Жетекші мектеп: Ортақ істің орайы

«Мұғалім өз тәжірибесін қалай жақсартпақ?» деген ой бізді үнемі мазалап келгені жасырын емес. Осы орайда жетекші мектептердің серіктес мектептер арқылы өзара ынтымақтастықта жұмыс жүргiзуі мұғалім тәжірибесіне едәуір ықпал еткені белгілі. Бiр-бiрiмiздегi жаңа идеялармен бөлiсіп, шешiмiн таппай жатқан проблемаларды ортаға салып, оларды талқылап, бiрлесiп шешiмiн табуға жұмылу, енгiзiп жатқан өзгерiстердiң жетiстiктерiне бiрге қуанып, кездесетiн кедергiлердi бiрлесiп жеңу – біздің көздеген мақсатымызға жетуге айқын бағдар, сондай-ақ бірлескен оқу әрекетінің тиімділігі.

Сол секілді білім сапасын жақсартып, тәжірибе алмасып, озық үлгілерді насихаттауда жетекші мектеппен бiрлесе жұмыс істеу мұғалім үшін де мол мүмкіндік. Мақат ауданы Х. Санбаев атындағы орта мектептің басшысы Н. Мендалиеваның бастамасымен Исатай ауданы Тұщықұдық ауылының Ж. Мырзағалиев атындағы мектебімен қоғамдастық құрылғаннан кейін екі мектеп арасында жоспар жасақталып, «Жетекші-серіктес», «Мектепке бару», «Мектепке келу» моделінде жұмыс атқардық.

Біз ол мектептің сабақтарына қатысып, зерттеу жүргіздік, кіріктірілген және командалық сабақтардың тиімділігін көрдік. Кейін олар бізге келіп, бірігіп сабақ өткіздік және жұмыстарды аудан көлемінде тарата бастадық. Мектепте бас қосып, оқыту мен оқудағы проблемаларды талқылау, бірнеше мұғалімнің бір сабақты бірігіп жоспарлауы арқылы жұмыс атқару барысында ынтымақтастықта жұмыс істеу, оқушының өміріне қажетті дағдыларды жетілдіру, өзін-өзі бағалап, рефлексия жасауға дағдылану, АКТ-мен жұмыс жасауды үйрену секілді нәтижелер мен табыс критерийлеріне қол жеткізілді.

Қос мектептің бірлесіп сабақ жоспарлап, мұғалімдерінің өз жұмыстарына сыни тұрғыдан қарап, сәтті және әлсіз жақтарын саралап, жетістіктермен алмасатын деңгейге де жеттік. Әрі мектептегі тәжірибе кезінде зерттеу сабақтарын өткізіп, жұмысты қорытындылап, алдағы уақытқа жаңа циклді жоспарлауды үйрендік. Бір мұғалімнің сабақ өткізіп, екінші мұғалімнің сабақ барысын қадағалап, соңында өздері өткізген тәжірибе жайлы мұғалімдердің қайтадан пікірлесуі педагогикалық кәсіби дамуды жетілдірудің көрінісі болды.

Үнемі кері байланыс берілген жұмыстың тиімділігі мен өзгерісті қажет ететін тұстарын ескере отырып, даму әрекетімізге ықпалы жағымды болды. Оқытуды жақсарту үшін жасалған жұмыстың оң нәтижесін оқушылардан да аңғаруға болады. Мұны мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынастың бір жүйеге түсуі деп ұғынған жөн. Қорыта келе, жетекші мектеп пен серіктес мектептің ортақ қызметі мұғалімдердің кәсіби толысуына, шығармашылық деңгейінің өсуіне, жаңашылдыққа ұмтылуына ықпалы зор. Ең бастысы, осыған дейінгі істеп жүрген жұмыстарымыздың тиімділігі мен нәтижелілігіне қол жеткізу үшін қалай ұйымдастыруға болатындығына көз жеткіздік. Міне, осындай жұмыс қарқынымен біз жетекші мектеп дәрежесін лайықты алып жүрміз деп білеміз.

Самал Есмырзақызы САЛИКОВА,
Х. Санбаев атындағы орта мектебіндегі
«Серпін» қоғамдастығының жетекшісі,
Атырау облысының Мақат ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий