ЕҰУ: Мырзагелді Кемел атындағы аудитория ашылды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойы аясында Қазақстан Республикасы Парламентінің экс-депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «ЖОО үздік оқытушысы» Мырзагелді Кемел атындағы аудитория ашылды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөзқызметі.

Салтанатты шараға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик  Ерлан Сыдықов, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлы, оқу ісі жөніндегі проректор Еркін Оңғарбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері, ақын Қазыбек Иса, ҚР Елтаңбасының авторы, сәулетші, профессор Жандарбек Мәлібеков, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-филолог, ғылым докторы, профессор Серік Негимов, экономика ғылымдарының докторы, профессор Орақ Әлиев және  университет ұжымы мен марқұмның жұбайы Зибагүл, баласы Бақытжан,  қызы Нұрсұлу  қатысты.

Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы өз құттықтауында ЕҰУ-дың тарихына тоқтала келіп, Мырзагелді Кемелдің атына сай кемел адам болып қалыптасқанын және ынсап пен ардың үлгісі, даналықтың дариясы, ой маржанын терген азаматтығын баса айтты. Барша жиналған қауымды бүгінгі ЕҰУ-да ашылған көрнекті ғалымның атындағы дәрісханадан алдағы уақытта талай шәкірттер білім нәріне сусындап шығатынына сендірді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса тумысынан зиялы текті тұлғаның қазақ баспасөзіне ерекше жанашырлығын сөз етсе, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков марқұммен сапарлас болған сәттерін еске алды, сонымен қатар жаңа ашылған дәрісханаға Елтаңба туралы кітапты сыйға тартты. Мырзагелді Кемел еңбек жолын 1971 жылы аға инженерліктен бастап, бүкіл саналы ғұмырын мемлекет, ел, жер, халық үшін арнаған тұлға. Мемлекет және қоғам қайраткері ҚР Парламентінің үш шақырылымының депутаты болды және еліміздің заң шығару саласына сүбелі үлес қосты.

Сөз шебері ізгілікке, имандылыққа, білім-білікке, ақыл-парасатқа үндейтін танымдық-көсемсөздік шығармалары  арқылы руханият  саласында да аянбай еңбек етті. Оның «Абзалдық әліппесі», «Өзіме сабақ», «Ақыл қалта» сияқты кітаптары оқырман қауымның жоғары бағасын алып, латын, түрік тілдеріне де аударылды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2013 жылдан бері дәріс оқыған көрнекті ғалымды елімізді шарпыған пандемия былтыр ортамыздан алып кетті.

Саналы ғұмырында бар күш-жігерін тәуелсіз мемлекеттің дамуына сарп еткен ғалым артынан ерген шәкірттері мен болашақ өскелең жас ұрпақты ақ пен қараны айыруға, адал еңбек етуге, табан ақы маңдай тер мен өсіп жетілуге, еңбексүйгішке баулыды. Шара аясында Мырзагелді Кемел туралы бейнефильм көрсетіліп, өзі дәріс оқыған оқу ғимараты алдына шырша отырғызылды және ағайын мен бауырларының, достары мен әріптестерінің, балалары мен немерелерінің  жазбалары қамтылған «Біз білетін Мырзекең» атты естеліктер кітабы  таратылды.

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий