Жазғы универсиада: ҚАЗҰУ командасы волейболдан жеңіске жетті

Түркістанда ҚР жоғары оқу орындары арасында волейболдан өткен XI жазғы универсиада ойындары нәтижесінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ерлер командасы кезекті тамаша жеңісіне қол жеткізді, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев спортшыларды айқын жеңісімен құттықтады. Ректор университет құрама командасы мен оның бапкері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Журавлевтің ерен еңбегі мен жоғары кәсіби деңгейін атап өтіп, жастарға спорт пен оқуда жаңа табыстар тіледі. Универсиаданың спорт алаңдарындағы тартысты дода мамыр айының 12-і күні басталып, кеше өз мәресіне жетті. Жарысқа еліміздің 10 жоғары оқу орнының ең мықты командалары қатысып, бақ сынасты.

Қазылар алқасы шығарған қорытынды бойынша, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірінші орынды қанжығасына байлап, жеңімпаз атағын сақтап қалды. Ал екінші орынды Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті иеленсе, жүлделі үшінші орынға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті лайықты деп танылды.

Сондай-ақ Алматы мен Талдықорғандағы жоғары оқу орындарының алты командасы қатысқан қыздар арасындағы волейболдан турнир аяқталды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы І.Жансүгіров атындағы Талдықорған университетінің командасынан басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Спортшыларға сәттілік, күш-қуат пен зор сенім тілейміз!

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий