Жетекші мектеп: Ашық ойдың алаңы

Жалпы білім беретін мектеп педагогтерінің жаңартылған білім мазмұнын меңгеру мен әдістемелік қолдауды ұйымдастыруда, серіктес мектептердің жұмысын жүйелеуде жетекші мектептің үлесі зор. Біздің мектеп ұжымы да 2014 жылдан бастап жетекші мектеп мәртебесін алды. Сол уақыттан бастап серіктес мектептерге тәжірибе тарату жұмыстары жемісті жүзеге асып келеді. Көшбасшылық қырымызбен бөлісіп, серіктес мектептердің үздік нәтиже көрсетуіне оң ықпалымызды тигізіп келеміз.

Қазіргі уақытта тәжірибе алмасу алаңдарында көбіне тәжірибені зерттеу, мұғалімнің белгілі бір мәселелерді шешуде қолданған шаралары, зерттеу өнімдері, эвалюация, жоба туралы сөз қозғалады. Жетекші мектеп тарапынан өткізілетін іс-шаралардың да басым бөлімі Сабақты зерттеу мен Іс-әрекеттегі зерттеуге арналып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда зерттеуге қатысты қажеттіліктер 35 пайызға өсті. Жетекші мектеп – бұл тренерлердің әдістемелік тәжірибе алмасуда бас қосатын ортасы. «Тәжірибедегі рефлексия», «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу» сияқты біліктілікті арттыру курстары бойынша мамандар білім мен біліктерін дамытуда.

Бүгінгі таңда әр мектепте кем дегенде 5-8 зерттеу тобы құрылған, олар бір зерттеумен шектелмей, басқа да проблемаларды талдап, күрмеуін бірлесе шешіп, үнемі ізденіс үстінде жүретіндері көңіл қуантады. Жалпы мектебіміздің бір ерекшелігі, бізде С. Қондыбай атындағы Қазақстандағы жалғыз мифологиялық музей орналасқан. Шәкірттеріміз Серікбол Қондыбайдың зерттеулерімен айналыса жүріп, жаратылыстану, филология, тарих, философия тіпті математика ғылымымен де шұғылданады.

2020–2021 оқу жылының алғашқы жарты жылдығының қорытындысы бойынша, білім ошағымыз Маңғыстау облысының білім басқармасының рейтингісімен есептегенде, қала мектептерінің ішінде 3-орын, облыс мектептері көлемінде 4-орынға ие болып, облыстың алдыңғы қатарындағы мектептердің біріне айналды. Осы жетістіктерге жетуімізге серпіліс берген жағдайлардың бірі – біздің жетекші мектеп қатарында болып, серіктес мектептерге үлгі болуға ұмтылысымыздан деп білеміз. Ұлтым деп ұмтылатын, жұртым деп жұмылатын, қанаттары қатты ұрпақ тәрбиелеуде аянып қалмайық!

Айнұр Амангелдіқызы ТІЛЕКБАЕВА,
С. Қондыбай атындағы № 22 мектеп
директорының
орынбасары, Маңғыстау
облысының Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий