Ақұштап ақын атындағы облыстық оқуларының жеңімпаздары анықталды

Аймақтағы білім басқармасының «Дарын» қосымша білім орталығы және  Теректі аудандық білім бөлімі ұйымдастырған “Ақ Жайықтың ақ шағаласы” тақырыбындағы Ақұштап Бақтыгереева оқуларына ақын өлеңдерін жатқа оқитын, өз ойын көркем әлеби тілмен жаза білетін және ақын апамыздың ізін жалғастырушы, поэзияға құмар 48 оқушы қатысып, өз бақтарын сынады.

Байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушылар одағының мүшесі, ақын А.Бақтыгерееваның өмірі мен  шығармашылық еңбегін  жеткіншек ұрпаққа танытып, насихаттау арқылы туған топырағымызды дәріптейтін арманшыл жасты іңкәр сезімге, өз Отанын, туған елін, жерін сүюге тәрбиелеу, адамды асқақ сезімге, құштарлыққа, адами жақсы қасиетке баулуды, әдеби тіл байлықтарын,  көркем сөз оқу шеберлігін дамыта отырып,поэзияға қызығушылығын арттыру, ақын өлеңдерінің өміршеңдігін дәлелдеу.

Байқау «Мені оқитын халық бар…» (эссе жазу), «Өлең деген құдірет» -(ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу), «Жырымды саған арнаймын» (жазба ақындар мүшайрасы) сынды үш аталым бойынша өтті. Ашылу салтанатында Ақұштап апамыз бейне байланыс арқылы байланысқа шығып, оқушыларға сәттілік тіледі. «Мені оқитын халық бар…» номинациясы бойынша қатысушылар ана тілі, туған өлке, жас ұрпақ тәрбиесіне жалынды жырлары мен сезім қылын шертер өлеңдерін арнаған қаламгердің шығармашылығы жайлы көңілде жүрген толғаныстарын, көңілге түйген  ойларын терең ой, ұшқыр қиялдары арқылы қағаз бетіне түсіріп, әділқазыларға жолдады.

Қатысушының теориялық білімін, шығармашылық қабілетін тексеру мақсатында эссе жұмысы бойынша арнайы  үш тақырып ұсынылды. Сырым ауданы, Абай МББК 10 сынып оқушысы Сағидуллиева Гулвира «Ақұштап ақынның Жайықпен сырласуы туралы ой толғаңыз» деген тақырыпта қалам тербеген. Оқушы эссе жазу кезінде өзінің ой толғанысын: «Біріншіден, қаламгердің қай шығармасын оқысаңыз да, ел мен жер тағдырын ойлап қамыққан жан дауысы естіледі.

Осы орайда халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың : «Ол- өмірге ұлт мүддесімен қарайтын батыл ақын»,-деген сөзіне зейін қойсаңыз, мағыналы терең ойды аңғарасыз. Екіншіден, ақын-ғұлама, даналық, ойдың иесі. «Бір уыс топырақ» мақаласында «Туған жер! Атамекен! Жер-ана! Осыдан өткен адамда қымбат не болуы мүмкін? Біз бүгін ұрпағымызға үлгі етіп айтатын қыран құс балапанын да сатамыз. Ұлы даланың рухы-қыран бейнесін көк туға неге салдық? Үшіншіден, Халық жазушысы Ә.Кекілбаев «Ақұштап Бақтыгереева- ең қажетті, ең қиын майданда шайқас салып жүрген ержүрек суреткер»,-деп бағалаған.

Шуағын төгіп осылай тұрсын ерке күн,
Бүгіннен бақытты болсын ертеңің.
Қазақтың елін жүріңдер сүйіп,
Түлегі болып «Ақ Жайық» деген өлкенің, – деген ақ пейілімен ақтарылған ақ батасы жас жеткіншектерге ерекше серпін береді. Ақынның әр жыры- өмірімнің түп қазығы»,- деп оқушы өз ойын ашық жеткізе білген. «Өлең деген құдірет” номинациясы бойынша қатысушылар ақынның әртүрлі тақырыпқа арналған өлеңдерін нақышына келтіріп, мәнерлеп жатқа оқыды.

Қазылар алқасы қатысушылардың ақын өлеңдерін қаншалықты жатқа білетіндерін видео арқылы байланысқа шығып тексеріп, қорытындылады. Ереже бойынша қатысушы ақынның 20 өлеңін  жатқа білуі керек болатын. Осы номинация бойынша Жаңақала ауданы, Жаңақала мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Абдрахманова Мира ақын апамыздың өлеңдерін мүдірместен, нақышына келтіріп оқып қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені иеленді.

«Жырымды саған арнаймын» номинациясы бойынша қатысушы үміткерлер ақынға арналған өз туындыларымен сайысқа түсті. Қатысушылар қазылар алқасы берген тақырып бойынша А.Бақтыгерееваға арнап өлең шығарды. Бас жүлдеге ие болған дарынды балаларға арналған  С.Сейфуллин атындағы № 11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Ерболова Ақгүлім өзінің ақынға  арнаған өлеңінде ақынның шығармашылығына терең бойлап, өз жүрегінен шыққан туынды арқылы шынайы сезімін төмендегі жыр шумақтарымен білдірді:

Кешіп жырдың мың құбылыс жырасын,
Ғазалында ғасыр тұнған мұра шын.
Шағала боп жыр оқышы Жайыққа,
Құшақтасын жайып тастап құлашын. Байқау қорытындысы бойынша «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанып, өзінің тамаша өлең-жырларымен қазақ поэзиясының аспанын биіктеткен, көкжиегін кеңейтіскен талантты лирик ақын өлеңдерінде көркемділікпен бірге толып жатқан асыл қасиеттері мол.

Ақұштап Бақтыгереева жырлары біздің жастарға қай кезеңде де керек. Әр жыл сайын байқауға қатысқан жас жеткіншектеріміз бүгінгі күні есімін ардақтап, жырларын жаттап қана қоймай, ой түйіп, бойларына сіңіріп өскен ұрпақ қазақ елінің рухы биік азаматы болып қалыптасары анық.

Бақтыгүл Сахиқызы БИЯЛИЕВА,
“Дарын” қосымша білім орталығындағы
қоғамдық-гуманитарлық бөлімнің
меңгерушісі, Батыс Қазақстан облысы  

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий