Ұлағатты өмір өрнектері
Адамзат тарихында білімнің, өркениеттің мүддесі үшін қызмет етер ұстаздың еңбегі ерен. Ал нағыз ұстаз беделі кәсіби тұрғыдағы біліктілік қасиеттерімен және кәсібіне деген адалдығымен өлшенетіні рас.Бүгінгі күнде ұстаз мәртебесі өзіне және қоғамға байланысты. Ұлтын сүйген айбарлы ақынымыз Мұхтар Шаханов айтқандай, шәкірт жүрегі – күйсандық. Күйсандықтың кілтін таба алған ұстаз ғана аша алады. Сол кілтті таба алған ұстаздың шәкірт алдында, қоғам алдында беделі артатынын білеміз. Ұлттық кодымызда ізгілік, адалдық, перзенттік, инабаттылық, адамгершілік, парыз, этикет, ақыл мен парасатылық, кеңінен өрістеп, молынан қамтылған.

Мен бүгінде, өмірлік тәжірибесімен, тәлім тағылымдарымен жастарға пайым –парасаттың үлгісін танытқан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Байториева Бубинұр жайлы сыр шертпекпін. Бубинұр Алтановна Шелек политехникалық колледжінде ұстаздық ұлылықпен, қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбегімен жүрегі ізгілік істерге толы тіл маманы. Әріптесіміз өзгелерден адамдық қасиеттерге толы еңбекқорлығымен, өскелең ұрпаққа саналы тәрбие беруде шәкірттерімен қарым-қатынасында ізгілікті іс-әрекетерімен ерекшеленеді.
Адалдықты қазық етіп, иман мен ибаны тәрбиеге орап берген ардақты әкесі – Байториев Алтан мен аяулы анасы – Гүлбаршын Жақанованың ұлағатты ұл, қылықты қыз өсірген үлгілі отбасында ақжарқын мінезімен 1961 жылғы мамыр айының 25-і күні Бубинұр өмірге келген. Он төрт құрсақ көтерген анасының тірі қалған жеті перзентерінің төртіншісі болды. Ата-анасы жеті баласына ұлағатты тәлімді тәрбие беріп, оқытты. Әкесі домбырада күй шертіп, ән салатын. Нағашысы қиын қыстау соғыс кезінде барыс ұрып тарихта Жақан батыр атанған. Анасы Гүлбаршын Жақанқызы әдемі дауысымен халық әндерін, тіпті татарша да ән салатын өнері де бар еді.
Бибінұрдың бойында ата-анасынан дарыған өнерге құштарлығы басым. Кешегі тыл және ел құрметіне бөленген еңбек ардагерлері болған ата-анасының есімдері естелік тақтаға жазылып, ел есінде. Бубінұр жас кезінен «Намыс бар жерде ұят бар, ұят бар жерде ар бар, ар бар жерде адами қасиеттердің бәрі бар» деген ақиқатты жүрегіне түйіп өсті. “Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Мінез бен ақыл жарасса, адамгершілік ұтады», – деп ұлы данышпан Әбу Насыр Әл-Фараби айтқандай, Ораз Жандосов атындағы орта мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ ұстаздары Бубинұрдың әрбір жетістігіне қуанып,әр талпынысына қолдау білдіретін.
Шәкірттік өмірде ұлағатты ұстаздары Күлсара Алтанова, Айтбүбі Шубекова, Тамара Молдаспанова, Дәулетқан Абдихалықов, Сүлеймен Мәметов, Гүлшара Байдилдаевалардан тәлім алып, өмір өзен ағысында батыл қадам басып, армандауға, адалдыққа үйренген еді. Қыран баптағандай ұстаздар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуі болашаққа деген шексіз сеніммен Бубинурды биікке жетеледі. Болашағынан зор үміт күткен ұстаздары қабілетіне қарап, қаламы жүйрік журналист боласың десе, басқалары нағыз ұстаз болатыны туралы айтушы еді. Шексіз сенім осылайша биікке ұмтылып, ұлағатты ұстаздарының алғысымен шабыттанып, қанаттанған Бубинур есейе келе ұстаздық жолды таңдаған болатын.
Бубинұр Алтанқызы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университтеттің филология факультетіне оқуға түсіп, оқуын жақсы бітірді. Университетте білім кәусарынан мейірін қандырып, халқымызға танымал ақын Қадыр мырза Әлі, профессор Тұрсынбек Кәкішев сияқты көптеген ұстаздардан дәріс алған ол, әрқашан құныға, құлшына ізденуге әрдайым бейім болып, білімге құштар еді. Университтетті бітірген соң, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша мұғалім болып, Шелек ауылындағы С.М.Киров атындағы орта мектептен еңбек жолын бастаған еді.
Мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдерінің балаларына меңгертуде жемісті еңбек етіп, абырой биігінен көрініп, алғысқа бөленді. Бүгінде ол асқақ арман қанатында талмай қанат қағуына өмір көшінде кірпіш болып қалануына бағыт берген ұстаздарына мың алғыс білдіреді «Бақ әрбір адамның есігін өмірінде бір рет болсын қағады, алайда, адам осы уақытта “үйінде болмағандықтан” есіктің қағылғанын естімей қалады», – деп Марк Твен айтқан екен. Біздің кейіпкеріміз өз бағын ұстаздықтан тапқан адам. Себебі, мамандық таңдауда қателеспей, өмірдегі өзіңе бақ болатын жолға түсудің өзі үлкен бақ екені рас.
Ал бағыңды адаспай табуың- тәрбие дәнін еккен ата-анаға, ұстазға байланысты. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, Байториева Бубинұр Алтановнаның білім беріп қоймай тәрбие дәнін еккен шәкірттері Хинда Лариса, Брянцев Александр, Турганова Дильяра, Меделханова Зәуре бүгінде әр саладан өз орнын тауып, абыройлы еңбек етіп жүр. Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі.
Ұстаз деген ұлағатты есімді ардақтап, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар көрсетуде ерен еңбегімен танылған Бубинұр Алтанқызы зейнеткерлікке жетіп, алпыстың асқарына келіп отыр. Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін жайсаң жанның жолы да бөлек.
Әріптесімнің бойында кәсіби шеберліктің астарында өз мамандығын шексіз құлай сүюден тысқары, табиғи икемділік пен біліктілікті жалықпай жетілдіру шарттылығы жатыр. Ұжымдастар арасында беделді ұстаз колледждің шығармашылық топ жетекшісі ретінде әрбір әріптесі жайлы жазған мақалалары жан дүниеңе нұрлы шуақ сыйлайды. Абыройлы атақтан гөрі адамгершілік қасиетімен жарқын бейнесімен танылған ұлағатты ұстаз бүгінде –әулеттің абыройлы келіні, асыл жар, ардақты ана Әлихан, Айару, Айсана атты немерелердің ақ әжесі.
Адам қажырлы еңбегімен табиғатты өзгертсе, ұстаз жасампаз еңбегімен жаңа адамды қалыптастырып, оны дамытып, өмірге дайындайды. Өзінің ұстаздық мінез-құлқымен, әрқашан игі істердің ұйтқысы болып жүретін, әріптесім әрі аяулы құрбым ұзақ жылдар бойғы ұстаздықтың ұлы жолында айшықты еңбегімен дараланып отыр. Шәкірттері Мұхаметхан Жансая, Дүйсен Асхат, Аният Жомарт, Хемит Малика мен Абдылбай Мұхтар республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары.
Өнегелі өмір өрнектерімен ұстаздықтан өз бақытын тапқан асыл жан бүгінде зейнет жасына жетіп отыр. Өнегелі өрілген ұлағатты ұстаздың жетістіктері мен бағындырған белестері өзгелерге өнеге боларлықтай. Ынта-жігері мен талмас талапты өмірлік серігі етіп, адал еңбекті саналы ғұмырының алтын арқауына айналдыра білген тұлға – колледж мақтанышы. Көргені қаншалықты көп болса, ілгені соншалықты мол, тәлім мен тәрбиенің сарқылмас қазынасы іспетті ғажайып жанның жанында жүргеніміз – тағдырдың таптырмас сыйы. Тәлімгерлік тәжірибесі де мол, талғамы тұнық,тағылымы тәлімді әріптесіміз Байториева Бубинұр Алтанқызының алпыс жылдық мерей тойына ізгі тілегімізді арнаймыз.
Әппақ арын ешқашан кірлетпеген,
Көркемдігі тең келген суретпенен.
Туған-туыс, дос-жаран, әріптестер,
Ардақтайды өзіңді құрметпенен.
Білім нәрімен өмірлік азық беріп,
Үйреттің өнер менен ұлттың салтын.
Мерейің әрқашан да үстем болсын.
Орның бар жүректерде сақталатын.
Бөленіп алғысына дүйім көптің,
Түбіне қанша жүрек тұрақ тептің.
Өмірге шәкірттерің тамыр жайды,
Жүзіне қанша жанның шуақ септің
Зейнеткерлік жасқа кеп шаттанасың,
Әлі талай шыңдардан бақ табасың.
Шын жүректен бәріміз құттықтаймыз,
Көш керуенің ешқашан тоқтамасын!
Алпыста да қуатың арындасын,
Келдік біз өзіңізді сағынғасын.
Тәңір берген ғұмырды жасай бергін,
Бақ-дәулет шаңырақ арылмасын.
Аман болсын басыңыз,
Ағармасын шашыңыз.
Шөбере сүйіп әлі де,
Жүзге жетсін жасыңыз!
Ұжым атынан құттықтаушы,
Райхан Смағұлқызы КУЛЬБАЕВА,
Шелек политехникалық колледжінің
кітапханашысы, Алматы облысының
Еңбекшіқазақ ауданы