Тәжірибе тың тәсілдермен толығуда
Өңірдің қара шаңырағы Түпқараған ауданындағы Ғ. Айдаров атындағы №1 мектеп-лицейі 2014–2015 оқу жылынан бастап жетекші мектеп болып тағайындалды. Бүгінгі таңда мұғалімдердің кәсіби қоғамдастықтарға бірігіп, бірлесіп жүргізген зерттеулері барысында өздері жауап алғысы келген сұрақтары біртіндеп шешімін таба бастады деп айтуға толық негіз бар. Серіктес мектептермен өзара әрекеттесіп, мұғалімнің кәсіби біліктілігін арттыру жүйесін мектептердің қажеттілігіне бағыттау жетекші мектептің басты мақсаты болып айқындалды.
Өткен оқу жылында жетекші мектептің жоспарында жыл қорытындысы бойынша ұйымдастырылған конференцияда анықталған зерттеу тақырыптарына бағытталған жұмыстар жүргізілді. «Оқу мен оқытудағы критериалды бағалаудың тиімділігі», «Қалыптастырушы бағалау білім алушылардың оқу жетістігінің дамуына тікелей әсер ететін үдеріс» тақырыптарын атап өтуге болады. Аталған тақырыптар бойынша серіктес мектептерде зерттеу жұмыстары «Lessоn Study» тәсілін қолданып, жүзеге асырылды. Зерттеу қорытындысы бойынша аудандық ғылыми-зерттеу семинарлары ұйымдастырылды.
Бұл жүргізілген жұмыстар алдымен серіктес мектептер арасында өзара ынтымақтастық дағдыларын қалыптастырудағы кедергілерді жоюға көмектесті. Серіктес мектептерден де көшбасшы мұғалімдер анықталып, зерттеуші мұғалім ретінде қалыптастыратын орта құрылды. Жүргізілген өзара әрекеттестік тәсілдеріне қарамастан, Сабақты зерттеу тәсілін жүзеге асырудың тереңдігі мен сапалық деңгейінің жеткіліксіздігі болды. Сабақты зерттеу үдерісін жүргізуге топтар құрылды. Біріккен зерттеу жұмысы екі жақты тиімді болды: «Зерттеуші-мұғалім» тәлімгер ретінде топтың жұмысын бақылап, зерттеу жұмыстары атқарылды.
Осы жүйеде жұмыс істейтін мұғалімдердің білім беру сапасы әлі де біліктілікті қажет етеді. Сондықтан осыны жақсарту жолында өз тәжірибесін талдай алатын, кез келген мәселені анықтап, оларды білім беру үдерісін ұйымдастыру арқылы шеше білетін жетекші мектептің маңызы зор. Мұғалім мамандығы көп ізденіп еңбектенуді, жүйелі жұмыс жүргізуді қажет етеді. Сондықтан заман көшінен қалмай, бір орында тұрып алмай, ілгерілеп, тәжірибе алмасуды тоқтатпайық!
Сэн Ходжабердіқызы САҒИТДЖАНОВА,
Ғ.Айдаров атындағы № 1 мектеп-лицейінің
орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Манғыстау облысының Түпқараған ауданы