Ел ұстаздары өзара тәжірибе алмасуда
Жыл басынан Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Ы.Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына орай ашылған «Шамшырақ» педагогикалық шеберлік онлайн алаңы жұмысын бастаған болатын, – деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.

-«Бұл алаңда негізінен Республика аумағындағы жалпы білім беретін және Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегерлері тәжірибе бөліседі. Жүзеге асыру барысында Ы.Алтынсариннің, А.Құнанбаевтың, Ш.Уалихановтың және тағы да басқа зиялы қауым өкілдерінің ағартушылық идеяларын таратуға баса назар аударылады.
Сонымен қатар, қазіргі заман мұғаліміне сабақты қалай қызықты етіп өткізуіне болады, әр баланың қабілеттілігін қалай ескеруі керек, ата-аналармен қалай жұмыс жасауы керек, кәсіби бағдарлау жағынан қандай көмек көрсете алады деген сияқты мәселелер де талқыланатын болады», – деді алаңның ашылу салтанатында Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ-ның төрайымы Күләш Шамшидинова.
Педагогикалық тәжірибені тарату төмендегі бағыттар бойынша жұмыс жасайды: қазақ зиялыларының ағартушылық қызметтері; сабақты қалай ұмытылмастай өткізу керек?; мұғалімнің цифрлық зертханасы; мектептегі зерттеу: біздің тәжірибеміз – біздің нәтижеміз; білім беру жобалары: digital-ұрпақтың жүрегіне жол табу; ата-аналармен диалог. Алаң жұмысын бастағалы уақыт ішінде педагогикалық шеберлік орталығымен бірлесе жұмыс нәтижесінде ұстаздар өз зерттеулерін, ашық сабақтарын, әдістемелік нұсқаулықтары мен әзірлемелерін, цифрлық зертханасын, қолданатын материалдарын және оларды ұтымды пайдаланудың жолдарын көпшілік назарына ұсынып келеді.
Әр тәжірибе алмасудан соң, өзара пікір алмасулар мен талқылаулар өтеді. Осы уақыт аралығында кәсіби мамандардың тәжірибесін өз қызметіне енгізіп, оң нәтиже алып та үлгерген жас мамандар бар. Біздің білім ордасындағы директордың орынбасары Гульшат Тоқасыновна Мухтарханова мектептегі тәрбие жұмысын жүргізудегі басты бағыттардың бірі – ата-анамен қарым-қатынас мәселесі бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. «Ата-анамен тиімді диалог құру жолдары» тақырыбындағы материалда түрлі заманауи әдістемелер, психологиялық тұрғыдан ыңғайлы құралдар таныстырылды.
Оқушыны тұлға ретінде қалыптастыруда қашанда «мектеп» жен «ата-ана» ұғымдары қатар жүретін. Осы екі жақтың үйлесімді жұмысын жүргізу және одан оң нәтиже алу – мектептегі тәрбие ісінің сауатты ұйымдастырылуына байланысты. Осы мақсатпен Гулшат Тоқтасыновнаның шеберлік сабағында қазіргі уақытта әр білім ордасы пайдалануға ыңғайлы тиімді әдістер көрсетілді. «Ата-анамен тиімді диалог құру жолдары» тақырыбы Республика ұстаздары арасында асқан қызығушылық туғызды.
Бұл шеберлік сағатын «Шамшырақ» алаңының әлеуметтік парақшасында еліміздегі көптеген мектеп басшылары мен ұстаздары көре алды. Пікір қалдырып, қолдау көрсеткен әріптестерде аз болған жоқ. «Мектептерде ата-анамен жұмыс жасауды жалпылай қарастырып жатады. Егер де сіз атап көрсеткендей әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, ата- анамен “сауатты” түрде қарым- қатынас жасайтын болса, тәрбие мен білім жүйесінде қандай да бір нәтиже болары сөзсіз. Сіздер, көшбастап келе жатқан мектепсіздер. Сіздерден алармыз да үйренеріміз де көп. Осындай игі істерді алға тартып, іс-тәжірибемен бөлісіп жатқандарыңыз еңбектеріңіздің жемісі екендігін байқатады. (Эльмира Сейтмухамбетова, ұстаз).
Керемет! Ата-аналармен дұрыс диалог құра білу мұғалімдер үшін аса маңызды қабілеттердің бірі. Бұл бейнебаянда күнделікті өмірде шын мәнінде қолдана алатын тиімді әрі өзекті әдіс-құралдар ұсынылған! Бұл бейнебаян жүргізген үлкен жұмыстың нәтижесі, мол тәжірибенің көрінісі. Айжан Аманбекова, ұстаз). Видеода бүгінгі күннің өзекті тақырыбы қозғалып отыр. Ата-аналармен жұмыс істеу барысында көп пайдалы ақпараттар алдым. Ата-анамен байланыс жасаудың тиімді тәсілі керемет. Сіз жаңашыл ұстазсыз. Сәттілік серігіңіз болсын. (Галия Халитова, ұстаз).
Загрузка...Гүлшат Тоқтасыновна Мухтарханованың ұсынған бұл тәжірибесін мектептің дамуы үшін маңызы зор екендігін көптеген ұстаздар атап өтті. Бірқатар мектептер әрі қарай осы тәжірибе аясында қауымдастықта бірлесе жұмыс жасауға ұсыныстарын білдірді.