Бекемделген бірліктің берекесі
Педагогикалық шеберлік орталығының елімізде білім саласының дамуына қосқан үлесі зор. Оның ішінде инновациялық идеялар, жетекші мектеп және сол мектептерді курстан кейінгі қолдау көрсетуді атауға болады. Неге инновациялық дейсіз бе? Себебі тиімді ынтымақтастық пен серіктестікте қай жұмыстың ынтымақтасуды қажет ететінін, қайсысы керек етпейтінін түсіндіре отырып, күш-жігерді тиісті іске шоғырландыруға бағыт береді.
Жаңартылған білім беру мазмұнын мектептерге енгізу кезеңінде ауыл мектептері қолдауға зәру болды. Аталған сұраныс негізінде орталықта әдістемелік кеңес өткізіліп, нәтижесінде мектептерге «Әдістемелік десант» атауымен іс-қимылға бағытталған әдістемелік қолдау көрсету топтарын құрдық. Ең алдымен, Ұзынағаш жетекші мектебі мен оның айналасындағы сегіз серіктес мектеп мұғалімдерінің қандай әдістемелік қолдауды қажет ететінін анықтау үшін жалпы бақылау жүргіздік.
Бірінші қадам – сенімді ақпарат алу үшін мұғалімдердің тізбектелген сабақтарын бақылау. Себебі бір сабақтың нәтижесінде қорытынды жасау қиын. Мысалы, мұғалімнің бірінші сабақта жаңа тақырыпты түсіндіру дағдыларын бақылауға мүмкіндігі болса, келесі сабақта оқушылардың оқуын бағалай алу дағдыларын көруге мүмкіндік болды. Қадағалау қорытындысы бойынша мұғалімдермен алдағы әр сабақтарды жоспарладық.
Ал кешенді мәселелерді шешу үшін бақылауға мектептің әдістемелік активін қатыстыруға тырыстық, себебі мұғалімдердің тәжірибесін жетілдіріп қана қоймай, әдістемелік бірлестік аясында тәлімгерлік және коучинг үдерісін жақсартуды көздедік. Сонымен қатар мектеп басшылығына мектепте тиімді кәсіби қоғамдастық жұмысын ұйымдастыру бойынша қолдау көрсеттік. Сабақтарды сыни көзбен қарау нәтижесінде әдістемелік бірлестік отырыстары ұйымдастырылып, тәлімгерлік және коучинг тәсілдерін пайдалану арқылы сабақтарды бірлесе құруға ұсыныс жасалды.
Мектеп басшылығымен дөңгелек үстел отырысында жалпы мектепішілік кәсіби біліктілікті арттыру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша нұсқаулықтар берілді. Ұзақ мерзімді жоспар үлгілерін құру сияқты күрмеуі қиын мәселелерді шешу үшін ауданда тәжірибелі көшбасшы мұғалімдерден тұратын шығармашылық топтар құрдық. Аталған қоғамдастықтың жұмысы оқу бағдарламасын талдау және пән бойынша ұзақ мерзімді жоспарлар құру, лабораториялық жұмыс үлгілерін жасаумен жалғасты.
Қазіргі таңда осы шығармашылық топтардың негізінде пәндік ассоцияциялар құрылып, осы бағытта кәсіби даму жұмысы жүргізілуде. Сөзімді халықтың «Бірліксіз істе береке жоқ» деген дана сөзімен аяқтағым келеді. Бүгінгі еңгізіліп жатқан өзгерістер жемісін беруі үшін осы салада қызмет еткен адамдардың ауызбіршілігі, өзара ынтымақтастығы ауадай қажет.
Гүлжан Тұрарқызы ӘДІЛОВА,
Білім беруді дамыту оқу-әдістемелік
орталығының әдіскері, Алматы
облысының Жамбыл ауданы