Пандемия сабақтары: Білім берудегі цифрлы трансформацияның бүгіні мен болашағы
«Bilim Land» компаниясы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ және Елбасы академиясының ұйымдастыруымен өткен онлайн педагогикалық конференцияда пандемия жағдайында қашықтан оқыту режимінде өткен 2020-2021 оқу жылы қорытындыланды, – деп хабарлайды “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымы баспасөз қызметі.

Білім және ғылым Вице-министрі Шолпан Каринова кездесу басында барша оқушылар мен мұғалімдер пайдаланған білім беру платформаларын әзірлеуге қатысқандардың барлығына алғысын білдірді. «Bilim Land» компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы ұсынған статистика көрсеткендей, еліміздің ең мықты мамандарының көмегімен оқушылар мен мұғалімдердің білім беру процесіне барынша тартылуын қамтамасыз етуге қол жеткізілді – екі миллион оқушы оқу жылы ішінде Online Mektep платформасында оқудан өтті.
Мұнымен қоса, 315 миллион онлайн сабақ өткізілді, 100 миллионнан астам үй жұмыстары тексерілді, 2,5 миллиардқа жуық тапсырмалар мен жаттығулар орындалды. Осының бәрінің артында мұғалімдер мен мамандардың, соның ішінде NIS жүйесінің орасан зор еңбегі тұр. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Абдильдинаның айтуынша, жаңартылған білім беру мазмұнының стандарттары мен парадигмасына сәйкес әрбір пән бойынша екі тілде цифрлық контент әзірлеу, ең бастысы – оны оқушылар үшін де, педагогтар үшін де қолжетімді және қызықты ету міндеті қойылған.

Сонымен қатар, Жанар Нұрбапашқызы теориялық материалдар мен интерактивті тапсырмалармен қатар сабақтың компоненттері жайында баяндады. Әзірлеуде оқушыларды қолдау және жетістіктер мониторингін басты назарға ала отырып, функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға және зерттеу дағдыларын дамытуға көп көңіл бөлінген. Pearson компаниясының онлайн мектептерді дамыту жөніндегі жаһандық директоры Крис Колье конференцияға қатысушылармен қашықтан оқытуды ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісті:
– Бүгінде бүкіл әлем бойынша оқушылардың жалпы саны жүз мыңмен өлшенетін төрт онлайн мектеп белсенді жұмыс істейді. Алайда, 20 жыл бұрын біз АҚШ-тағы екі штаттан және жалпы саны үш жүз оқушыдан бастадық. Қазіргі уақытта біз Online Mektep-ке ұқсас жүйе бойынша жұмыс істейміз. Нәтижесінде, біздің оқушыларымыздың қорытынды тестілерінің нәтижелері ел бойынша орташа деңгейден асады, ата-аналардың қанағаттану рейтингі 95%-ды құрайды және Айви лигасының университеттеріне түсуге өтініш берген әрбір түлек шақырту алып отыр.

Жыл бойы Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мұғалімдер, соның ішінде Қызылорда қаласындағы NIS-тің биология мұғалімі Ербол Қайнарбаев білім беру онлайн сервистерін пайдалану тәжірибесімен бөлісті, ол Online Mektep платформасының арқасында өз сабақтары барысында теория мен практиканы сәтті біріктіре отырып, кәсіби дағдыларын жетілдіре алғанын атап өтті. «Bilim Land» компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы осы жобамен жұмыстану барысында педагогтармен қатар, өздерінің маман ретінде өскендерін атап өтті: – Бүгінде қол жеткізген нәтижелердің арқасында білім беру жүйесі ретінде ұстар теңдік пайда болды, ендігі мақсат – бұл теңдікті одан әрі жақсарта түсу.
