмелеріне және ұлт руханиятын өзектейтін түрлі шараларға қатысу оған уақыт тауып бару – бізге парыз болды. Өйткені, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ білім мен өнерді қатар жаңғырту жазылмаған заң болатын. Сондай-ақ, жаңа да бой көрсетіп жатқан түрлі мәдениет ошақтарына: ҚР Президенттік мәдениет орталығына (27.10.2000); Has-Sanat өнер галереясына (2003); ҚР Ұлттық музейіне (2014) мақсатты түрде саяхат ұйымдастыру барысында студенттеріміз қазақ дүниетанымы мен қазақтың ойданалығынан сыр шертетін өнер туындыларымен танысып, таным деңгейі тереңдеп, ерекше әсер алатын.   

«Тіл және мәдениет» қоғамының (белгілі қоғам қайраткер, жазушы Алдан Смайыл басқарған)  дамуына да оқытушыларымыздың қосқан үлесі  зор. Өтпелі кезеңнің өткелектерінен өтуде, қайта құру қиындықтарын бастан кешіп жатқанда, өз мемлекетіміздің мәртебесін бекітіп жатқан тұста сондай ұлы істерге біздің университет те өз үлесін қосты. Бар мүмкіндігін көрсетті. Ел тілегі мен Елбасы үмітін ақтауға тырысты. Айқайға аттан қосып емес, шын пейілдерімен қызмет етті! Болашаққа қадам басты. Бүгінгі күнге негіз қалады. Бұған бүтіндей бір оқу орнында қызмет атқарған барша ұжым мүшелері куә. 

Ұзақ мерзімді болашақты бағдарлаған ЕҰУ стратегиясының бір тармағы – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Ғаламдық жаһанданудың үдерісінде ұлттық болмысымызды баянды етудің басты бағдары – білім деңгейі.  Осыдан 25-30 жыл бұрын межеленген биігіміз, одан бұрынғы алаш қайраткерлерінің асқақ армандары алдағы жарқын болашаққа жетелей бермек.

Гүлнар МҰРАТОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры,
филология ғылымдарының докторы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий