Жетістікке жетелейтін жүйе

Жетекші мектеп ретінде екі жетістігімізді мақтанышпен атап өткім келеді. Бұрын деңгейлік курс аяқтаған әріптестер ғана зерттеумен айналысқан болса, қазіргі таңда мектеп тренерлері мен мектеп үйлестірушілері Педагогикалық шеберлік орталығының Павлодар қаласындағы филиалының ұйымдастыруымен өткізілетін «Тәжірибедегі зерттеу» курсына қатысып, жинаған тәжірибелерімен аудан көлемінде бөлісуде.

Сонымен бірге аудандық, облыстық семинарларға, конференцияларға қатысып, кәсіби қоғамдастықтар аясында өздерінің кәсіби құзыреттіліктерін арттырып келеді. Бұл жетістіктеріміздің айғағы ретінде 2019 жылы «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында жетекші және серіктес мектептер қызметін үйлестіру» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырылып, осы семинарға Педагогикалық шеберлік орталығының тренері, әдіскер-менеджері, Павлодар қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, аудандық білім беру бөлімінің басшысы, аудандық білім бөлімінің әдіскері, әр мектептің мектеп тренерлері мен серіктес мектептердің оқу ісі жөніңдегі орынбасарлары мен мектеп ұжымы қатысты.

Мектебімізде деңгейлік және мектеп тренерлері курсынан өткен әріптестеріміз «Оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын топтық жұмыс арқылы дамытуға бола ма?», «Мәселелік оқытуды іске асыру арқылы оқушылардың зерттеу дағдыларын қалай жетілдіруге болады?» тақырыптары аясында зерттеу нәтижелерімен облыс деңгейінде бөлісіп, өздерінің алдағы дамуына тренерлермен маңызды диалог жүргізіп, қажетті ақпараттарды алды.

Мен мектеп үйлестірушісі ретінде 2020 жылы Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Сабақты зерттеу: Қазақстан мектептерінің тәжірибесі» облыстық ғылыми-практикалық конференциясының секциялық мәжілісінде «Қашықтан оқу жағдайында сабақты зерттеу үдерісін ұйымдастыру және басқару» тақырыбында баяндама жасадым, сондай-ақ мектеп тренері С.К. Шакиев «Іс-әрекеттегі зерттеу: тиімділік құралдары» тақырыптарында аудан, жетекші мектеп көлемінде жасалынған іс-шаралар бойынша әріптестерімен тәжірибе алмасты.

Жетекші мектептер аудандық, облыстық мектептердің қызметіне тың серпін беріп, мәселелерді ашық талқылаулар нәтижесінде кәсіптік өсудің жаңа бағытын айқындайтын өзара әрекеттестіктің жаңа тәсілдерінің үлгісі болуға бастама беретініне сенімдімін.

Алмагүл Социалқызы КАБЕНОВА,
Көктөбе жалпы орта білім беру мектебі
директорының орынбасары, Павлодар
облысындағы Май ауданының Көктөбе ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий