Сәден Нұртаев олимпиадасы: Батысқазақстандық оқушылар тарих пәні бойынша топ жарды
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында ұлағатты ұстаз, КСРО білім беру ісінің үздігі Сәден Нұртаев атындағы 9-10 сынып оқушылары арасында Қазақстан тарихы бойынша ZOOM платформасында онлайн режимде республикалық олимпиада ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Республикалық олимпиаданың мақсаты – оқушылардың Қазақстан тарихы пәніне деген интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін айқындау және дамыту, дарынды оқушыларды қолдау, олардың ғылыммен айналысуға деген ынтасын арттыру. Республикалық олимпиадаға Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Байқадамов Наурызбай Сейітқалиұлы, Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Қасымова Ақзира Бақтыбайқызы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Елеусінов Бауыржан Тәжімағанбетұлы, ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаевтың ағайын-туыстары, институт қызметкерлері және орта білім беру ұйымдарының 9-10 сынып оқушылары мен жетекшілері қатысты.
Республикалық олимпиадаға бағын сынау үшін Қызылорда облысы оқушыларымен қатар еліміздің басқа да өңірлерінен, атап айтқанда, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Батыс-Қазақстан, Қарағанды облыстары және Шымкент қаласынан үздік оқушылар қатысып, өз білімдерін ортаға салды. Олимпиаданың республикалық кезеңі екі тур бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы сынақта қатысушылар ZOOM платформасына қосылып, Google Форма арқылы жасалған тестке онлайн жауап берді. Тестке сілтеме платформа чаты арқылы жіберілді. Турдың қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған 9-сыныптан 8 (сегіз) және 10-сыныптан 8 (сегіз) қатысушы ақтық турға жолдама алды.

Келесі кезеңге жолдама алған қатысушылар ZOOM платформасына қосылып, Power Point бағдарламасында жасалған деңгейлік тапсырмаларға онлайн жауап беру арқылы ұпайлар жинап, ұпай қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған қатысушылар жеңімпаз және жүлдегер атанды. І, ІІ және ІІІ жүлделі орын алған жеңімпаздарды ұйымдастыру комитеті дипломдармен және қаржылай сыйақылармен марапаттады. Олимпиада қорытындысында 10 сынып оқушылар арасында: Батыс-Қазақстан облысы, С.Сейфуллин атындағы № 11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Суйеныш Назерке Ерболатқызы жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі бірінші орын алып, 100 000 теңге қаржылай сыйақы иеленді.
Ал 9 сынып оқушылары арасында Батыс-Қазақстан облысы, Орал қаласы С.Сейфуллин атындағы № 11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Мурзағали Аружан Райзоллақызы жүлделі екінші орын иегері атанып, 70 000 теңгелей қаржылай сыйақыға ие болды. Өңір намысын қорғаған шәкірттерімізді жеңістермін құттықтаймыз!!!
