Ұлттық ойындар арқылы балаларға рухани тәрбие беру
Ойын – адамның өмірдегі қадам басардағы алғашқы адымы. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай, ойын бала өмірінде ерекше орын алады. Ойынға шартты түрде мақсаттар қойылады, ал сол мақсатқа жету үшін балалар әр түрлі қиыншылықтардан өтеді. Ойын – балаларға ақыл-ой, адамгершілік және эстетикалық тәрбие берудің маңызды тетігі. Ойынды сабақта қолдану оқушының ой-өрісін жетілдірумен бірге, өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу құралы деп білген.

Жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімінің дамуына қазақтың ұлттық ойындарының алатын орны айрықша. Қазіргі заман талабына сай білім беру жүйесі өзінің басым бағдарын жеке тұлғаның рухани-адамгершілік тұрғыдан кемелденуіне назар аудара бастады. Қазақтың ұлттық ойындарын сабақта қолдану арқылы денені шынықтырып, қимылдың негізгі түрлерін де дамытады. Мысалы: арқан тартыс – ұйымшылдыққа, топтық жұмысқа, шымырлыққа, ептілікке баулиды. Арқан тартыс ойынының бір өзінде қаншама тәрбиелік мән жатыр. Дененің қимыл-қозғалысына ширатуда ешбір спорт түрінен кем түспейді.
Тоғызқұмалақ ойынының мәні – адамға үйлесімді тәрбие беру, кез келген жанның ақыл-ойын шыңдау, ми қызметін дамыту және қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру. Балаларды қазақ халқының ұлттық ойындарымен ойната отырып, жан-жақты тәрбиелейміз. “Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығының біздің жергілікті филиалында балаларды тек білім беріп, бос уақыттарын қызықты өткізуге арнап қана қоймай, балалардың жан-жақты дамуына көп көңіл бөлінеді. Ұлттық ойындар спорттық сауықтыру-танымдық маршруттары кезінде, қызығушылық үйірмелері уақытында ойналып, балалардың уақыттарын тиімді өткізуге септігін тигізеді.
Ұлттық ойын баланың дамып-жетілуіне, адамгершілік қасиеттерінің артуына, психикасына да тигізетін әсері мол. Ұлттық ойындар арқылы өз халқының тарихын, жерін, даму сатысын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін айқындап көруге болады. Балаларға ұлттық ойындарды үйрету арқылы әділдікке, достыққа, сыйластыққа, кішіпейілділікке тәрбиелей отырып, адамгершілік қасиеттері де қалыптастырылады. Басқа ойындар сияқты қазақтың ұлттық ойындар тәртібін бұлжытпай орындауы баланың ойын барысында тәртіп сақтауы, баланы осы кезден бастап тәртіпке, әділдікке, жинақылыққа баулиды, адал, қайырымды, өжет болуға тәрбиелейді.
Әділет МУХАМЕТҚАЛИЕВ,
“Балдәурен” республикалық оқу сауықтыру
орталығының спорт нұсқаушысы, Алматы
облысының Қапшағай қаласы