ҚазҰПУ: Жас ғалымдардың халықаралық веб конференциясы
Халқымыздың дана да, дара тұлғасы Абай Құнанбайұлы он сегізінші қара сөзінде «Тегінде адам баласы – адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» – деп ғылымның қоғам дамуындағы рөлі мен маңыздылығын бір сөйлеммен-ақ сипаттаған ғой! Шындығында, Ғылым – дамудың қозғаушы күші, қазіргі адамзаттың ақыл-ойынан туындаған барлық жетістіктерінің бастауы екені рас.
Халық жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Осы күнгі біздің көп мақтанышымыздың ең ірісі – ғылым» деген қанатты сөздері алдымен ғылымды игеріп, онымен мақтануды меңсезе, ғылым жолына түскен жастарымыздың саны көбейіп, ғылымда қандай да бір жетістіктерге жетіп жатса – нағыз мақтаныш міне осы емес пе?! Қазақ ілімінің қара шаңырағына айналған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде онлайн форматта «Жаратылыстану ғылымдары жас ғалымдардың көзімен» атты халықаралық веб-конференция ұйымдастырылды.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ғылыми жұмыс және цифрландыру жөніндегі проректоры м.а., ф.-м.ғ.д. Сахиев Саябек Қуанышбекұлың және Жаратылыстану және география институтының директоры, г.ғ.д., профессор Каймулдинова Күләш Дүйсенбайқызының алғы сөзімен басталған конференцияны жаратылыстану институтының жас ғалымдары ұйымдастырған болатын. Конференцияда жаратылыстану ғылымдары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, өз саласында жетістіктерге жеткен, отандық және халықаралық ғылыми ұйымдардың белсенділері, талай республикалық конкурстарда топ жарған жас ғалымдар баяндама жасады.
Атап айтар болсақ, отандық жас ғалымдардан: «100 жаңа есім» ұлттық жобасының 2018 жылғы жеңімпазы, Astana IT университетіндегі Ғылым және инновация департаментінің директоры, PhD Жакиев Нұрхат Қуандықұлы, «ЖОО Үздік оқытушысы» республикалық конкурстарының жеңімпаздары: Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, PhD – Ақылбеков Нұрғали Икрамұлы.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Математика және математикалық моделдеу кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD – Байшемиров Жарасбек Дүйсембекұлы, Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың постдокторанты, PhD – Лайсханов Шахислам Ұзақбайұлы, елімізде алғаш рет құрылып, педагог-ғалымдардың басын біріктірген «Қазақстан жас педагог-ғалымдар қауымдастығының төрайымы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғылым және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің басшысы – PhD Абдраймова Мөлдір Рашидқызы.
Және осы ұйымның белсенді мүшесі – PhD Аманкелді Нұргүл және Өсімдіктер биологиясы жане биотехнологиясы институтының ғылыми қызметкері, PhD – Ғалымбек Қанат, сондай-ақ, шетелдік жас ғалымдардан: Ресей ғылым академиясына қарасты Казан ғылыми орталығының өкілі, химия ғылымдарының кандидаты Смолобочкин Андрей Владимирович, Мәскеу қалалық педагогикалық университетінің биология және адам физиологиясы кафедрасының аспиранты – Серовайская Дэлина Евгеньевна және өзіміздің қаракөзіміз Францияның Paris-Saclay университетінің докторанты Үміт Алиаскарова зерттеу жұмыстары бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Нақты ғылымдардың ұдайы жасарып-жаңғырып тұруының құпиясы – олардың қашанда ой жаңартуға әзір тұратындығында жатса керек» – деп осы айда өзінің 85 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған Олжас Сүлейменов атап өткеніндей, нақты ғылымдар тобындағы жаратылыстану ғылымдарының қарқынды дамуының сыры да осы болуы керек. Жаратылыстану және география институтының ғылым, инновация және халықаралық байланыстар бөлімінің жетекшісі, PhD Аманбаева Махаббат Батырғалиқызының моретатор болуымен өткен жиынның екінші жартысы жас ғалымдардың пікірталас алаңына ұласты.
Ортаға салынған тақырып, қазіргі кездегі «Жаратылыстану ғылымдарындағы озық технологиялар мен идеялар: жаңа мүмкіндіктер мен кедергілер» болғанымен, жас ғалымдардың өткір ойлары бұдан да басқа мәселелерді шарпығанын көрдік. Тыңдаушылардың тарапынан көптеп ұсыныстар айтылды. Әсіресе, салааралық байланысты күшейту, бірлесіп жобалар орындау, спикерлердің тақырыптары бойынша кеңейтілген вебинарлар өткізу бойынша ұсыныстар жиі айтылды.
Жалпы алғанда, конференцияда айтылған жас ғалымдардың өткір ойлары, бөліскен тәжірибелері және тыңдаушы жастар мен жас мамандардың зейіні – қазақ ғылымының болашағынан хабар беріп тұрғандай. «Ғылымды танып – білуде ережеден мысал пайдалырақ» демекші, жас ғалымдардың қазақ тіліндегі баяндамалары – қазақ тілінің ғылым тілі екендігінің нағыз айғағы емес пе?!.
Шахислам Ұзақбайұлы ЛАЙСХАНОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың постдокторанты, PhD