Балаларды сауықтыру орталықтарындағы ынталандыру жүйесі
Балалар сауықтыру орталықтары – өзгеше бір әлем, оның өзінің атмосферасы бар. Бұл жерде мектеп, қосымша білім беру, сонымен қатар бос уақытты ұйымдастыру бағыттары бірге жүзеге асырылады. Балалар сауықтыру орталықтарындағы уақытша балалар ұжымында жақсы орта қалыптасып, балалардың бір-бірімен тіл табысуы үшін мотивациялық жүйе қолданылуы тиіс. Бұл үрдіс ұжымдағы бәсекелестік, қызықты тартысты дода арқылы алға жылжу, өсуге бағыттайды.

Мотивация дегеніміз не? Мотивация – бұл әрекетке итермелейтін эмоционалды жағдай. Motive – ынталандыру. Іс-әрекетті жасауға итермелеудің, яғни мотивацияның, сыртқы және ішкі түрлері қарастырылады. Сыртқы мотивацияға материалдық ынталандыру, орталықтағы іс-әрекетке қызығушылықты арттырудың әр түрлі әдістері жатады. Бұл бағытта ойын технологиялары, жаңа әрекет түрлері сияқты әдістер қолданылады. Сонымен қатар, бәсекелестік жағдайды құру көп балаларға жақсы әсер етеді.
Біздің орталықта балалар арасында, топтар арасында бәсекелестік орнату – мотивация берудің бірден бір жолдарының бірі ретінде қарастырылады. Ауысым бойы өткізілетін топтар арасындағы «Топ қазынасы» және топ ішіндегі «Балалар даму академиясы» ойындары – осы үрдістің көрінісі. Бұл ойындар арқылы ауысым бойы топтар арасында барлық бағыттарды қоса алғанда үздік атанған топ «Ең үздік топ» атанса; жекелей, топ ішіндегі сайыс кезінде балалардың ішінде үздіктері анықталып, марапатталады.
Бұл мектептерде өткізілетін рейтингтерге пара-пар. Сонымен қатар, ойын технологияларын қолдану, топ белсендісін анықтау барысында да балалар барынша өздерін жақсы жағынан көрсеткілері келеді. Осы орайда ауысым бойы жұмыс жасайтын «өзін-өзі басқару ұйымының» да рөлі ерекше. Себебі балалардың барлығы қатарының алды болып, алдыңғы қатарларда жүргілері келеді. Сондықтан осы жолда да өздерінің барлық мүмкіндіктерін қолданады.
Мерекелік іс-шара, сайыстарға дайындалу барысында да балаларды алға жетелеп, жақсы сөз арқылы мотивация беру орынды. Бұл жерде ұрыс мәселені шешпейтіні белгілі, себебі ол тек баланың көңіл күйін түсіріп, топтық жұмысқа деген құлшынысын төмендетеді. Ал егер, керісінше, қолдап, демеп жіберсе, балалар сайыста жеңімпаз кейпінде өнер көрсетеді. Мотивацияның ішкі түрі де бар, бұл жерде балалар жетістік жағдайында болулары керек. Бұл ретте балаларды өздері, ешкімнің көмегінсіз жеткен кішкентай болсын жетістіктері үшін мақтау, мадақтау қажет. Бұл баланы келесі әрекеттеріне ынталандырады. Міне, осындай балалар үшін қызықты әдістерді қолдана отырып, уақытша балалар ұжымында бәсекелестік тудыру арқылы қабілеттерін дамытып, алға жетелеуге болады.
Мұрат ЖАНЫБЕК,
“Балдәурен” республикалық оқу
сауықтыру орталығының әдіскері,
Алматы облысының Қапшағай қаласы