Үйренгеннің ұтары көп
Жетекші мектептің негізгі міндеттерінің бірі – мұғалімдердің кәсіби қоғамдастығын құру және тиімді жұмыс істеу, серіктес мектептерге қолдау көрсету. «Бірге жиналу – бұл бастама, бірге болу – бұл ілгерілеу, бірлесу – бұл жетістік», – деп Генри Форд айтқандай, жетістікке жету үшін серіктес мектептермен бірлесе жұмыс істеу қажет екенін терең түсіндік. Жақсы нәтижемен қатар қиындықтар мен кедергілер де кездесетіні белгілі.

Алғашқы кезде «Серіктес мектептердің қажеттіліктерін қалай анықтаймыз?», «Жетекші және серіктес мектеп арасындағы жұмыс қалай тиімді және нәтижелі болмақ?», «Серіктес мектептерге нақты қандай көмек көрсете аламыз?» деген сұрақтар туындаған болатын. Егер қатардағы білім ошағы болсақ, бұл сұрақтар біз үшін шешілмейтін мәселе ретінде көрінер ме еді, бірақ жетекші мектеп ретінде мұндай сұрақтарға лайықты жауап табуды үйрендік.
Жиі жолыққан кедергілердің бірі – серіктес мектептер арасында деңгейлік, тренерлік курстардан өтпеген мектептердің болуы. Осы туындаған мәселелерді қалай шештік? Серіктес мектептердің сеніміне ие болу үшін дер кезінде атқаратын қызметтерін анықтап, мақсат-міндеттерін нақтылап, бұдан әрі ынтымақтастықты дамыту жолдарын ақылдастық. Курс бағдарламасымен қамтылмаған мұғалімдерді оқыту үшін мектептің әдістемелік әлеуетін жұмысқа жұмылдыруды меңгердік.

Әлемді тығырыққа тіреген пандемияның кедергілерін де бірлесіп шеше білдік. Заман талабына сай құрылғыларды, интернет желісін тиімді пайлануды үйрендік. Туындаған мәселелерді дер кезінде талқылап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға кірістік. Жетекші мектеп статусына сай болу үшін ұжым арасында сенімділік пен жауапкершілік, жаңашылдық пен бірлік және ашықтық болуын алға тарттық. Серіктес мектеп көшбасшыларына семинарлар ұйымдастырып, басты миссиямызды түсіндірдік. «Оқшалану емес, ынтымақтастық», «үйрете жүріп, үйренемін» қағидаларын басшылыққа алдық.
Әр жасалатын қадамға SMART-мақсат қойып, серіктес мектептердің көшбасшыларын шығармашылық топқа тартып, олардың да бірлесіп жұмыс істеу мәдениетін дамытуға ықпал еттік. Озық идеялар мен тың жоспарларды бірлесе отырып іске асырдық. Күрделі мәселелерді шешу үшін Талдықорған және Алматы қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталықтарының тренерлерімен тығыз байланыс орнатылуда. SWOT талдау арқылы әр шарамызды сараптап, рефлексия жасауды үйрендік.
Осындай жұмыстарымыздың нәтижесінде кедергілерді жеңе отырып, қателерімізден саналы сабақ алып, табысты жетекші мектепке айналдық. Ұжымның ауызбіршілігі нығайып, бір-бірімен кеңесуге дағдыланды. Ауызбіршілік пен мәдениеттілік биікке жетелейтіні белгілі. Сондықтан тәжірибесімен бөлісуге құштар орта болса, табысты күйіміз тұрақты болады деп сенемін.
Айгүл Сағынбайқызы УӘЛИБАЕВА,
Ыдырыс Ноғайбаев атындағы № 18 орта мектептің
директоры, Алматы облысының Іле ауданы