ЕҰУ – 25: Озық оқу ордасы мол мүмкіндіктер сыйлады

Мен тарихи Отаным – Қазақстанға 2008 жылы оралдым. Сол жылы Қазақстандағы алғашқы еңбек жолымды бұрынғы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мемлекеттік мектебінде математика пәні мұғалімі болып жұмыс бастадым. Қытай Халық Республикасында ауылдың қарапайым мектебінде жұмыс істеп келген мен үшін бірден дарынды балаларға арналған мектепте жұмыс істеу оңайға соққан жоқ еді.

Бірақ күнделікті қажырлы еңбек, табан ет, маңдай тердің арқасында шәкірттерімді математикадан халықаралық олимпиадаға дейін баптап, үлкен жеңістерге де жеттім. Бір күні мектепте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен әйгілі математик, ғалым Мұхтарбай Өтелбаевпен кездесу болатын болды. Ол кісі өзімен бірге Ержан Байсалов бастаған екі кісіні ерте келіпті. Мұхтарбай ағамыздың сөзі бізгеде оқушыларғада ерекше шабыт берді.

Қазақ математикасының әлемдегі орны жаман емес екендігін, соны жалғастыратын осы ұрпақтар екенін, «Зерде» мектебінің математикасынан үлкен үміт күтетінін жеткізді. Байсалов Ержан ағай сол кезде математикалық олимпиада комитетінің төрағасы екен. Ол кісі  олимпиадаға дайындықтың қыр-сыры туралы жақсы кеңестер берді. Негізі мен Еуразия ұлттық университетіне түссем деп армандап жүретінмін. Осы кездесуден кейін, арманым тіпті асқақтай түсті.

Сонымен 2011 жылы Еуразия ұлттық университетінің Математика білім беру бағыты бойынша (109) магистратураға оқуға түстім. 2013 жылы жақсы нәтижемен қорғап шықтым. Еуразия ұлттық университетінде оқу маған өте көп мүмкіндіктер берді. Математиканы дамыту бағытында небір әдіс-тәсілдердің ғылыми-теориялық негіздерін үйрендім, соның арқасында көп жетістіктерге жеттім. Еуразия ұлттық университетінде оқып жүріп, ұстаздарымның көмегімен студенттерге мектепте математикадан олимпиадаға дайындық туралы тәжірибелеріммен бөлістім.

Магистратураны бітіргеннен кейін де, студенттер мен магистранттарға мектеп оқушыларын олимпиадаға дайындау туралы дәрістер беріп жүрдім. Бұл ұсынысты сол кездегі Алгебра-геометрия кафедрасының меңгерушісі Данияр Қозыбаев қойған еді. Ол кісі білім беру бағытындағы студенттер үшін мектеп математикасының қыр-сырлары мен мектеп мұғалімдері қиналатын оқушыларды олимпиадаға дайындауды біздің студенттер біліп бару керек деп, оны университет әкімшілігінен бекіттіріп, оны мектепте нағыз практикада жүргендерге тапсырды. Соның пайдасы студенттерге көп тигендігіне куәмін.

Айтпақшы, бір күні сабақ өтіп болып соң, Данияр ағайға барған едім, Дакең: – Жүр,ағай келген, амандасып шық,- деп қасына ертіп алды. Америкада жұмыс жасап жатқан Уалбай Өмірбаевты ол кісі ағай деп атайтын еді. Мені Уалбай Өмірбаевпен таныстырып, біраз әңгімеден кейін, Уалбай ағай: – докторантураға түсіп, оқымайсың ба?- деді. Мен докторантура оқуым қиындау болатынын, қазір отбасының барлық қиыншылықтары өз мойнымда екенін, басқада арман-мақсаттарым бар екенін айттым. Ғылым қуу үшін барлығын тастау керек болып тұр деп күлдім. Ол кісі: – Жақсы, не істесең де, ісің оңынан болсын, – деп батасын берді.

Кейін 2014 жылы оқушыларға қосымша білім беретін «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығын аштым. Бүгінгі таңдаНұр-Сұлтан қаласында 7 бөлімше болумен қатар, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Талдықорған, Қарағанды қалаларында да бөлімшелер ашылып, үлкен оқу ордасына айналдық. «Зерделінің» Нұр-Сұлтанда жұмыс істеп жүрген қырық математиктің 29-ы Еуразия университетінен бітіргендер. Яғни, математика, физика, химиядан сабақ беретін ұстаздарымыздың жетпіс пайызы Еуразия ұлттық университетінің түлектері екен.

Қазіргі таңда да Еуразия ұлттық университетімен тығыз жұмыс жасап келе жатырмыз. Әсіресе механика-математика факультетімен серіктестік аясында студенттерге тәжірибе алаңы ретінде, жұмысқа орналасу жағында өз септігімізді тигізсек, өз математиктерімізге Еуразия ұлттық университетіұстаздарымызды ұсыныс жасап, білім жетілдіру сабақтарын өткіздіртіп келеміз. Қысқасы, бүгінгі таңдағы жеткен жетістіктерімді Еуразия университетіндегі ұстаздарымның еңбегінен бөле қарай алмаймын. «Баласы атқа шапса, анасы тақымын қысады», – демекші, ұстаздарым әлі де маған тілекші әрі кеңесші.

Еуразия ұлттық университетінен алған тәжірибелі дәрістерім – болашақта әлі де көп жобалар мен жаңа идеялар өмірге алып келетініне сенімдімін. Осы еңбектерім арқылы Отаныма, жеріме, қоғамға және маған сенім артқан жандарға сәл де болса көмегім тисе, менің Еуразия ұлттық университетінің маған жасаған мүмкіндіктерін іске асыра алғаным деп білемін….

Мәуіт РЫСБЕК,
“Зерделі” ақыл-ой дамыту
орталығының директоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий