Атырау – НЗМ: Оқушылар балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тәлімгер болды
Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Шаңырақ» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тәлімгер болды. Осы жылдың қаңтар айынан бастау алған «Наставник» (немесе «Тәлімгер») жобасы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен «Шаңырақ» балалар үйінің арасында жүзеге асырылды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Он бес аптаға созылған жобаның басты мақсаты – зияткерлер бойындағы қайырымдылық қасиетін шыңдау. Сонымен қатар, тәрбиеленушілерге сапалы білім беру болды. Оқушылар жобаны ақпан айының бесінші жұлдызында бастаған болатын. Жоба құрылымы бойынша, тәлімгерлер үш топқа бөлінді. Дәлірек атар болсақ, «Шешендік өнер», «Логика» және «English Time Together» топтары. Бұл кезекте әр топтың мақсаты мен оларға қойылған талаптар реті әртүрлі болды.
Қазіргі пандемиялық жағдайларға байланысты, толық жоба онлайн форматта «ZOOM» платформасында өткізілді. «Шешендік өнер» тобын НЗМ 11«С» сыныбының оқушылары Жаңабай Нұрсұлтан мен Азамат Жібек жүргізді. Бұл топтың мақсаты – жас тәрбиеленушілерге аудитория алдында еркін сөйлеудің қыр сырларын түсіндіру. Он бес апта ішінде жас оқушылар ораторға қажетті дағдыларды шыңдады, презентация жасаудың сырларын үйренді, сахнада өзін-өзі ұстау ережелерімен танысты.

НЗМ 11«А» сынып оқушылары Бекмұратов Аман мен Тлеубаева Лейла «Логика» тобын жүргізген болатын. Логикалық клубтың басты мақсаты – оқушылардың математикалық және логикалық дағдыларын практика арқылы дамыту. Олардың айтуынша: «Біз балаларды әр түрлі логикалық формулалармен таныстырдық, сонымен қатар сабақта бірнеше есептер шығардық».
Мектебіміздің 11«А» сыныбының оқушысы Дайранова Қамарсұлу мен 11«С» сынып оқушысы Сағидулла Айгерім балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ағылшын тілін үйретті. «English Time Together» ағылшын тілі курсы – оқушылардың осы тіл деңгейін арттыруға арналған. «Біз осы курс арқылы оқушыларды ағылшын тілінің ең жеңіл деңгейіне, негізгі ережелерге үйретіп, іргетасын салдық» деген пікір қалдырды, жас тәлімгерлер.

Бес айға созылған жоба зияткер оқушылардың жан-жақты қырларын шыңдады. Өз білімдерін бөлісу арқылы, жас тәлімгерлер білетін ақпараттарын жетілдіріп, білмеген тұстарын шыңдай білді. Олардың айтуынша, осы жоба арқылы өздерін мұғалім сезініп, әр сабақтың қызықты әрі ұмытылмайтындай өтуіне бар күштерін салған. Бұл кезекте жас зияткерлер жаңа достар тауып, өздерінің коммуникациялық дағдыларын арттыра білді.
Загрузка...