Жаңашылдықтың жаттығы жоқ

Қазіргі таңда елімізде білім беру сапасы жаңа белестен көрініп жатыр. Біздің мектеп те білім саласындағы осындай жаңашылдықтардың қатарынан табылды. Нәтижесінде мектептер арасындағы желілік ынтымақтастықты нығайту, мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуын ұтымды ұйымдастыру және сабақ үдерісінде озат тәжірибелерді пайдалану арқылы 2020–2021 оқу жылынан бастап облысымыздағы жетекші мектептер сапына қосылдық.

Бүгінгі таңда серіктес мектептердің білікті көшбасшы ұстаздарымен бірлесе отырып, білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар атқарып келеміз. Жетекші мектеп қатарына кәсіби ұстаздары бар, шәкірт дайындауда жан-жақты ізденісте болатын, үйретері мол мектеп лайық екені сөзсіз. Ауданда бірлесе құрылған бес серіктес мектептерге жетекшілік ету – жауапты әрі маңызды іс. Мектептің бірнеше мұғалімі жаңа дүниені жатсынбай, кәсіби деңгейін дамытуда педагогикалық кәсіби біліктілік деңгейін көтерді.

Сондай-ақ білім-білігін дәлелдеп, Педагогикалық шеберлік орталығының жаңартылған бағдарламалары бойынша сертификаттарына ие болды. Осы тұста жапондық кәсіпкердің «Егер барлық іс жалғыз басшының ғана қолында болса, ұжым еш нәрсеге қол жеткізе алмайды» деген пайымдауы еске оралады, яғни кез келген ұжымды жоғары жетістікке жеткізетін жолдың бірі – бөлінген көшбасшылықтың тиімділігін дәлелдейді. Бүгінде біліктілік деңгейін жетілдірген мектептің көшбасшы мұғалімдері жетекші мектеп жұмысының ілгері дамуына өз үлестерін қосып, курс барысында алған білімдерін іс-тәжірибеде сынап, басқаларға үйретуде.

Бірінші жартыжылдық бойынша атқарылған жұмыстардың барысында түйгендей, біздің жетістігіміз мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуы мен мектептердің ынтымақтастығында, сабақ үдерісіндегі кедергілерді жеңуде мұғалімдердің бірлесе жұмыс атқаруында, ортақ пікірге келіп, түйінді шешім шығара білуінде, сонымен қатар көшбасшы мұғалімдерге қолдау көрсетілуінде деп білемін.

Уақыт талабына сай еңбек ете отырып, біз жаңаша идеяларға жол ашу арқылы іс-әрекеттегі зерттеу жұмыстарын одан әрі жандандырамыз. Жоғары нәтижеге қол жеткізу, білім беруде сандық ресурстардың жаңа түрлерін тиімді пайдалана отырып, әр мұғалімнің сандық ресурс ортасын құру секілді мүмкіндіктердің көзін аша аламыз. Жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің тәжірибелеріне құлашын кеңінен жайып келе жатқан осы игі өзгерістер мен зор құлшыныстардың болашағы жарқын екеніне сенемін.

Гүлфара Шанықұлқызы НОҒАЙБАЕВА,
Махамбет атындағы орта мектеп директорының
орынбасары, Атырау облысының Индер ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий